Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Су қадірін біліп жүрміз бе?

Су қадірін біліп жүрміз бе?

   Бұрын үйдің үлкендерінен «Судың да сұрауы бар» деген сөзді жиі еститінбіз. Расымен де, экологияның күрт өзгеруі мен жаһандық жылу, сондай-ақ өзен-көлдердің ластануы салдары таза, тұтынатын ауызсу мөлшерінің азаюына алып келе жатқандай. Күнделікті барша адамзат баласы осы суды көп пайдаланатыны анық. Яғни, тамақ дайындауға да, киім тазалауға да, жалпы қай әрекетті істесек те суды пайдаланамыз. Ал ауызсу ше? Адам күні бойы су ішпей жүре алады ма? Жоқ, әрине. Жаз мезгілінің аптап ыстығында шамадан тыс су ішетініміз рас.
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт-Тоқаев Мәжілістің жалпы отырысында суды барынша үнемдеу қажет екендігін айтты. «Энергетика, су және көлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кешенді шаралар қабылдануға тиіс. Энергетикалық активтерді жаңғыртуға жақын арада жаңа инвестиция тарту керек. Бұл жұмысты «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы арқылы іске асыруға болады»–деген болатын Мемлекет басшысы.
         Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің айтуынша, бүгінгі уақытта тауар газының тапшылығы күшейіп барады. Сонымен бірге «Үкімет еліміздің газ өңдеу қуатын арттыру үшін жаңа жобаларды жүзеге асыруға тиіс. Сонымен бірге 25 су қоймасын салып, суды барынша үнемдеу керек. Қазақстан тұрақты даму үшін Азия мен Еуропаны жалғайтын әлемдік көлік хабына айналуы қажет. Бұған дейін қолға алынған көлік және логистика жобаларын түгел уақытылы бітіру өте маңызды»,–деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
         Бүгінгі технология дамыған заманда тұрмыстық тіршілікке қолайлы және оңай түрлі техникалық құрылғылар пайда болып келеді. Мәселен, дақ жұққан кір киімдерді арнайы кір жуғыш машина жуып береді. Адамның міндеті тек жуылған таза киімдерді кептіру үшін жаю ғана. Ал бұл құрылғының суды шамадан тыс жұмсайтынын білесіз бе? Жалғыз суды ғана емес, электр желісіне де әсер етеді. Сол үшін күнделікті болмағанымен, жиі киімдерді қолмен жуғанымыз дұрыс. Сонымен бірге ванна мен душтың су жұмсау мөлшеріне назар аударып көрелік. Ваннаны толтыру үшін 200 литрдей су қажет, ал 5 минут душ қабылдау 50 литр шамасында су жұмсайды. Адам денсаулығына да судың біршама пайдасы бар екендігін де естен шығармағанымыз жөн. Мәселен, тұмауратып ауырып қалсақ, дәрігер бізге суды көптеп ішуге кеңес береді. Иә, суды ешқандай нәрсемен алмастыра алмаймыз. Себебі тірі организм сусыз тіршілік ете алмасы анық.
         Қазіргі уақытта су әлемдік маңызы бар мәселе болып табылады. Мұның басты себебі – су ресурстарының тапшылығы. Иә, әлемді судың жетіспеушілігі алаңдатып отыр. Мәселен, Африка құрлығының су тапшылығы диқандарының егіншілігіне кері әсер етіп, Нигерия, Сомали, Оңтүстік Судан, Эфиопия секілді мемлекеттердің азық-түлік жағынан тапшылық көруінің  басты себебіне айналды. Сонымен бірге су қорларының ластануы да басты мәселеге айналып отыр. Өзен-көл суларының ластануының өзі инфекцияның таралуына тап болып, нәтижесінде су экожүйесін бүлдіреді. Ал судың ластануының себебі неде? Ол қандай жағдайда ластанады? Әрине, өзен-көл суларының ластануын адам баласының табиғатқа қолдан жасаған әрекеті. Теңіз жағасындағы түрлі қоқыстар мен елді мекендердегі төрт түліктерді көл сулары арқылы суаруы дәлел емес пе?! Сондай-ақ ірі өнеркәсіп зауыттары мен фабрикалары бөлетін өндіріс қалдықтары мен зиянды заттар су тораптарына кері әсерін тигізіп келеді. Міне, барша мемлекет осы мәселені шешу жолында түрлі жұмыстар атқарып келеді.
         «Бұлақ көрсең көзін аш» дейді қазақ. Су мәселесінің шешімі – адам баласы. Су қадірін түсініп, біз үшін өте құнды дүние екендігін білсек, бүгінгідей мәселелер болмас па еді?! Ішерге азық болатын дүниенің қадір-қасиетін түсініп, барынша таза әрі үнемдеп жұмсауды үйренгеніміз дұрыс. Сонымен бірге келешек ұрпаққа да су қадірін ұқтырып, табиғатқа аяусыз қарамау керектігін үлгі ете білейік.
А.НҰРЛАНОВА
09 сәуір 2023 ж. 615 0