Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Газ таппадық, сабылдық...

Газ таппадық, сабылдық...

Сұйық отынның нарықтағы құны 2022 жылдың басынан бастап арзандатылып, қалыпты құны қалтаға қонымды болып келе жатқанына екі жылға таяды. Бұл нәтижелі көрсеткіш те оңай келген жоқ. «Газ 50» деп ұрандағанда батыстың жігіттері биліктің өзін титықтатты емес пе? Әйтсе де осы бір сәтті ұтымды пайдаланып кеткен бүлікшіл топтар еліміздің әр өңірінен бас көтеріп, арты мемлекеттік деңгейдегі төңкеріске дейін ұласқанын ешкім жоққа шығара қоймас. Бұған «Қасіретті қаңтар» деген атау тағылды.
Жә, негізгі айтпағымыз бұл емес еді. Солай қол жеткізген сұйық әрі арзан отынның тапшылығы тағы байқалып жатыр. Қазір осы Аралдың өзінде көлігіне құятын газ таппай сенделіп жүрген жүргізуші көп. Одан қалды бұл сұйық отынды арнайы балонға құйып алыс ауылдарға тасымалдайтын аралдықтар да бір келгенде газ ала алмай босқа сандалып қалып жатыр. Газдың тапшылығы алғаш аздап біліне бастағанда әр нүктені аңдып, қулығын асыратын айлакерлердің амалы қалмаған тәрізді. Өйткені газ құю бекеттерінде бұл күндері сағаттап кептеліс пайда болған.
Сағат түнгі 23.00 де белгіленген сұйық отын мөлшері тұтынушыға жол тартқанда жанталас басталады. Алайда кезегін күткен жұрт тезегін тастап та үлгере алмай жатыр. Босатылған сұйық отын сағатқа жетпей сарқылып, сол маңды торуылдаған тізгіншілердің бәріне бірдей жетпей қалып жатыр. Осылайша газ тапшылығы қазіргі таңда ауданның өзінде анық байқалды. Бұған ресми органдар не дер екен?!
Осыдан он күндей уақыт бұрын осы газ мәселесіне байланысты облыс тұрғындарына Қызылорда облыстық «Кәсіпкерлік және Өнеркәсіп басқармасы» әлеуметтік желі арқылы хабарландыру ұсыныпты. Бұл, әрине, халық арасындағы алаң көңілді басып, орын алып жатқан олқылықтардың нақты себебіне анықтама беру мақсатында жарияланған хабарландыру екеніне көз жеткіздік. Мәселен, Энергетика министрлігінің жеткізу жоспары бойынша Қызылорда облысына айына орташа есеппен 6-7 мың тоннаға жуық газ бөлініп келеді. Бұл көрсеткіш бүгінде 529 тоннаға қысқартылған. Оған себеп ағымдағы жылдың қазан айында «Қазгермұнай» БК» мекемесінде газ дайындау қондырғысында термиялық май жүйесін толық ауыстыру жұмыстарының жүргізіліп жатқандығы екен. Сондықтан газ желісі ұйымдары тұтынушыларға толық көлемде газ жеткізу мақсатында облыстың кейбір автогаз құю бекеттерінде талон арқылы және уақытша шектеумен сатуды орнатқан. Бұл аймақ бойынша орын алып тұрған жағдай.
Әрине бұл олқылық жуық арада қалыпқа келтірілу керек. Себебі ағымдағы жылдың қараша айына бекітілген сұйытылған мұнай газ көлемі қазан айынан 19%-ға артық бөлінген. Яғни, газ желісі ұйымдарының мәліметіне сәйкес қазіргі таңда орын алған шектеулер ағымдағы жылдың қараша айында қалпына келтірілмек. Мұндай шектеулердің соңы әдетте қымбатшылыққа келіп тіреліп, баға көтеру мәселесі астыртын жүзеге асырылатынын көпшілік жақсы біледі. Дейұрғанмен бұл мәселеге де алаңдауға негіз жоқ секілді. Яғни облыс аумағында сұйытылған мұнай газдың бөлшек саудада өткізілуі Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту Агенттігі төрағасының 2022 жылғы 5 шілдедегі №16 бұйрығына сәйкес Қызылорда облысының аумағындағы автогаз құю станцияларында автокөлікке жанармай құю үшін сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағаларына сәйкес әдеттегі бағамен сатыла бермек. Демек газ бағасықымбаттайды деп алаңдауға негіз жоқ.
Әдетте үлкендер көңілге жақпас пікір мен қисынсыз әрекеттерді көргенде «жаман ырым бастама» деп тыйып отырушы еді. Дәл қазіргі уақытта газ тапшылығын желеу етіп, түрлі ойға ерік беріп жатқан кей азаматтарға әліптің артын бағайық дегім келеді. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген халықпыз ғой. Барында білінбеген газ, жоғына да шыдай тұрайық. Көбі кетіп, азы қалды...
А. ҚАРАСАЙ
28 қазан 2023 ж. 256 0