Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Судың да сұрауы бар...

Судың да сұрауы бар...

Су – тіршілік көзі. Судың бұл тіршілікте пайдаланылмайтын орны жоқ. Күнділікті тұрмыстағы 3 мезгіл асың мен қазақтың шай құмарлығын есептемегенде, қанша шаруаға пайдаланамыз. Дәл осы тіршілік барлық әлемде орын алады. Краннан сарылдап аққан судың қадірін білу әлі де болса біздің елдің, қаланың тұрғындары үшін өзекті мәселенің бірі. Соның себебінен де су тапшылығы мен экологиялық жағдайға қаншама әсер ететінімізді білесіз бе?
Бүгінде ғаламдық мәселеге айналып отырған су тапшылығының басты себептеріне климаттың өзгеруін, трансшекара¬лық ағын су көлемінің азаюын, су ресурстары¬ның тиімсіз пайдаланылу мен суды үнем¬деу «мәдениетінің» қалыптаспағандығын жатқызуға болады. Оның үстіне елімізде пайдаланылатын ағынсудың 45%-ы шет елдерден келеді. Мәселен, респуб-ликада¬ғы су ресурсының 40%-ынан астамын құрай¬тын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Есіл жəне Шу секілді өзендер көрші Ресей, Қытай, Тəжікстан, Қырғыз елінен бастау алады. Ал Сыр¬дарияның Тəжікстан, Өзбекстан аумағынан өтетіні Шығыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Түркістан және өзіміздің Қызылорда сияқты об¬лыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсер етіп отыр.
Осы мәселе турасында президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына жолдауында:
– Жалпы, біз – трансшекаралық су көздеріне тәуелді елміз. Еуразия құрлығындағы өзендер мен каналдар – баршамызға ортақ табиғат байлығы. Осы су көздері біздің халықтарымызды, экономикамызды жақындастырады. Сондықтан көршілес әрі достас елдермен бұл мәселе бойынша әрдайым өзара түсіністікке және келісімге келу керек.
Сондай-ақ ішкі су ресурстарын үнемдеп пайдалану өте маңызды. Суды үнемдейтін технология өте баяу енгізілуде. Суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ.
Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруашылығы нысандарының 60 пайызы тозып тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте батыл және шұғыл шаралар қажет.
Ең алдымен, суды үнемдейтін озық технологияны енгізу ісін тездетіп, оны қолдану аумағын жыл сайын 150 мың гектарға дейін кеңейту керек. Көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше құмға сіңіріп жоғалтып алмау мәселесі шешімін табуға тиіс. Өйткені оның бәрі – ішкі су қорымыз. Ол үшін 20 жаңа бөген салу, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізу және 3500 шақырымдық каналды жаңғыртып, цифрлық тәсілмен бақылауға алу керек. Негізгі міндет – 2027 жылға қарай қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу.
Су үнемдейтін технологияларды енгізу – аса маңызды және шұғыл міндет. Сондықтан тиімді тәсілдер ұсыну қажет. Дегенмен біз дәл қазіргі жағдайда жаңа тариф саясатынан да аттап өте алмаймыз. Әбден ескірген инфрақұрылым әрең жұмыс істеп тұр. Сондықтан жаңа инфрақұрылым салу – өте маңызды міндет, қазіргі нарықтың талабы. Суды нормативтен артық жұмсағандар оның ақысын жоғары тарифпен төлеуі керек. Бір сөзбен айтсақ, суды барынша үнемдеуіміз қажет. Оған қоса судың «көлеңкелі» нарығы түбірімен жойылуға тиіс.
Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруалардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады.
Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады, – деген болатын.
Қазіргі таңдағы қаламыздағы «Арал-Сарбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі Арал, Қазалы аудандары бойынша қызмет етеді. Мекеменің алғашқы желісі Бердікөл су тартқысы арқылы 1985 жылы бастау алған, одан кейін 1993 жылы Қосаман су торабы іске қосылған болатын. Бүгінде Қосаман бас су тоғаны арқылы 2 аудан бойынша аудан орталықтарын қоса есептегенде 66 елді мекен үздіксіз ауызсумен қамтылып отыр. Жыл сайын шамамен 3 млн. текше метрге жуық су өндіріледі.
