Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Боза баптау ұмытылып барады

Боза баптау ұмытылып барады

Ертеректе қазақ халқының той-томалағында дастарханнан түспейтін сусынның бірі боза болатын. Боза – әрі сусын, әрі тамақ, сондай-ақ бойды қыздыратын қуаты да бар. Бүгінде осы боза халық жадынан өшіп бара жатқандай. Себебі бозаны дайындау тәсілін мықты меңгерген апа-әжелеріміздің қатары сиреп барады. Оны кейбірі ұлттық сусындардың қатарына қосады, кейбірі тіпті алкогольдік сусын деп ойлайды.Сонымен, боза сусынының тарихына көз жүгіртіп, пайдасы туралы сөз сабақтасақ.
Боза – дәнді дақылдардан ашытып жасалатын ежелгі сусын. Бір тәулік бойы суға бөктіріліп қойылған дән жармасының сары суын төгіп тастағаннан кейін қалған тұнбаға белгілі мөлшерде май, су құйып, оттың табына жайлап қайнатып, ботқа жасайды. Оны суытып қойыпарпа, тары немесе басқа да дәнді дақылдың бір түрінен ашытқы дайындайды. Ол үшін дақылды қажетінше алып, үстіне ыстық су құйып, 3-4 сағат бөктіреді де, сүзіп алып, жылы жерге жайып қойса 3-4 күнде дәндері өнеді. Бірден кеуіп кетпес үшін үстін жауып тастайды. Өнгеннен кейін келіге салып түйеді. Осылайша дайын болған қоспаның үстіне суытылған қайнаған су құйып, жарты тәуліктей ашытып қояды. Содан соң дайын қоспадан ыдысқа керегінше салып, қайнаған салқын суға араластырып, сүзгіден өткізеді. Алынған сұйық сусын «боза» деп аталады. Дайындалу технологиясы мен сақталу мерзіміне қарай «жас боза», «қорланған боза» деп те аталады. Бозаның уытсыз, жай ашытқымен жасалған түрін «мақсым боза» дейді. Бұндай анықтама «Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында» берілген.
Ал тарих беттеріне үңілсек, XVI ғасырдың өзінде түріктер мұны ұлттық сусын ретінде ішкен екен. Кезінде Месопотамия мен Мысыр елінде оны әлсіз алкоголь ретінде пайдаланған. Оны ашыған наннан дайындаған. Ал Орта Азияда дәнді дақылдардан дайындаған.Осман империясы тұсында бозаның нағыз шарықтау дәуірі болды десе де болады. Оны жас та, жасамыс та тамсана ішті деген дереккөздер бар. Кейін сусынның өтімділігін өсіргісі келген саудагерлер бозаға аздап есірткі тектес зат қосқан көрінеді. Қызып алып айналасын қырып жібере жаздайтындардың қатары тым көбейіп бара жатқан соң 15 ғасырларда бозаны сатуға да, ішуге да қатаң тыйым салыныпты. Боза, сонымен бірге, Болгариядағы дәстүрлі сусындардың бірі болған. Тіпті 20 ғасырларда Болгарияның Радомир қаласы боза өндірісінің орталығы болып саналып, оны өндірушіге арнап ескерткіш те қойылған көрінеді. Қазір бұл жерде «боза фестивалі» өтіп тұрады. Осы тарихи деректердің барлығы боза қазақтың ұлттық сусыны емес, жай дәстүрлі сусындардың бірі екенін көрсетеді. Себебі мал бағып күнін көрген қазақтың ұлттық сусындарының басым бөлігі сүттен бастау алған.
Енді бозаның пайдасына тоқтала кетейік. Бозаның құрамы витаминдерге өте бай. Бірақ оны көп сақтауға келмейді. Дайын болғаннан кейін бір тәуліктен асырмай ішіп қою керек. Оның үстіне мұздай күйінде ішуге болмайды, оны жылытып барып ішу керек. Әрі ыстық жаз маусымында пайдалануға болмайды. Тек қыстың күндері ғана ішуге кеңес береді. Ежелгі түркі халықтары аса суық кезеңдерді жеңіл өткізуге көмектеседі деп ішкен. Тіпті сүзекті емдеуге септігі болған көрінеді. Дайын болғаннан кейін де оның ашу процесі тоқтамайды. Сондықтан оны тезірек ішіп қойған дұрыс.
Зертеушілердің болжамы бойынша бозаның адам ағзасына пайдасы зор көрінеді. Боза ашыған кезде лактоз қышқылы пайда болады. Ол ас қорытуға көп септігін тигізеді. Емізулі әйелдерге сүттің молаюына көмектеседі деп есептеледі. Осы өндірілген уыттағы Е витамині өте көп болады. Ол адамға күш-қуат беріп, ағзадағы ауруға қарсы тұратын иммунитетті арттырады. Қартаюдың алдын алатын да қасиеті бар. Дәруменге аса бай бозаның ағзадағы барлық органға әсер ететін емдік қасиеті күшті. Ағзадағы зат алмасуды күшейтеді. Сондай-ақ анемияға да таптырмас ем. Буын кеселдеріне, тұз жиналғанға, асқорыту мүшелеріне тигізер пайдасы мол. Кейбір ет алмайтын кісілер қоң жинау үшін де ішеді. Бозаның жоғарыда аталған емдік қасиетін дәрігерлер де мақұлдаған.
Ал қазақтар қоң жинату үшін оны сүзгеннен қалған қоймалжыңды соғымға байлаған малға берген. Осылай жақсы ет алады. Сондай-ақ бәйге аттарын баптауға да таптырмас олжа. Бозаның қалдығын жеген жылқы бәйгенің алдын бермейтін болады.
Қазірде бойына бар дәруменді жинаған осы бір сусынды сирек кездестіретін болдық. Оның орнын түрлі бояғыштар мен химикаттар қосылған ағзаны құртып жіберетін сусындар басып кеткендей. Ежелгі қазақ дастарханынан түспеген боза сусынын қайта қолға алып, үй жағдайында жасап көрсек әрі денсаулыққа пайдалы, әрі қаржыға да үнемді болар еді.

29 қазан 2023 ж. 279 0