Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Үнемі жалақыға дейін ақша жетпей қалса, не істеу керек?

Үнемі жалақыға дейін ақша жетпей қалса, не істеу керек?

Жалақыға бір апта қалғанда ақша бітіп қалады. Бұл көпшілікке таныс жағдай. Тіпті, жалақыңыз өссе де, бұл жағдай өзгермейді. Үнемі жалақыға дейін ақша жетпей қалса, не істеу керек?

Бұл жерде проблема жалақы мөлшерінде емес, сіз оны дұрыс үнемдеуді білмеуіңіз мүмкін. Кейде шығындарды азайтып, ақшаны бір айға бөлу үшін бірнеше қаржылық әдетті өзгерту жеткілікті.

Әртүрлі мақсатқа арналған екі карта ашыңыз

Мысалы, барлық ақшаңыздың есебін жүргізесіз және бюджетті жоспарлайсыз. Айдың басында жалақының көп бөлігін міндетті шығындарға, ал аз бөлігін, мысалы, 30%-ын хобби, кафе және басқа да нәрселерге арнайсыз.

Егер барлық ақша бір шотта жатса және барлық затты бір картамен төлесеңіз, хоббиге арналған шектен шығып кету оңай. Оны кеш түсінесіз де, ақшаңыздың қалай бітіп қалғанын байқамай қаласыз.

Сондықтан екі шот ашуға болады. Екінші шотты міндетті емес шығындарға арнаңыз. Жалақы түскен бойда сол шотқа оның 30%-ын аударып, міндетті емес шығындарға сол шоттан төлеңіз. Күнде шоттан тек жұмсауға болатын соманы көріп жүргендіктен, шығындарды көбейтпеуге тырысасыз. Ал азық-түлік, интернет, пәтер ақшасын негізгі шотта ұстап, сол картамен төлеңіз.

Міндетті емес шығындарға анализ жасаңыз

Келесі айдың басында қосымша шоттағы сатып алынған нәрселер тарихын қараңыз. Оны банк қосымшасынан қарау оңай. Сол тізімге қарап, қай затты бекер алғаныңызды, қай нәрсені аса қолданбағаныңызды ойлаңыз. Сондай-ақ шынымен қажет болған, сізді қатты қуантқан шығындарды да таңдаңыз. Осылайша, алдағы айларда не нәрсеге шығындалуға болатынын, ал қандай заттардан бас тарту керегін түсінесіз. Бұл тек сатып алынған заттарға қатысты емес, барған жерлеріңізді де осылай бағалаңыз.

Міндетті емес шығындарға бөліп төлеу қызметін қолданбаңыз

Кейде бөліп төлеу қызметі шынымен көмектеседі. Мысалы, кір жуғыш машина бұзылып қалды, оны жөндеу жаңасын сатып алғаннан гөрі арзанға шығады. Бірақ оны жөндетуге қолыңызда артық ақшаңыз жоқ. Осындай кезде бөліп төлеу қызметін пайдалануға болады.

Бірақ міндетті емес нәрсені сатып алу керек болса, бөліп төлеу мүмкіндігін пайдаланбаған жөн. Бұл келесі айлардағы шығындарыңызды көбейтеді: себебі несие төлеуге жалақыңыздың көп бөлігі кетіп қалады.

Бірдеңе сатып алмас бұрын бірнеше күн ойланыңыз

Әдетте, адамдар эмоцияға беріліп, аса қажет емес киімді немесе техниканы сатып алады. Бұл артық шығынға әкеледі. Сондықтан көңіл күйіңіз болмағанда немесе басқа да жағдайда бірдеңе көріп қалып, алғыңыз келіп кетсе, өзіңізге ойлануға бірнеше күн беріңіз. Әдетте, мұндай кезде адамдар келесі күні ол затты алғысы келмейтінін және оның аса қажет емес екенін түсінеді.

Әр ай сайын аздап болса да, ақша жинаңыз

Әдетте, қаржы мамандары ең болмағанда жалақының 10%-ын жинап отыруға кеңес береді. Егер бұл сіз үшін көп болса, одан аз бір сома бекітіңіз. Бастысы, әр ай сайын жинаққа қанша болса да ақша салып тұрыңыз.  

Ақша жұмсамайтын күндер ұйымдастырып тұрыңыз

Кей адамдарда күнде үйге келе жатып бірдеңе сатып алып келу әдетке айналып кеткен. Бұл артық шығындалуға әкеледі. Дүкенге кірсеңіз, қызығып кетіп, бірдеңе алмай шықпайсыз. Сондықтан өзіңізге ақша жұмсамайтын күндер ұйымдастырып тұрыңыз. Бұл күндері дүкенге кірмейсіз, ештеңе сатып алмайсыз.

Жалақы түскен күні немесе айдың басында қымбат нәрсе сатып алмаңыз

Көптен бері жоспарлап жүрген қымбат нәрсені көпшілік жалақы түскен бойда алуды жөн көреді. Сөйтіп, қалған ақшасын бір айға жеткізе алмай қалуы мүмкін. Содан соң келесі жалақы түскенге дейін ақшасыз жүреді.

Мұндай затты жалақы түскен кезде емес, келесі жалақы түсер кезде алған жөн. Алғыңыз келетін қымбат зат мысалы, 30 мың тұрады дерлік. Сол 30 мыңды картадан шығарып, конвертке салып қойыңыз. Қалған ақшаны бір айға жоспарлаңыз. Содан соң келесі жалақы түсетін кез жақындағанда сол конверттегі ақшаны пайдаланып, алғыңыз келген нәрсені сатып алыңыз. Егер бұл кезде конверттегі ақшаның шетінен жұмсап қойған болсаңыз, бюджетті дұрыс жоспарламағаныңызды көрсетуі мүмкін. Бұл арқылы шығындарыңызға анализ жасап, келесіде қалай әрекет ету керегін түсіне бастайсыз.

massaget.kz
22 қазан 2023 ж. 235 0