Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қызылордада

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қызылордада

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Акмарал Альназарова мен қала әкімі Ғанибек Қазантаев тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу полигоны мен модульді жұқпалы аурулар стационарының жұмысына барды.
Алдымен қала іргесіндегі яғни, Белкөл кенті аумағында орналасқан жалпы жер көлемі 20 га құрайтын ескі тұрмыстық қатты қалдықтарды жинайтын полигонға барды. Бүгінде ескі қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны қоршалмаған, санитарлық-экологиялық талаптарға сәйкес келмейді және қалдықтарды сұрыптау кешенімен жабдықталмаған. Арнайы қоршау болмауына байланысты ескі полигон аумағына бөгде адамдардың кіріп, түрлі металл қалдықтарын қазып соңынан өртеп кетуінен полигонда өртену оқиғалары жиі орын алады.
- Алдағы уақытта ескі полигон аумағына арнайы қоршау жүргізілуі және ескі полигон ауданының 20 гектар жеріне көму, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуі қажет. Осы жұмыстар толық атқарылған жағдайда ескі қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының қоршаған ортаға және адам денсаулығына тигізетін кері әсерлері толық жойылады. Полигон аумағындағы жинақталған тұрмыстық қатты қалдықтарды рекультивациялау мақсатында жоба-сметалық құжаттарын әзірлеу яғни қажетті қаражатты анықтау үшін тиісті есептеме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл аймақты толығымен залалсыздандырып, қалыпты жағдайға келтіру үшін республикалық бюджеттен қаржы бөліну қажет, - деді қала әкімі Ғанибек Қазантаев.
Осы орайда Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова қала тұрғындарына экологиялық зиян келтірмеу үшін тиісті жұмыстарды бірлесіп атқаратындығын жеткізді.
Одан әрі Сенатор өткен жылы өз жұмысын бастаған қала іргесіндегі қатты қалдықтарды қайта өңдеу полигонына барды. Жаңадан салынған қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны 2020 жылы 65 000 тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды қабылдаған. Осы қалдықтарды сұрыптау арқылы екінші қайтара пайдалануға жарамды 115 тонна (картон,түсті металл, шыны, пластмасса, т.б.) заттар алынды. Ағымдағы жылдың маусым айына дейін жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына барлығы 26771 тонна қалдықтар қабылданды. Қалдықтардың 9637 тоннасы азық-түлік қалдықтары, 8566 тоннасы жарамсыз қағаз қалдықтары осы қалдықтар полигон аумағында шірітілуде. Шірітілген қалдықтарды полигон аумағын тыңайтуға пайдалану көзделуде.
Қызылорда қаласынан күніне орта есеппен 180 тонна көлемінде қалдықтар тасымалданады. Қазіргі уақытта қалдықтарды сұрыптау кешенінен орта есеппен күніне 30 тонна қалдықтар сұрыптаудан өткізілуде, бұл жұмыстарды 30 адам атқаруда. Осы 30 тонна сұрыптаудан өткен қалдықтардан 3-4 тонна көлемінде екінші қайтара пайдалануға жарамды шикізаттар алынады.
Одан әрі Сенатор мен қала әкімі облыс орталығындағы салынған 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасында болды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сабит Пазилов мұндағы замануи ғимараттың жұмыстарымен таныстырды. Басқарма басшысының айтуынша, модульдік жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы аяқталған, мемлекеттік қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Онда науқастарды емдеу үшін барлық жағдай жасалаған. Ендігі мәселе мемлекеттік сараптамадан өту жұмыстары тоқтап тұрғанын айтты. Өз кезегінде Ақмарал Шәріпбайқызы қазіргі кезде эпидемиологиялық ахуалдың ушығып тұрған шағында бұл жұмыстарды жеделдету керектігін айтты.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова қала басшысына жоғарыда аталған нысандардың тиісті жұмыстарын бірлесіп атқаратындығын жеткізді.








Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
14 шілде 2021 ж. 423 0