Осы орайда «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі басшысының міндетін атқарушысы Азамат Абдихановтан қазіргі таңдағы атқарылып отырған жұмыстар туралы сұраған болатынбыз.
– Екі ауданда үстіміздегі жылдың 9 айлығында өндірілген су көлемі 374 772.71 текше метрді құрап отыр. Оның ішінде таратылғаны 356 633,710 текше метр болды. Арал ауданы бойынша 43 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған 43 насос стансасы, 20 ұңғыма жұмыс жасап тұр. Оларды тарату бойынша 1577,3 км су құбырлары, оның ішінде 739,7км магистральды су құбырлары және 837,692 км ішкі су құбырлары бар. Магистральды құбырлар бойында 1590 дана су құдығы және ауыл іші желілері бойында 4405 дана су құдығы орналасқан.
Өндірістік бөлімше бойынша 286 жұмысшы-қызметкер мен 26 дана техника жұмылдырылған. Екі ауданның 165 мыңға жуық тұрғындарын, сонымен қатар Арал ауданының 565 шаруашылық қызмет жүргізетін өзге де мекемелерді ауыз сумен қамтамасыз етеді.
Ұзақ мерзімді пайдаланылып келген ТНГ1000 мм және ТНГ800 мм магистральды су құбырларының тозығы жетуі себепті апаттық жағдайлар жиі орын алып отыр. Алдағы уақытта осы магистральды су құбырларына қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр,- дей келе, - суды өндіру, жеткізу, тұрғындарға тарату және есебін жүргізу мен төлем жинау жұмыстары үлкен жауапкершілікті талап етеді және орасан зор еңбектің арқасында келеді. Тап-таза ауыз суға көптеген дамыған елдердің өзі қол жеткізе алмай келеді. Сол себепті қолда бар алтын суымыздың қадірін біліп, үнемдеп пайдалануды және шығындамауды сұраймыз,- деп өз пікірін білдірді.
Иә, қаламыздағы ауызсу бағасы өзге қалалармен салыстырғанда әлдеқайда арзан екенін тұрғындар да теріске шығармайды. Кезінде флягтап қаланың әр бұрышынан тасылған судың қадірін ел тұрғындары жақсы біледі. Қазір әрбір үйдің жуынатын бөлмесі, ас бөлмесі тіпті даладағы ауласына дейін краннан ыстық, суық суы ағып тұр. Бұның барлығы қолжетімділік өскен сайын заттың да қадірі кете бастайтынын білдіреді. Расымен де,  статистика бойынша күнделікті қол жуудың өзіне бір адам 6-8 литр су жұмсайды екен. Бұл қолды арнайы тазалағыштармен тазарту кезінде кран суының ағып тұрғандағы есебі. Суды тоқтату арқылы біз 2-3 литрге дейін үнемдей аламыз. Жалғыз тұрғынның өзінен келетін бұндай көрсеткіш шектеулі ресурсты ұзаққа жеткізуге пайдалы болары сөзсіз. Бұл туралы өз пікірін қала тұрғыны Ардана Максутов:
– Қазір қалада қаншама көлік жуу орындары мен моншалар, түрлі тазалық орындары бар. Қыста мұз айдындары ашылады. Әрине, барлығының халыққа қызмет етер жері бар, дегенмен ондағы пайдаланылатын су тұрмыстағы тұщысу екенін ескерсек, ысырап өте көп. Ақша табу мақсатымен болған ысыраптың алдын алу қажет. Олардың жұмыстарындағы су тарифін өзгерту керек деп ойлаймын. Қала шағын болғандықтан бұндай кәсіпорындар санын азайтуға да болады. Алдағы уақытта қаладағы суғару жүйесін қолға алып, ауызсу көлемін өсірсе нұр үстіне нұр болар еді,- деп білдірді.
Биылғы жылы еліміз суды пайдалану көрсеткіші бойынша 11 орында орналасқан. Республика бойынша күнделікті адам басына 3,5мың литр су пайдаланылса, көрші Ресейде бұл көрсеткіш 3 есе төмен, яғни 1,3мың литр. Ал Еуропа елдерінде төменгі көрсеткіш 350 литрден басталады. Африка елдерінде, оның ішінде Конго мемлекеті су тапшылығын көріп отырған бірден бір мемлекет. Ондағы пайдаланатын су көлемі небәрі 34 литрді құрайды екен.
Су – адам өміріндегі ауадан кейінгі маңызды ресурс. Бүгінде әлемдегі 2,2 миллиард адам су тапшылығынан зардап шегуде. Қаламыздағы теңіздің тартылуының өзі әлемдік экологиялық жағдай тудыруда. Бұл мәселелерден болашақта зардап шегетін өзіміз. Сондықтан қазірден жағдайдың алдын алу өте маңызды.
г. сақтапова

12 қараша 2023 ж. 364 0