Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жер астындағы жарылыс немесе Митталдағы мазасыздық

Жер астындағы жарылыс немесе Митталдағы мазасыздық

Жер астынан кен іздеп, жүздеген, тіпті мыңдаған метр тереңдікке түстен кеншілердің қауіпті қызметтері мен қауіпсіздігі турасында бұған дейін де талай мәрте айтылып келген-ді. Алайда үлкен қазанның үлкен мәселесі жабулы күйінде қалып, елдің назарын аударатын әлдебір жағдаяттардың салдарынан қазақтың кеншілері көңілден алыс, көзден таса күйде қалып келді. Біз бұл мәселені неге қозғап отырмыз? Осыдан бірер күн бұрын, яғни 28 қазанда Қарағанды облысындағы «Костенко» атындағы шахтада жойқын жарылыс болып, салдарынан 46 кенші қаза тапты. Күні кеше соңғы кеншінің денесі жер бетіне шығарылғаны айтылды ақпарат көздерінде.
«АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасындағы апат салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 29 Қазан– Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.
Қиын жағдай. Жалдамалы жұмысқа жан бағып, үрей мен үміттің ортасында күн кешкен жандардың айдың күннің аманында жер жастанғаны еліміз үшін үлкен трагедияға айналды. Әрине апат болған уақытта 11 адамның өлгені белгілі болған еді, алайда жағдай күрделеніп, статистика сағат сайын артады деп ешкім күтпеген-ді. Оқиға болған аймаққа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барып, апат салдарынан қаза тапқан және зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтты. Сондай-ақ «АрселорМиттал» компаниясындағы апатқа кінәлілердің барлығы жауапқа тартылатындығын айтып, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін жеткізді. Және де Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасындағы апаттың себептерін тергеу және оның салдарын жою жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылды.
Оның құрамына Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов, ішкі істер министрі Ержан Сәденов, денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, құқық қорғау органдарының, Қарағанды облысы әкімдігінің, еңбек инспекциясының, «Қорғау» көмір өндірушілер кәсіподағының өкілдері кірді.
Шахтадағы өрттің салдарынан топтық жазатайым жағдайдың себептеріне жан-жақты тергеу жүргізіледі. Сонымен қатар келтірілген залалды бағалау, зардап шеккендерге және қаза тапқандардың отбасыларына алғашқы көмек көрсету жөнінде шаралар қабылданады.
Жалпы, әрбір жағдайдан сабақ алатын Үкімет бұл жолы жауапты компанияға қандай шара қолданар екен. Алда «Арселор Миттал» компаниясын қандай өзгерістер күтіп тұр? Аталмыш кәсіпорын туралы не білеміз? деген сұрақтар қоғам талқысына түскені белгілі. Бұл жайында негізі әлі талай былықтың шеті шығып жатыр. Бір анығы аты шықса да айылын жимайтын алпауыт мекеменің әлемнің 60 еліндеөкілдігі бар екен. Компанияның Қазақстаннан бөлек Алжир, Босния және Герцеговина, Бразилия, Либерия, Мексика, Украина және АҚШ және тағы басқа елдерде кен өндіретін зауыттары бар.«Арселор Миттал» компаниясының бұған дейінгі иесі Лакшми Миттал Қазақстандағы бизнесін 90 жылдардың ортасында бастаған. 73 жастағы кәсіпкер 15 жыл бұрын Forbes журналының дерегінше әлемдегі ең бай азаматтардың бестігіне кірген. Басынан бәле арылмаған Лакшмиге ендігі жерде сенім артыла қоймас. Мұны Президент те айтты. Сол сәтте алпауыт компанияның қожайынына деген күдіктің арта түскені соншалық, Президент қаза тапқан кеншілердің туыстарымен кездесуінде-ақ Вадим Басин «АрселорМиттал Теміртау» АҚ бас директорының міндетін атқарушы болып тағайындалғанын жеткізді.
– Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Ол бір кездері «АрселорМитталда» жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан шахталарында 12 ірі апат болыпты. Салдарынан көз жұмған азаматтар саны 200-ге жуықтайды. Жойқын апаттар, әсіресе «Арселор Миттал Теміртау» компаниясына қарасты Шахтинск, Ленин, Абай атындағы кеніштерде болған. Күні кешегідей көптеген жанның өмірін жалмаған жойқын жарылыс осыдан 17 жыл бұрын, яғни 2006 жылы «Ленин» кенішінде орын алған. Ондағы апат салдарынан 41 адамның өмірі қиылған.
Иә, апат айтып келмейд. Бұл жағдайдан соң үкіметке келтірілген шығынның орны толар. Жауыптылар анықталып тиісті жазасын алар. Ал осы жағдайдан өмірі қиылған азаматтардың орнын кім толтыра алар? Ол мүкін емес. Ендігі қолдан келері зардап шеккендер мен қаза тапқан кеншілердің отбасыларына Үкімет тарапынан жан-жақты қолдау көрсету ғана. Бүгінде аталған жағдайға байланысты «АрселорМиттал Теміртау» АҚ жұмысшыларының отбасы мүшелеріне көрсетілетін көмек түрлері де белгілі болды. Нақтысы компания қаражаты есебінен отбасыларға баспана сатып алу, моральдық зиян үшін 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем тағайындау, асырауында болған балаларға 18 жасқа толғанға дейін ай сайынғы сақтандыру төлемі (ЖОО студенті болса, 23 жасқа дейін), Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жалақысына байланысты ай сайынғы төлем, қамқорлықтағы адамдардың санына байланысты асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы және жұмыс берушінің қаражаты есебінен отбасылардың несиелерін өтеу сынды көмектер қарастырылған. Әрине, мұндай мүмкіндік сәл де болса жабырқау көңілге медеу болар. Бірақ азаматтардың орны толмас. Лайым елімізді тосынан келетін апаттар мен қауіп-қатерлерден сақтасын!
А.БИСЕНОВ
31 қазан 2023 ж. 329 0