Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Сәби болғым келеді...

Сәби болғым келеді...

Асыр сап ойнап, ауылдың шаңын көкке көтере жүгірген күндерді сағынады екенсің. Уайымсыз шақ, бақытты балдәурен кезең. Қандай бақыт десеңші?! Ақиық ақын М.Мақатаевтың «Сәби болғым келеді» әнін тыңдағанда «бала болғанның несі жақсы, тезірек өссек екен» деуші едік. Олай емес екен. Бүгінде сол кезді сағынып, бала күнгі достар бас қосқанда өткенге ойша саяхат жасап, ескі естеліктерді әңгіме етеміз. Әлі де сол. Әлдебір себептермен басымыз қауыша қалса, арқа-жарқа әңгіме, сағынышқа толы балалық шақ бас тақырыпқа айнала кетеді. Соған қарағанда сымнан көлік жасап, құрдан доңғалақ әзірлейтін кешегі буынның естелігі мол сияқты. Бүгін ше? Қазіргі баланың сәби күні қалай өтіп жатыр? Ойланып көрдіңіз бе? – Мына қоғам қазіргі жас буынның санасын улап болды-ау. Әлгі телефонның үлкені пайда болғалы балаларымыз бала болып ойнаудан қалды. Бұрын бізді таң атса болды ата-анамыз үйге кіргізе алмай әлек болушы еді, бүгінде балаларымызды үйден шығара алмай әлекпіз. Мектеп жасындағы баланың ойынқұмар болуы табиғаттың заңдылығы емес пе?! Сол заңдылық бүгінде көзден бұлбұл ұшты. Балаларымыз телефонның ішіндегілерге әуес болып кетті. Оның ішінен не көріп, не қойып жатқаны бізге белгісіз. Физикалық тұрғыдан қимылдап өспеген баланың бойында қайдан күш-қуат болсын. Бастарын жерге салбыратып, қаралай жерге кіріп бара жатқандар кілең, – деп кіжінді бір көкеміз. Мұндай сөзді айтуға не себеп болғанын білмедім. Бірақ ішінен шыққан шері сол маңдағы көпке ой салғаны анық.
Шындығында біздің өзіміз бала күнімізде ғаламторсыз да ғаламат шақты басымыздан өткізіп едік. Сол кездер есейсек те есімізден кетпейді. Ойын баласы болдық. Қол-аяғымыз жарылып, жалаң аяқ, жалаң бас талай мәрте ауыл көшелерінің шаңын бұрқыраттық. Үйдегілер тұрмақ, көшедегілер жұмсаса да жүгіріп кете беруші едік. Ата-анамыздың тілін алып өстік. Алайда, кеш қарайғанда аналарымыз үйге кіргізе алмай бәйек болып жүретіні рас. Ол кезде ойнап жатқан ойынымызды қимайтын едік. Оның үстіне достарымыз бар. Солай өссек те ештеңеден құр қалған жоқпыз. Заманауи өнімді де бір кісідей қажетімізге қолданып жүрміз. Несін жасырайық, біз бала күнімізде асық, ләңгі, ақсүйек, қалау-қалау сынды ойындарды көп ойнадық. Шаршағанымызды білмей ертелі-кеш сол ойындардың соңында жүре беруші едік. Ал ала доп десе делебеміз қозып, қара терге малына жүріп ойын ойнайтынбыз. Кейде сол бір балалық шағымызды аңсап кетеміз. Ал әлгі кісі айтпақшы, бүгінгі жас буынға жанымыз ашитындай-ақ. Олардың өмірі ғаламторға телмірумен өтіп жатыр. Күнделікті өмірдің ағымынан бейхабар жасөспірімдердің бүгінде өзіндік әлемі өзгеріп кеткен бе деп қаласың. Сырттай бақыласаң жынынан айырылған бақсы тәрізді. Көгілдір қорапшаға үңіліп отырып езу тартады, енді бірде қабақ шытады. Кейде мән беріп қарасаң өзімен-өзі кемсеңдеп күледі. Бала бойынан осындай өзгерістерді көріп, кейде оларды түсіне алмай жататынымыз жасырын емес. Заман ағымы солай болғандықтан біз бүгінгі балаларды бірыңғай кінәлай беруіміз де орынсыз шығар. Басқа жағынан ойлап қарайтын болсақ, қазіргі баланың ғаламторға телміруіне ата-ананың да дұрыс бақылау жасамайтындығы сеп болмай ма?! Біз бір жағынан осыны да ойлап көргеніміз жөн шығар.
Расында қазіргі уақытта сериал көретін ата-аналар қатары артып барады. Ертелі-кеш жұмыста жүріп, кешкілік уақытта теледидардың алдына телміре кететін әке мен ананың бала тәрбиесіне деген салғырттығы жас буынға теріс әсер етіп жатқаны сөзсіз. Еркіне қалған бала әлбетте ғаламторға телміре кетеді. Ол сөзсіз. Ал оның бүгінгі жағдайы сіз бен бізге айтпаса да түсінікті шығар. Салдарынан бүгінгі жас буынның физикалық тұрғыдан өсіп-жетілуі де кейбір ата-аналарды ойландырады. Мәселен, сөз басындағы әлгі ағамыздың айтып өткені. Оның «Балалар далаға шығып ойнауды қойды», деп шырылдауы әсте тегін емес. Бұл ретте барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Ғаламторсыз ауылдағы балалар әлі күнге далада ойнайды. Үйдің жұмысына шамасы келгенше атсалысып, қалған уақытын қызық қуып өткізетін қарадомалақтар көп-ақ. Бұл ретте біз қала балаларының бүгінгі қылығына қынжылыс білдірудеміз. Олар үшін балалық шақтың бал қызық сәттері үйдегі компьютер алдында отыру мен қалта телефонына үңілумен ғана өтіп жатыр. Олар үшін қыстың көзі қырауда далада тоңып-шашырап ойнауға қарағанда, үйде отырып ойын ойнаған немесе әлеуметтік желімен айналысқан артығырақ. Аптап ыстықта екібастан есік алдына шығуға өзі де ерініп тұрады. Бұл қала балаларының қазіргі өмірі жайлы аз-кем көргеніміз ғана. Міне, осындай кертартпалық пен жан тыныштықтың арқасында ешбір жұмысқа жарамсыз, айтқаныңды лайықты орындай алмайтын немесе оған шамасы жетпейтін жасөспірімдер өсіп келе жатыр. Қазіргі ата-аналарды осындай балалардың өмірі ойландыруы керек тәрізді.
Иә, балалық шақ жұмыр басты пенденің жарық дүние есігін ашқанда басынан өткеретін бір сәттік бақыт қана. Оны уақытында лайықты өткізгендер бүгінде балалық кезеңдеріндегі қызықтарды жиі еске алып отырады. Мен де сол балалық шақты қызықты өткізгендіктен басымнан өткізгенді еске алып отырмын. Ал сіз ше?! Өзіңіздің немесе қазіргі балаңыздың балалық шақтарын қызыққа бөлей алып жүрсіз бе?! Солай болғанын қаласаңыз әлі де кеш емес.
А. ҚАРАСАЙ
17 мамыр 2023 ж. 501 0