Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Арал қаласындағы насосты су айдау стансасы мен қалдықтар полигоны пайдалануға берілді

Арал қаласындағы насосты су айдау стансасы мен қалдықтар полигоны пайдалануға берілді

Биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй құрылысы үшін белгіленген аудандарды инженерлік инфрақұрылыммен қамту мақсатында қаладағы №1 шағын ауданына 11,1 шақырым болатын ауыз су желісі тартылды.
Аталған мөлтек ауданға ауыз су жеткізу және қаланың шет аймақтарындағы тұрғын үйлерге жеткізілетін су қысымын арттыру үшін насосты су айдау стансасы салынып, құрылысы толық аяқталды.
Кеше аудан әкімі Мұхтар Оразбаев насосты су айдау стансасын іске қосып, халықтың тұрмыс-тіршілігі үшін маңызы зор нысанның жұмысына сәттілік тіледі.
Станса ғимаратының ауласы темірбетондармен қоршалып, электр энергиясымен қамтитын жоғарғы кернеулі электр желілері тартылып, тоқ реттегіш трансформатор қондырылған. Мұнда 2 дана 300 кубтық су сақтайтын резервуар, кезекпен сағатына 160 куб су айдайтын 3 насос орнатылған.
Аудан әкімі одан соң Арал қаласының Солтүстік-Батыс жақ бөлігінен 4 шақырым жерде салынған қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына барды. Полигон аумағында болып, қоқыс тастау үшін арнайы қазылған шұңқырларды көрген аудан басшысы бұл нысанның жұмысы экологиялық жағынан тиімді әрі тұрғындар арасында тазалық мәдениеті қалыптасатындығын айтып өтті.
Айта кетейік, нысан толық жұмыс жасаған уақытта бірнеше адам жұмыспен қамтылады. Алдағы уақытта жиналған қалдықтарды сұрыптау жолдары да қарастырылмақ.
Жалпы жер көлемі – 5,0 гектар аумақты алып жатқан алаңда 3 бөліктен тұратын шұңқырлар қазылған.
Полигон алаңы темір қоршаумен қоршалып, түнгі жарық шамдары тартылған. Нысанда электр энергиясымен қамтитын дизельді электр стансасы және құрал-сайман сақтайтын қойма, жұмысшылар кеңсесіне арналған модульді үйлер орнатылған. Бұған қоса өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қажетті су жинайтын 50 және 10 кубтық резервуарлар, дизенфекциялық ванна салынып, автотұрақ алаңы қаралған.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

26 желтоқсан 2020 ж. 790 0