Ең төменгі жалақы мөлшері өседі
Ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) еңбек нарығын реттеуде негізгі орын алып, ең төменгі әлеуметтік стандарт ретінде жыл сайын тиісті қаржы жылына Республикалық бюджет туралы заңмен айқындалады. Бұл мемлекеттің толық күн жұмыс істейтін және еңбек уақытының нормаларын орындайтын қызметкердің белгілі бір деңгейден төмен жалақы ала алмайтынына кепілдік беретінін білдіреді.
Алдыңғы екі жылдағы жоғары инфляция, пандемия және геосаяси дағдарыс әлемнің көптеген елінде нақты жалақының төмендеуіне әкелді. Әдеттегідей бұдан ең төменгі жалақы алғандар қатты зардап шекті. Ең төменгі жалақының сатып алу қабілетінің төмендеу үдерісі әлі де жалғасып жатыр. Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенсек, нақты жалақы бойынша көрсеткіш жыл басындағы 112,7%-дан жыл соңында 102,8%-ға дейін тұрақты түрде төмендеген. Өткен жылдың бірінші тоқсанында нақты жалақы индексі теріс траекторияда тербеліп, ел тұрғындарының жалақысының сатып алу қабілеті 0,6%-ға төмендеді. Елдегі ең төменгі жалақы негізгі шығындарды жабуға мүмкіндік бермейді. 2022 жылы және 2023 жылдың алғашқы екі тоқсанында орташа қазақстандықтың айлық тұтыну шығыстары ЕТЖ-дан ең кемінде 12,1%-ға, ең жоғары шегінде 27,9%-ға асып түсті. Былтыр екінші тоқсанда ел азаматтары азық-түлікке, киім-кешек пен аяқкиімге, коммуналдық қызметтерге, медицина мен білімге 79,8 мың теңге жұмсаса, бұл төменгі жалақыдан 14%-ға артық.
ЕТЖ-ның үш жыл қатарынан 42 500 теңгені құраған 2019-2021 жылдардан кейін бірден 41,2%-ға, 60 мың теңгеге дейін өсуі ең төменгі белгіленген стандартты ғана емес, жалпы жалақы қорын ұлғайтуға көмектесті. Ал өткен жылы оған тағы 10 мың теңге қосылды (16,6%). Бұл ретте Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша инфляция өткен жылмен салыстырғанда шамамен 19%-ды алқымдады. Президент биылғы қыркүйектегі Жолдауында ең төменгі жалақы мөлшерін 2024 жылы 85 мың теңгеге дейін жеткізуді тапсырды. Яғни ендігі өзгеріс – 21,4%, бұл 2021 жылмен салыстырғанда екі есе көп. Қаражат қазір Республикалық бюджет туралы заңда көзделген. Осының нәтижесінде 1,8 млн отандасымыздың табысы артпақ. Десе де Мәжіліс депутаттарының пікірінше, ЕТЖ мөлшері әлі де төмен және бұл 200 мың теңгеден аса соманы құрауға тиіс.
Ұлттық экономика министрлігінің ҚҚС-ны 12%-дан 16%-ға дейін көбейту туралы ұсынысына байланысты инфляцияның күтілетін үдеуі аясында қосылатын 15 мың теңге әрең сезіледі деп болжауға болады. Сенат отырысында ведомство басшысы Әлібек Қуантыров Салық кодексінің жаңа нормасы бюджетті 2,4 трлн теңгеге дейін толықтыруға көмектесетінін айтты. ҰЭМ есептеуінше, салық өсімі негізінен импорттық тауарларға әсер етеді. Бірақ Қазақстан өзін тек негізгі азық-түлік өнімдерімен (өндірісінде импорттық жабдықтар да пайдаланылады) толық қамтамасыз ететініне, ал қайта өңдеудің барлық өнімдері мен азық-түлік емес тауарлардың көпшілігі шетелден әкелінетініне қарағанда, ҚҚС өсімі инфляцияға әсер етудің барлық мүмкіндігіне ие.
Осы ретте Президент тапсырмасы бойынша алдағы жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесін әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Министрлік Дүниежүзілік банк мамандарымен бірлесіп әзірлеген жаңа әдістеме бойынша ең төменгі жалақы шегін айқындау кезінде орташа жалақы мен еңбек өнімділігі ескеріледі. Яғни ЕТЖ өнімділікке, орташа жалақы қандай болатынына байланысты қалыптасады.
egemen.kz
Фото: ашық дереккөз