Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Армияға бармаған 27 жастағы жігітке әскери билет берілмейді

Армияға бармаған 27 жастағы жігітке әскери билет берілмейді

27 жасқа толған әскери борышын өтемеген адамға әскери билет берілмейді. Бұл туралы Қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Армияға цифрлық технологияны енгізу жалғасып жатыр. Әскери міндеттіні, әскерге шақырылушыны есепке алу цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл жергілікті әскери басқару органының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік берді. Биыл біз әуе қорғанысы күштері үшін ақпараттық жүйені қабылдадық. Бұл еліміздің әуе кеңістігін пайдалануда ақпарат ағымын автоматты режимде өңдеуді арттырды. Әуе шебін қорғауда шешім қабылдау уақытын бірнеше есе қысқартуға мүмкіндік берді», — деді Қорғаныс министрінің орынбасары орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Оның атап өтуінше, халықпен өзара іс-қимыл мәселесіне баса назар аударылып отыр.

«Қызмет өткермеген, оның ішінде 27 жасқа толған адамға енді әскери билет берілмейді. Оның орнына әскери міндеттілік мәртебесі оның Egov жеке кабинетінде көрсетіледі. Жұмысқа орналасу кезінде әскери қызметке қатысы туралы анықтама алу қажет емес. Жұмыс беруші бұл ақпаратты Egov-тан көре алады. Цифрлық трансформация аясында бірқатар қызметті автоматты түрде жүзеге асыру мүмкін болды. Сонымен қатар, 17 жастағы азаматқа жеке істі жинақтау процесі толығымен автоматтандырылды. Цифрландыру бойынша барлық бастама жүйелі түрде іске асады», — деді Сұлтан Камалетдинов.

Сурет: ашық дереккөз 
26 желтоқсан 2023 ж. 152 0