Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі

Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі

Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі проблемаларының өзектілігі жыл сайын артып келеді, өйткені азық-түлік шикізаты мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету адамдардың денсаулығын және гендік қорды сақтауды айқындайтын негізгі факторлардың бірі болып табылады. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі биологиялық объектілерді, қауіпті химиялық қосылыстарды, радионуклидтер мен зиянды өсімдік қоспаларын қамтитын гигиеналық нормативтер бойынша бағаланады. Олардың тамақ өнімдерінде болуы зерттелетін өнімнің көрсетілген көлемінде рұқсат етілген деңгейден аспауы тиіс. Көрсетілген қауіпсіздік көрсеткіштері өнімнің 11 тобы үшін белгіленген:

1. ет және ет өнімдері; құс, жұмыртқа және оларды қайта өңдеу өнімдері;

2. сүт және сүт өнімдері;

3. балық, балық өнімдері және олардан өндірілетін өнімдер;

4. астық, ұн-жарма және нан-тоқаш өнімдері,

5. қант және кондитерлік өнімдер;

 6. жеміс-көкөніс өнімдері;

7. майлы шикізат және майлы өнімдер;

8. сусындар;

9. басқа өнімдер;

10. тағамға биологиялық белсенді қоспалар;

11. балалар тағамы.

Азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігі мен тағамдық құндылығының көрсеткіштері санитариялық қағидалар, ГОСТ және басқа да өнімдердің нақты түрлеріне арналған қолданыстағы нормативтік құжаттармен белгіленген гигиеналық нормативтерге сәйкес болуы тиіс. Бұл ретте тамақ өнімдерінің қауіпсіздік және тамақ құндылығы талаптарына сәйкестігін өндірістік бақылауды дайындаушы кәсіпорындар жүзеге асыруы тиіс.

Қазақстан Республикасында халықаралық және отандық тәжірибені ескере отырып, экология, тамақтану, медициналық-биологиялық талаптар мен санитариялық сапа нормалары азық-түлік шикізаты мен тамақ өнімдерін ҚР «Тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігі туралы» Заңына сәйкес ұсынылады.

Азық-түлік тауарларының сапасын қалыптастырудың негізгі принциптерінің бірі олардың қауіпсіздігі болып табылады. Бұл кейінгі жылдары минералды тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғаудың химиялық құралдарын, жануарларға арналған жемдік қоспаларды бақылаусыз қолдануы-мен түсіндіріледі. Азық-түлік сапасына экологиялық жағдайдың нашарлауы, бақылаушы органдардың жұмысындағы үйлесімсіздік, нарыққа сапасыз импорттық азық-түлік ағыны әсер етеді.

Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік реттеу мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:

1. адам өмірі мен денсаулығы және қоршаған ортаны қорғау үшін тамақ өнімдері қауіпсіздігінің басымдығы;

2. адам денсаулығы мен қоршаған ортаға ықтимал зиянды әсердің алдын алу;

3. жүзеге асыратын іс-шаралардың ашықтығы;

4. ақпараттың жариялылығы, қолжетімділігі, дұрыстығы;

5. тәуекелдерді бағалаудың ғылыми негізділігін;

 6. тамақ өнімдерін әзірлеудің, өндірудің, айналымының, кәдеге жаратудың және жоюдың барлық процестерінде тамақ өнімдерінің қадағалануы;

7. тамақ өнімдерінің барлық сатыларында қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін субъектілердің жауапкершілігі.

 Мынадай көрсеткіштер бойынша Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін тамақ өнімдерін өндіру, айналымы және кәдеге жарату процестеріне жол берілмейді:

 1. сапасыздықтың айқын белгілері бар (бүліну, ыдырау, ластану);

2.радиологиялық, токсикологиялық, химиялық және микробиологиялық көрсеткіштер бөлігінде қойылатын талаптарға жауап бермейді;

3. оның қауіпсіздігін куәландыратын және оның шығу тегін растайтын құжаттары жоқ;

4. белгіленген жарамдылық мерзімі жоқ немесе жарамдылық мерзімі өткен;

5. Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында көзделген мәліметтері бар таңбалануы жоқ; 6. берілген ақпаратқа сәйкес келмейді.

Тамақ өнімдерін өлшеп орау, орау және таңбалау кезінде олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар:

1. Тамақ өнімдері тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнама талаптарына сәйкес айналым кезінде оның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәсілдермен өлшеніп оралуы және буып-түйілуі тиіс.

2. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамада айқындалған ақпараттан басқа, буып-түю материалдары мен бұйымдарының заттаңбаларында, қосымша парақтарында және жапсырмаларында тамақ өнімдерінің түрлері ескеріле отырып, тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы мәліметтер мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілуге тиіс: өнімнің тағамдық және биологиялық құндылығы; тағайындау және қолдану шарттары (арнайы мақсаттағы өнім үшін); тамақ өнімдерін дайындау тәсілдері мен шарттары (тамақ өнімдерінің концентраттары мен жартылай фабрикаттары үшін); сақтау шарттары және жарамдылық мерзімі, тамақ өнімдерін дайындау күні, құрамы, оның ішінде азықтық және азықтық қоспалардың, тамаққа биологиялық белсенді қоспалардың, генетикалық түрлендірілген объектілердің болуы және саны туралы.

 Тамақ өнімдерін сақтау және тасымалдау кезінде олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар:

 1. Заңнама талаптарына сәйкес болуы керек.

2. Арнайы жабдықталған үй-жайларда, құрылыстарда сақ-тауға жол беріледі.

3. Тасымалдау үшін арнайы және осындай мақсаттар үшін жабдықталған көлік құралдары пайдаланылады.

4. Сақтау және тасымалдау кезінде оның қауіпті қасиеттерге ие болуына әкеп соққан бұзушылыққа жол берілсе, ол өндіріс, айналым процестерінен алынады және тиісті сараптамаға жіберіледі, оның нәтижелері бойынша кәдеге жаратылады немесе жойылады.

Қауіпсіз тамақ таңдап, денсаулығымызға зиян келтірмейік! Ас- адамның арқауы екенін ұмытпайық!

А. САТЕКЕЕВА,
Арал аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы 
06 маусым 2023 ж. 1 014 0