Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Костенко шахтасындағы апат: Жер астынан соңғы кеншінің мәйіті табылды

Костенко шахтасындағы апат: Жер астынан соңғы кеншінің мәйіті табылды

Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов кеншілерді іздестіру жұмыстары бойынша жаңа мәліметтерді айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Оның айтуынша, бүгінге дейін іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің мәйіті, болжамалы түрде 46 марқұмның мәйіті табылды. Қаза болған 40 адамның жеке басы анықталды, қалған алтауын анықтау үшін қажетті сараптамалар жүргізіледі.

Шахта жұмысын қалпына келтіру үшін кен қазбаларын тексеру және жекелеген учаскелерде суды сору жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Апаттың себептерін анықтау үшін мен және Үкімет комиссиясының мүшелері шахтаға түстік. Біз өте көп бұзушылықты анықтадық. 15-тен астам оқшаулағыш көпір қираған. Желдету құрылымдары жарамсыз», деді министр.

Қазіргі таңда жеті шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Істі тергеуге Қазақстанның және алыс-жақын шетелдердің сарапшы ұйымдары да тартылды.

Естеріңізге сала кетейік, 28 қазан күні сағат 02:33-те Қарағанды облысындағы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі Костенко шахтасында жарылыс болды. Апат кезінде шахтада 252 адам болған, 205 кенші жер бетіне шығарылған.

Бас прокуратура Костенко атындағы шахтадағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Болжам бойынша, лавада газ метанының жарылысы болған.

Мемлекет басшысы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды.

Қазір «АрселорМиттал Теміртау» АҚ қарасты 8 шахтаның жұмысы тоқтатылды.
31 қазан 2023 ж. 228 0