Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Отбасы – басты құндылық

Отбасы – басты құндылық

Дана халқымыз ежелден-ақ «Отан отбасынан басталады» деп, қоғамдағы отбасының құндылығына ерекше назар аударып, отбасын адам баласының ең құнды қазынасына балаған. Расымен де, іргесі мықты ел қалыптастыру үшін әр шаңырақтың береке бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек.
Отбасын құрған екі адамның бір-біріне ғана емес, ұрпағы, ата—аналары және мемлекеттің алдында үлкен жауап¬кершілігі бар. Себебі, адамзат атаулының бәрінің бойындағы адамгершілік, имандылық, әдептілік, кішіпейілділік сынды көптеген қасиеттер осы жанұяда қалыптасады.
Отбасы іргетасының беріктігі - оның мүшелерінің өз міндеттерін біліп, өз межесінде орындауында жатыр. Өкінішке қарай, қоғамымызда осы жауапкершілікке жеңіл қарайтындар аз емес.
Ертеректе аталарымыз бен әжелеріміз жоқшылық пен тоқшылықты көрсе де, ажырасу туралы ойламаған. Себебі, қазақта ажырасу деген ұғым ешқашан болмаған. Текті қазақтың тәрбиесі оған жол бермеді.
Ал бүгінде қалай? Әркім өз қалауымен, сүйген адамына қосылуға толық еркіндік берілген қазіргі қоғамда ажырасушылар қатары жыл өткен сайын көбейген үстіне көбейіп, қалыпты дүние есебінде қарастырыла беретін болғандай. Бүгінде елімізде тіркелген әбір үшінші неке бұзылып жатырған көрінеді. Бұл адам жанын түршіктіретін, болашағымызды бұлыңғыр ететін дүние.
Соттарда қаралатын азаматтық істердің де басым көпшілігін осы неке бұзу істері және отбасылық қатынастардан туындайтын даулар құрайды. Статистикалық мәліметке сәйкес, Арал аудандық сотында 2022 жылы неке бұзу туралы 160 талап қою қаралса, соның 82 қанағаттандырылған, Ал, ағымдағы жылдың өткен кезеңінде 106 талап қою қаралып, 65 қанағаттандырылған.
Заң дауласушылардың ісін келісіммен аяқтауына түрлі татуластыру тетіктерін қарастырады. Сондықтан ажырасу ісін қараған судьяның міндеті ерлі-зайыптыларды ажырату емес, керісінше татуластырып, заңды некені сақтап қалуға негізделеді. Ашу-үстінде асығыс шешім қабылдамасы үшін заң аясында ойлануға мерзімде беріледі. Жүргізілген татуластыру шараларының нәтижесінде ерлі-зайыптылардың татуласып, табысып кететіндері де жоқ емес. Әйтсе де соған қарамастан отбасылық даулардың әулет үлкендерімен емес, сот арқылы шешілетіні өкінішті-ақ.
Ерлі-зайыптыны бір-бірінен бездіретін, ажырасудың ауылын сездіретін себептердің бірі-отбасылық кикілжің, ащы суға құмарлық және құмар ойын сынды әдеттер. Ал отбасылық кикілжіңнің соңы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен аяқталатыны да ащщы шындық.
Сондықтан бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында: «Бірақ, қалай десек те, отбасылық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарауға болмайды. Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Ал жапа шеккендер мүлдем қорғаусыз қалады. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын» деген болатын.
Осыған орай, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі № 227-Заңымен отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттерге жауапкершілік белгілейтін ӘҚБтК-нің 73-бабына өзгерістер еніп, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді.
Қалай десек те, отбасы бақыты ата-ананың сыйластығы мен татулығынан туындайды. Түн ұйқысын төрт бөліп, бесігін таянған анасының мейірім жылуын сезіп, асқар таудай әкесінің қамқорлығын көріп өскен баладан бақытты бала жоқ, сірә. Әкеден көрген өнеге мен анадан алған тәлім – баланың өмірлік бағдаршамы болмақ.
Әдетте, тату отбасы дегенде көпшіліктің көз алдына қайратты әке, мейірімді ана, жадыраған балалар келеді. Шынында да солай. Отбасының бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Тек жанұя мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі болса жетіп жатыр.
Арал аудандық сотының
судьясы Б.Керуенбаев.

26 қазан 2023 ж. 456 0