Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қыста қамсыз қалмау керек

Қыста қамсыз қалмау керек

Қыс қыр астында. Алдағы күндері күн суыта қалса, қамсыз отыру қапыда қалдыруы әбден мүмкін. Себебі табиғаттың тосын мінезін болжап, білу мүмкін емес. Дегенмен қыс маусымына әзірлік осындай қиындықтардың алдын алуға бірден-бір себеп болары сөзсіз. Сондықтан қытымыр қыста қолайсыздықтар туындамау үшін әзірлік жұмыстары үнемі бақылауда болу керек. Біз осы дайындықтың жоғарғы деңгейде екеніне көз жеткіздік.
Арал қаласында төтенше жағдайлардың алдын алу, оларды жою және азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға басқару органдарын, азаматтық қорғаудың күштері мен құралдарын дайындау мақсатында ұйымдастырылған «Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы қандай кедергілерді болса да жеңетінімізді көрсетті.
Аталған оқу-жаттығуға аудан әкімінің орынбасары К.Бержанов қатысып, аудан деңгейінде төтенше жағдай орын алған кезде оны жоюға жұмылдырылатын азаматтық қорғау қызметтері мен құрылымдардың әзірлігін тексерді.
Алдымен инженерлік қызметтің әлеуетін бақылап, техникаларымен танысып, қысқа дайындығын бағамдады. Қыс мезгілінде көрсетілетін қызметтерге дайын құрылымдар қатарында сауда және тамақтандыру қызметі, жанар-жағармай, жануарларды және өсімдіктерді қорғау қызметі, энергетика мен жедел жәрдем, радиациялық-химиялық қорғаныс қызметі, құлақтандыру және байланыс, су қызметі, КазТрансГаз және полиция қызметі мен төтенше жағдай және өрт сөндіру қызметтері бар. Бұл құрылымдардың барлығы аудан әкімінің орынбасарына қысқа дайын екендіктерін баяндады.
«Қыс-2023» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығудың соңында аудан әкімінің орынбасары барлық құрылымдардың өкілдерін қыс мезігілі келе жатқандықтан, қай уақытта болмасын әзір болу қажет екенін айтып, азаматтық қорғау қызметі мен құрылымдардың жұмысына сәттілік тіледі.
О.ЖОЛДАСОВ
25 қараша 2023 ж. 277 0