Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Біз нені күттік және қайсысы орындалды?

Біз нені күттік және қайсысы орындалды?

Қазіргі таңда қандай бағытта, қандай жолмен болсын болашақты болжап, оның адам үшін жақсы немесе нашар болатынын айтатындар көп. Заманауи тілде «нумеролог» деп атап жүрген жандарымызды қазақ дәстүрінде «көріпкел», «палшы» деп атаған. Олар елге көмек беріп, болашағын айтып, жамандықтан тыйып отырушы тараптан болған. Дегенмен кейде «олардың бізге берері не, сөздері шындыққа қаншалықты жанасады?» деп ойлайтынымыз рас.
Бүгінде тарихтан Мөңке бидің болашақты болжаған сөздерін жақсы білеміз. Оны оқып отырып «расымен де қазір сол заманға келдік қой» деп, басын шайқап ойланатын жандар аз емес. Мен де осы бағытты өзімше білгім кеп ғаламторды ақтарғам. 2023 жылды қалай болжап, қай оқиғасы орындалғаны қызық болған. Енді сол туралы сөз қозғасақ.
Жалпы 2023 жыл қоян жылына сәйкес келеді. Нумеролог Айсұлу Ахимованың сөзінше, қоян жылдамдығымен ерекшеленетін жануар. Бірақ кейде ісінің шалалығы кедергі болып, көп дүниесі орта жолдан қалып кетуі мүмкін. Жыл кезегінде 4 орында тұруы да осы шалалықтан туған екен. Сондықтан әрбір жанға бастаған ісіне бар ынтасымен ден қоюды кеңес еткен.
Иә, бұл кеңес тек қоян жылы ғана емес, әрбір адамға өмір бойына азық болар кеңес. Бірақ қаншама жылдан бері реті келмеген ісіңізді бастап кету үшін де, оның жемісін жеу үшін де 2023 жыл қолайлы болғаны рас. Ол туралы нумерологияға сенетін кейіпкеріміз Гүлсезім:
– Өзім ашық, пысықпын. Дегенмен асығыстықтан ісім шала болатыны рас. Сол себептен де бірнеше жыл құжаттарым реттелмей, қалаған оқуыма түсе алмадым. Осы жыл маған сәтті болды. Бірнеше ай асықпай құжат дайындап, шетелге оқуға түстім. Қазіргі таңда Италияның университетінде оқимын, – деп пікірін білдірді.
Сонымен қатар нумеролог: «қоян жыртқыш аңдардың қатарынан болмағандықтан бұрынғы әскери қақтығыстар шешіледі және жаһандық емес, жергілікті сипатқа ие болады, жалпы агрессия төмендейді. Бірақ сонымен бірге кейбір жағдайлардың бақылаудан шығып кету қаупі бар және оларды біртұтас ұстау қиын болады» деген болатын.
Елімізде 2023 жыл бұл тарапта сәтімен келді десек қателеспейміз. Елімізде агрессиялық әскери қақтығыстар болмады. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда 2023 жыл елімізде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» тыныш заманнан болды.
Ал әлемдік оқиғалар кезегінде орын алған жағдайлар кейбір мәселенің бақылаудан шығып кетуін, оны біртұтас ұстау қиын болып, зардабын тигізетінін бізге дәлелдеп беріп отыр. Бұл ретте әлем халықтарын біраз қорқытқан Палестина мен Израиль арасындағы қақтығыс алдағы жылы өз шешімін таппақ деп сенеміз.
Биылғы жыл басында «алдағы жыл келбеті болған қоянның қабілеті – қашу, жасыру, оқиғаның бағытын өзгерту және әлемді қуанту. Бұл ретте іс-әрекет еркіндігі мен философиялық бастама бар. Өйткені 2023 жылдың екінші келбеті – мысық» деп Айсұлу Ахимова нақтылаған болатын.
