Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қалдықтан көркем дүние дайындаған

Қалдықтан көркем дүние дайындаған

Қазіргі таңдағы жаһандық проблемалардың бірі – экология. Адамдар өздері қолдан жасаған әрекеттерінен жалпы қоғам болып зардап шегуде. Ол мәселенің алдын алудың бірден-бір жолы – қалдықтарды қайта өңдеу. Заман дамыған сайын бұл жұмыстар қолға алынып, түрлі инновациялық технологиялар мен арнайы аппараттар пайдаланылуда. Жалпы, кез келген заттарды кәдеге жарату, яғни олардан екінші бұйым жасау адамзат үшін қиын емес.Өйткені біздің заманымызға дейін де темірден түйін түйген қолөнершілердің болғаны белгілі. Бүгінде мұндай өнердің мүмкіндіктері де артып келеді.
Қалдықтарды қайта өңдеу туралы сөз болғанда ауданымызда осы бастаманы қолдаушылардың бірі – Зина Ерболатқызы Елеусізова туралы айтпай кеткеніміз болмас. Ол кісі инновациялық технологиясыз-ақ тұрмыстық қалдықтарды пайдаға жаратуға болатынын дәлелдеп жүрген жанның бірі. Қызылорда облысы, Арал ауданы №260 орта мектебіндегі жарамсыз заттардан жасалған бұйымдар осы сөзіме дәлел. Бір қарағанда өндіріс орнында арнайы дайындалған тұрмыстық бұйым дерсіз. Алайда бұл заттардың барлығы – қарапайым технология пәні мұғалімінің қиялынан туған дүниелер.
Зина Ерболатқызы Елеусізова саналы ғұмырын білім саласына арнаған жан. Арал қаласындағы №260 орта мектебінде 40 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан Зина Ерболатқызы 5-9-сыныптарға технологиядан,10,11-сыныптарға «Кәсіпкерлік негіздері» пәнінен сабақ береді. Алпысты алқымдаған ұстаз биыл зейнетке шығады. Айтуынша, тұрмыстық қалдықты кәдеге жаратып, жоқтан бар жасау – студент кезінен қалыптасқан қасиет. Он саусағынан өнер тамған мұғалімнің бар арманы оқушыларға сапалы білім беріп, еңбекке баулу. Ол білім алушыларға қалдық заттарға екінші өмір сыйлауды үйретеді. Пластик бөтелкелердің қақпақтарынан панно, бөтелкелерден пальма, жұмсақ орындық, гүлдер, пакеттерден бантик, т.б. заттар жасап, көздің жауын алатын бұйымдарды көпшіліктің назарына ұсынады. Әдемі бұйымға қарап, оны қалдықтан құрастырылған демейсіз.
Ұстаз жастардың болашақта өмір жолына қажетті түрлі істерді үйретуден әсте шаршаған емес. Соның дәлелі, Зина Ерболатқызы жоғары сынып оқушыларына бизнес жоспарды дұрыс жазуды, жобаларды дұрыс таңдап, талдау жасауды үйретеді. Бұл жастарға мемлекеттік бағдарламалар мен бизнес жобалардан грант жеңіп алуға көмектеседі. «Тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы» дегендей, оқушылардың тәрбие істеріне де ерекше мән беріп, өз баласындай қарайды.
Жоқтан бар жасап, ескі заттарға екінші өмір сыйлайтын Аралдық ұстаздың ісі,расында, көпке ой салады. Ал Зина апайдың мақсаты – өзінің білген-түйгенін жастарға үйретіп, тұрғылықты жерде қалдықсыз, таза экологиялық орта қалыптастыру.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Ұрпаққа тәрбие берумен қатар қоғамдық мәселеге өз үлесін қосу – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сондықтан ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
А. САҚТАПОВА
31 қазан 2023 ж. 395 0