Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Далабезер бала аз, үйкүшік бала көп неге?

Далабезер бала аз, үйкүшік бала көп неге?

Атаның сенбі күні болатын. Орталыққа түсер жолдың бойында егде тартқан кісі көлік тоқтатып тұр екен. Жанына тоқтап, жөн сұрадым.
– Балам-ай, бұл маңда дәріхана барма?– деді.
– Ассалаумағалейкум! Орталыққа бармасаңыз, жақын маңайдан дәріхана таппайсыз,– дедім мен. Жанымда сәл кідірді де:
– Мына қоғам қазіргі жас буынның санасын улап болды-ау. Әлгі телефонның үлкені пайда болғалы балаларымыз бала болып ойнаудан қалды. Бұрын біздерді таң атса болды ата-анамыз үйге кіргізе алмай әлек болушы еді, бүгінде балаларымызды үйден шығара алмай әлекпіз, – деді күрсініп.
– Дұрыс айтасыз, аға, өмірімізге сандық технология енгелі бері қоғамдағы құндылықтардың орны ауысып жатыр. Әсіресе жас балалардың балалық тәтті кезеңі бекерге өтіп барады, – дедім.
– Несін айтасың балам, мектеп жасындағы баланың ойынқұмар болуы табиғаттың заңдылығы емес пе еді?! Сол заңдылық бүгінде көзден бұлбұл ұшты. Балаларымыз телефонның ішіндегілерге әуес болып кетті. Оның ішінен не көріп, не қойып жатқаны бізге белгісіз. Физикалық тұрғыдан қимылдап өспеген баланың бойында қайдан күш-қуат болсын. Бастарын жерге салбыратып, қаралай жерге кіріп бара жатқандар кілең. Немерем бар еді. Өзі туғаннан әлжуаз еді. Осы телефонға әуес болғалы тіптен әлсіз болып кетті. Қажетті дәріме жұмсай қойып едім, түрлі сылтауын айтып қоя берді. Амал жоқ, өзім алмасам болмайды, – деп ауыр күрсінді. Не айтарымды білмей, үнсіз қалдым. Солай тұрғанда бір такси келіп тоқтай қалды. Мен отырдым да жөніме кеттім.
Шындығында біздің өзіміз бала күнімізде ғаламторсыз да ғаламат шақты басымыздан өткізіп едік. Сол кездер есейсек те есімізден кетпейді. Ойын баласы болдық. Қол-аяғымыз жарылып, жалаң аяқ, жалаң бас талай мәрте ауыл көшелерінің шаңын бұрқыраттық. Солай жүрсек те үйдегілер тұрмақ, көшедегілер жұмсаса да жүгіріп кете беруші едік. Ата-анамыздың тілін алып өстік. Алайда, кеш қарайғанда аналарымыз үйге кіргізе алмай бәйек болып жүретінін есейе келе сезініп жатырмыз. Ол кезде ойнап жатқан ойынымызды қимайтын едік. Оның үстіне достарымыз бар. Солай өссек те ештеңеден құр қалған жоқпыз. Заманауи өнімді де бір кісідей қажетімізге қолданып жүрміз. Ал әлгі қарт кісі айтпақшы, бүгінгі жас буынға жанымыз ашитындай-ақ.
Қазіргі көп балалардың өмірі ғаламторға телмірумен өтіп жатыр. Күнделікті өмірдің ағымынан бейхабар жасөспірімдердің бүгінде өзіндік әлемі өзгеріп кеткен бе деп қаласың. Сырттай бақыласаң жыннан айырылған бақсы тәрізді. Көгілдір қорапшаға үңіліп отырып езу тартады, енді бірде қабақ шытады. Кейде мән беріп қарасаң, өзімен-өзі кемсеңдеп күледі. Бала бойынан осындай өзгерістерді көріп, кейде оларды түсіне алмай жататынымыз жасырын емес.
Бүгінгі жас буынның физикалық тұрғыдан өсіп-жетілуі де кейбір ата-аналарды ойландырады. Мәселен, сөз басындағы әлгі қарттың айтып өткені. Оның «Балалар далаға шығып ойнауды қойды» деп шырылдауы әсте тегін емес. Бұл ретте барлығына бірдей топырақ шашудан аулақпыз. Ғаламторсыз ауылдағы балалар әлі күнге далада ойнайды. Үйдің жұмысына шамасы келгенше атсалысып, қалған уақытын қызық қуып өткізетін қарадомалақтар көп-ақ. Бұл ретте біз қала балаларының бүгінгі қылығына қынжылыс білдірудеміз. Олар үшін балалық шақтың бал қызық сәттері үйдегі компьютер алдында отыру мен қалта телефонына үңілумен ғана өтіп жатыр. Олар үшін қыстың көзі қырауда далада тоңып-шашырап ойнауға қарағанда, үйде отырып ойын ойнаған немесе әлеуметтік желімен айналысқан артығырақ. Аптап ыстықта екібастан есік алдына шығуға өзі де ерініп тұрады. Бұл қала балаларының қазіргі өмірі жайлы аз-кем көргеніміз ғана. Міне, осындай кертартпалық пен жан тыныштықтың арқасында ешбір жұмысқа жарамсыз, айтқаныңды лайықты орындай алмайтын немесе оған шамасы жетпейтін жасөспірімдер өсіп келе жатыр. Қазіргі ата-аналарды осылардың өмірі ойландыратын тәрізді.
Иә, балалық шақ жұмыр басты пенденің жарық дүние есігін ашқанда басынан өткеретін бір сәттік бақыт қана. Оны уақытында лайықты өткізгендер бүгінде балалық кезеңдеріндегі қызықтарды жиі еске алып отырады. Мәселен, мен де сол балалық шақты қызықты өткізгендіктен басымнан өткізгенді еске алып отырмын. Ал сіз ше?! Өзіңіздің немесе қазіргі балаңыздың жар салып айтып жүрер балалық шақтарын қызыққа бөлей алып жүрсіз бе?! Солай болғанын қаласаңыз, әлі де кеш емес.
А. ҚАРАСАЙ
12 ақпан 2023 ж. 291 0