Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Мен армандаған түс»

«Мен армандаған түс»

Балалық шақтың балдырған естелігі кімнің де болса есінен кетпек емес. Ата-анамнан, әжемнен естіген әңгімелер мен ертегілер әлі де санамда сайрайды. Бір қызығы, сол әңгімелер ішіндегі ең алғашқы менің жаныма батқан оқиға есімде ерекше сақталыпты. Мүмкін есейгенімнен бе немесе өзім қатарлы балалардың қиындығын естігеннен бе оқиға есіме түскен сайын көзіме жас толатын.
Бала кезімде туысқандық қатынасымыз алыстау әпкем мен жездем туралы көп еститінмін. Олардың көптен бері жақындарымен араласпай қалғандығын, кейінгі кезде той-томалаққа, құдайы астарға келіп жүргенін айтушы еді. Біздің отбасымыз да оларды жылы қабылдап, кейде қонақтыққа шақыратынбыз. Олардың егіз қозыдай қатар өскен екі баласы бар-етін. Бала кезімізде олармен де көп ойнайтынымыз есімде. Ауланың шаңын шығарып, бір-бірімізді қуалап өскен шағымызды қалай ұмытарсың?!
Үлкені – Әсем. Ол уақытта жасы 15-ке енді аяқ басып, бойжетіп келе жатқан кезі. Арман енді 13-ке толатын. Екеуінің бауырмалдығы мен достығын барлық туысқандар мен көршілер өз балаларына үлгі ететіндей еді. Өздері де соншалықты сүйкімді, тәрбиелі болатын. Арманның барлық еркелігіне Әсем әпкелік көңілмен қарайтын. Екеуінің араздасып, ойын үстінде болса да ұрысқанын әсте көрмеппін. Көрген жанның көзі тоярлықтай екі баланың жағдайы бұлай болатынына менің бала жүрегім де сенгісі келмеген.
Бірде әпкем мен жездем көрші кенттегі жолдастарының тойына бармақшы болып балаларын біздің үйге тастаған. «Достарымыз келді, бірге ойнаймыз» деп, бізде кешке дейін үйге кірмей ойынның қызығына батқанбыз.
Сол күні күн батып, кешкі ас ішілген соң әкемнің телефонына ең суық хабар жеткен болатын. Әсем мен Арманның ата-анасы қайтып келе жатқан жолда жол апатына түскен екен. «Қазір ауруханаға апара жатырмыз» деген дәрігердің сөзін естіп, әкем де дереу сонда бет алған. Араға бірнеше күн салып, ауыр жарақаттардың кесірінен олар мәңгілік мекеніне аттанған. Ал ауруханада, ата-анасының жанында қалған Әсем мен Арманды дәрігерлер балалар үйіне орналастырыпты.
Бастапқы кезде ата-анам қалаға жиі барып, жағдайларын біліп тұратын. Кейінгі кездері үйдің тірлігі мен жұмыстан қол босамағандықтан сиреткен. Енді бір туысқандарымыз барғанда «есейген балаларды қамқорлыққа алатын жандар аз екен. Оның үстіне оларда бір-бірінен айырылғысы келмейді. Бір отбасына барғысы келеді» деп айтушы еді. Олардың жағдайларын естігенде кімнің де болса жүрегі елжіреп, көзіне жас алып, ата-анасын, сол бір ұйыған отбасыны сағынатын.
Ұмытпасам, араға 1 жылға жуық уақыт салғаннан кейін болу керек, қалаға қыдырып барғанымда Әсем мен Арманға арнайылап соққан болатынбыз. Ол кезде олар бізге қарағанда біршама есейіп, ересек балаларға көбірек ұқсайтын. Іштегі апайлардың айтуымен Әсеммен біршама уақыт оңаша сөйлескенім есімде. Бұрынғы кезді еске алып бір күліп те, бір жылап та алдық. Сол кезде Арманның түнде дұрыс ұйықтай алмайтынын, психологиялық жағдайы дұрыс емес екендігін естігенмін. Барлық терминдерді түсінбесем де Әсемнің оған жанашырлығын көріп сүйсінгем.
Арада бірнеше ай өткенде оларды бір отбасы асырап алуға тырысып жатқаны туралы хабар келді. Отбасылы болғандарына 10 жылдан асқан жұп екен. Балалы бола алмай біраз жердің табалдырығын тоздырыпты. Еш нәтиже болмаған соң, бала асырап алуға ниеттеніпті. Әсем мен Арманға бірден көздері түссе керек. Олардың бауыр екендігіне де, бірге екі баланы асырау керек екендігіне, Арманның жағдайына да қарамапты. Олардың жүздерінен жылулықты көріп, үйренісе алатындарына, мінездеріне қарап бауыр басатындығына сенсе керек.
Бастапқы кезде Әсемнің қорыққаны өтірік емес. Себебі көп отбасы асырауға ниеттеніп алғанымен, кейін бір апта көлемінде Арманның мінезіне шыдай алмай қайта әкеліп тастайды екен. Оның түнде шошып оянып, жылайтындығы көп отбасына жақпаса керек. Әсем оны қанша тыныштандарғанымен оның да көмегі уақыт өте келе азайған еді.
Бұл отбасында ондай қиындық туындамады. Жаңа ата-анасы да түнде Арманның жанында болады екен. Ол өз-өзіне келгенше ұйықтамай, жағдайына түсіністікпен қарайды дейді. «Есейген шақта қос қанатынан айырылу кімге де болса оңай емесі анық. Бізде толыққанды отбасы болуға көп тырыстық. Сендердің жағдайларыңды түсініп, барынша қолдау көрсетуге әзірміз» деп, қамқорлық танытыпты. Әсем оған сонша қуанғанын кейін айтқан.
Осылайша күндер өте берді. Бірде Арманның ыстығы көтеріліп қатты ауырған. Түнде шошып оянған ол тоқтамастан жылап, әпкесінің де, ата-анасының да зәресін алған болатын. Сонда өксігін баса алмай отырып: «мен бұл сәттерді қанша армандадым ғой. Бақытты отбасы болуды өңімде болмаса да, ең аз дегенде түсімде көрейінші деп тіледім. Бұл өмір – мен армандаған түс» деп айтқан.
Иә, өмірдің өзгеруі бір-ақ сәтте. Барымызды бағалауды, қолымызда бар алтынның қадірін түсімізге айналмай тұрғанда білуді кейде кеш түсініп жататынымыз не үшін екен?!
Г. САҚТАПОВА
31 қазан 2023 ж. 236 0