Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Полигон құрылысы қашан аяқталады?

Полигон құрылысы қашан аяқталады?

Бұл мәселенің айтылып келе жатқанына біраз болған. Талапқа сай күл-қоқыс төгетін арнайы орын қажеттігі талай рет мінберден көтеріліп, назарға салынды. Қоршаған ортаға жанашыр азаматтар да, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік мекемелер де бұл түйткілді назардан тыс қалдырған жоқ. Қаржы бөлдірудің амалдары қарастырылып, экологиялық зардабы дәлелденіп бақты. Ақыры айтылған сөз босқа кетпей, Арал қаласынан арнайы полигон салу жұмысы қолға алынды. Қазір кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.
Жаңа полигонның жайын айтпас бұрын, ескі қоқыс төгетін орын жайлы бірер сөз... Қаланың сырты «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» тас жолының бойында орналасқан алаңның жағдайы шынымен-ақ алаңдайтындай еді. Себебі маңына бара қалсаң, шашылған пакет пен мүңкіген иіс қолқаңды қауып, жанына жуытпайтын. Үсті-үстіне төгілген үйінділер алыстан-ақ көрініп, көзге ұрады. Осы сұрықсыз көрінісі сырттан келген қонақтардың көзіне ілінбей қоймайды. Оның үстіне талапқа да сай емес. Айтпақшы, санитарлық талаппен қабыспайтын бұл орын тек қазылған карьер түрінде болған. Ал, шындығында, полигон экологиялық талаптарға сай болу қажет. Арал аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Ақзия Сатекеева талайдан бері көтеріп келе жатқан мәселенің айналаға тигізетін әсері орасан екенін айтады.
– Қатты тұрмыстық қалдық тастайтын полигонға арналған орындар оқшау жерде, құрылыстан бос, желденетін болуы, жауын-шашын, еріген және тасқын баспайтын, инженерлік шешімдердің орын­далуына жол беретін жерден салынуы керек. Жаппай демалу, шаруашылық сумен жабдықтау, минералды көздер, ашық су қоймаларының аумағын айтпағанда, желдің басым бағыты да ескерілу қажет. Мәселен, елді мекендердің ық жағында болуы тиіс. Бұл халық саулығы үшін де маңызды, – дейді басқарма басшысы.
Санитарлық тазалықтың талаптарын бес саусағындай білетін маман бізді осындай деректерге қанықтырып отыр. Ал жаңадан салынып жатқан полигон аталған ескертпелерге сай ма? «Жақсыны көрмекке» деп қаланың батыс бөлігінде 4 шақырым жерде орналасқан полигонға барып, жұмыс барысын көрдік. Нысанамызға жеткенімізбен ауыр техникалар көзге іліккен жоқ. Себебі биылға межеленген жұмыс бітіп қойыпты. Алып апандар қазылып, әзірше құммен қоршау жасалған. Негізі жұмысты аяқтау бірнеше кезеңге бөлінген. 2018 жылы бюджеттен 10 миллион бөлінсе, биылға 36 миллион 700 мың теңге қаралып, қаржы толық игеріліпті. Жалпы құны 186 миллион 300 мың теңге болатын құрылыстың қалған бөлігі алдағы уақыттың еншісіне қалып тұр. Алайда жұмысты биыл аяқтау жоспары да жоқ емес. Аудан әкімінің орынбасары Мерей Мейірбеков осы шаруа облысқа ұсынылып, қазір басқармадан бір жауап күтіп отырғанын жеткізді.
– Қазір құрылыстың 140 миллионға жуық қаржысы қалып тұр. Негізі нысан 3 бөліктен тұрады. Бірінші бөлігінің жалпы ауданы 11589,25 шаршы метр болса, екіншісі 12,800 шаршы метр. Үшіншісі қазу жұмыстарына дайын тұр. Тереңдігі 4,5 метр болады. Бұл құрылыс аяқталар болса, қалдықтарды тастауға біраз жылға жетеді, – дейді.
Сонымен бірге аудан әкімінің орынбасары қатты қалдықтарды тек жинап қана қоймай, оны өңдеудің жолдарын қарастыруға болатынын айтады. Ол үшін кәсіпкерлерді осы салаға тартып немесе сенімді басқару арқылы жүзеге асыруға болады. Айтылған сөздің жаны бар. Бүгінгі бизнес дәуірінде кез келген дүниені қажетке асыру қажет. Ауадан ақша жасап жатқан заманда қатты қалдықтарды қайта өңдеу, қолданысқа енгізу қиын шаруа болмаса керек. Тек ебін тапқанның, еңбек еткеннің ұтылмайтыны белгілі.
Сонымен басталған құрылыс қашан аяқталады? Жергілікті әкімдік көп соз­бай, пайдалануға беруге пейілді. Бірақ қар­жы қолбайлау. Жақында өңірлік ком­му­ни­кациялар қызметінің ақпараттық ала­ңын­да өткен брифингте облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Абдуалиев Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені полигонының құрылысы және сыртқы инженерлік желі­лерді жеткізу жобасын мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік аясында іске асыру жос­пар­ланып отырғанын жеткізген еді. Сондай-ақ басқарма басшысы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Арал қаласындағы полигон құрылысының осы жылы іске қосылатынын айтты. Демек аяқтау жұмысы биылға жоспарланған.
Полигон қажеттілігі Сексеуіл кентінде де туындап отыр. Бүгінде сметасы жасалып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алған жоба бойынша облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына өтінім берілген.
М.ҚҰРМАНӘЛІ
25 маусым 2019 ж. 837 0