Бұл болжамдар біздің қоғамның да, тұрғындардың да өздеріне зияны тиетін проблемалық мәселелерден оңай құтылып, барынша достық қарым-қатынасты қолдап, ортақ компромисске келітінінің айғағы деуге болады.
Оған дәлел биылғы жылы еліміздің сыртқы саясатта өзін барынша парасатты ұстауы десек болады. Халықаралық қатынастар жүйесінде ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің іскерлік шеберлігінің арқасында жиындарда Қзазақстанды абыройлы, сенімді ойыншы ретінде көрсете білді. Жыл қорытындысында жалпы саны 18 құжатқа екі жақты келісім-шарт орнатылып, келер жылы еліміз 4 үлкен Халықаралық ұйымға төрағалық ететін болды.
Қарапайым тұрғындар арасында да қоғамдық қылмыстардың, заңбұзушылық пен өзара ерегіс нәтижесінде орын алған оқиғалардың реті әлдеқайда аз. Статистика бойынша биылғы жылы қылмыстық істер 15,2 пайызға азайған. Бұл ақпараттардың өзі 2023 жылдың жақсы жыл екенін, нумерологиялық болжамдардың шындыққа жанасқанын көрсетеді.
Нумеролог Айсұлу:
– 2023 жыл «7» саны арқылы айқандалады. Бұл сан еліміз үшін де, нумерологиялық бағатта да қасиетті сан. Бұл сан бойынша елімізде көптеген бақытты отбасылар, бақытты балалар өмірге келеді. Және ескі, керек емес нашар энергиядан тазаланатын уақыт, – деп айтқан болатын.
Бәріміз білетіндей 2023 жылы Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетіп, ақжолтай жаңалықты баршамыз қуана естігенбіз. Сонымен қатар соңғы статистикалық мәліметтер бойынша елімізде ажырасу деңгейі де 8,1 пайызға азайған. Нумеролог А.Ахимованың айтқан бұл сөздері де 2023 біз үшін қуанышты, берекелі жылдың болғанын білдіреді.
Айсұлу Ахимованың бір сөзінде «2023 жылдың екінші жарты жылдығы IT технологиялардың, заманауи дүниелердің жаңғыратын уақыты» дегенін де ескерсек, биылғы жылдың қыркүйек-қазан айларынан бастап елімізде жасанды интеллектке аса мән берілгені есімізге түседі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бұл туралы «Жаңа заман уақыты келді. Жасанды интелектті әлемдік деңгейде дамытуды қолға алу керек» деген болатын.
Енді келер ұлу жылына, яғни 2024 жылға келсек. Нумерологтардың айтуынша, бұл жыл 8 санымен ұштасады. 8 саны билікті, күшті, басқаруды, әділеттілікті, сондай-ақ барлық іс-әрекеттің қайтарылуын білдіреді. Яғни әр адам еңбегі үшін ақысын алады. Мысалы, егер біреу заңды бұзса, салық төлемесе, жұмысты жосықсыз орындаса, онда ол толық төлемін алып, жазаланады. Егер ол жауапты жан болса, жұмысын уақытылы, мінсіз атқарушы болса, басқаларға көмектессе, онда ол міндетті түрде өзіне сай сый алады, – дейді нумеролог Диана Камилова.
Иә, жаңа жылдың келер уақытында өткен жылға шолу жасау, болашақтан үміт күту – бар адамзаттың ойындағы дүние. Нумерологиялық сенімдердің де қаншалықты орындалғанын, біздің елімізге қаншалықты тиімді болғанын, алда қандай оқиғалармен ерекшеленетінін зерттеу де қызықты іс. Дегенмен бұл ғылымға сенушілер де, үзілді-кесілді қарсы болатын жандар да бар. Тек біздің міндет айтылған ақпарат пен орындалған істі салыстыру, болашаққа жақсы сеніммен қарау. Келер жыл баршыңызға құтты болып, ойлаған жоспарларыңыз іске ассын деп тілек білдіреміз.
Г.САҚТАПОВА

31 желтоқсан 2023 ж. 322 0