Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оң жақта соққан жүрек

Оң жақта соққан жүрек

Журналист тың жаңалыққа құштар болуы керек. Оның құлағы әрқашанда түрулі болғаны жөн. Тілшілік мамандықты меншіктеп алған соң оқырманға жаңашыл ақпарат беру үшін әрдайым ізденісте жүремін. Сондағы мақсатым – халықты көңіліне қонымды ақпаратпен сусындату. Елдегі елең еткізер жаңалыққа құлақ түре жүріп, алыстан іздеген эксклюзивті мақалаға арқау болар адамның жанымда жүргенін де байқамай қалыппын. Бұрын жақындарымның ғажайыпқа баланған жаңалығына таңданыс танытсам да, кейін қалам тербеп кейіпкер етемін деп ойламаппын. Ол туған әкем болған кезде айтылар сөз де басқаша болады екен.Жалпы кей адамдардың жүрегі сол жақ кеудесінде емес, оң жақ кеудесінде орналасады. Мұндай сирек кездесетін құбылысты медицина тілінде «декстрокардия» (латынша dexter – оң жақ, грекше – жүрек), қарапайым тілмен жеткізгенде – оң жақтағы жүрек деп атайды. Бүгінге дейін ғалымдар адамдардың бұлай туылу себебін дөп басып айта алмайды. Оның адам өміріне айтарлықтай қиындық туғызбағанымен барлық заттың өзіне тән ерекшелігі болатыны анық. Сондай ерекше жаратылыс иесінің Аралда тұратынын сіз естіп пе едіңіз? Онда біле жүріңіз, миллионнан бір жанда кездесетін бұндай ғажайып құбылыс иесінің бірі менің әкем – Мықтыбай Боранбаев.
Декстрокардиямен туған барлық жан секілді менің де әкем бұл жағдайды көпке дейін білген жоқ. Балалық шағынан денсаулығында ақау болмауынан да арнайылап дәрігерге көрінбеген. Тек 14 жасқа келіп аппендицитпен (соқырішек) ауырып, ота жасау сәтінде дәрігерлер анықтаған екен. Уақыттың тығыздығына байланысты көпшілікпен бірдей оң жақ бүйірін пышаққа алған олар әкемнің ағзасынан бауырын да, соқырішегін де таппапты. Зерттей келе олардың сол жақ бүйірде орналасқанын біліп, қайта ота жасаған екен. Кейде отбасылық басқосуларда өткен күннің естеліктері мен ата-анамыз балалық, жастық шақтарындағы қызықтары туралы бізге әңгімелерін айтады. Әсіресе 75 жастағы әжем үшін әр баласының өмірге келген кезден бастап өсіпжетілгені тап бүгінгідей көз алдында. 9 баланы өмірге әкелген әжем әкем Мықтыбайды бәрінен бөлек көріп, өбектеп отырады. Оның сыры:
– Мықтыбайдың жүрегінің оң жағында орналасқанын бастапқыда білген жоқпыз. Соқырішек болған кезінде таппай, қайта ота жасады. Қайта-қайта пышаққа түсу оңай ма? Денсаулығы сыр береді деп қорыққан болатынмын. Аналық көңілім алдамапты. Арада біраз уақыт өткен соң қайта ауырып, бірнеше ай төсек тартып жатып қалды. Ондай құбылыстың адамға зияны жоқ дегенмен білместіктен қателесу оп-оңай. Сол кезде ота жасаған дәрігерлер ішкі құрылысын біраз зақымдаған. Ішектері түйіліп қалып, ішкен асы бойына дарымай балам күн санап көз алдымда солып бара жатқанын көргенде жүрегім қарс айырылды. Оған ішектерді қайта қалпына келтіру ішін тағы да ота жасалды, - деген әжем сол бір кездердегі жан қиналысын еске алып, көз жасын сығып алды.
Соқырішегін алдырған әкемнің 2-3 айдан соң қайта ауырып, аудан дәрігерлері нақты диагноз қоя алмай облыс орталығына барған. Айтқандайақ, алғашқы ота кезінде ағзасына зақым келіп ішек құрылыс жүйесі жұмысын тоқтатқан екен.
– Ол кезде біз Аманөткел ауылында тұратынбыз. Мықтыбайдың іші ісініп кетті. Оны дәрігерлер асқазан жұмысы бұзылған деп болжам жасап, емдеген. Бірақ еш нәтиже болмады. Сонан соң әкеңді жедел түрде ұшақпен Қызылордаға алып кетті. Ол кезде қазіргідей ұялы байланыс жоқ. Мені артынан Қызылордаға ауруханаға барғанда «балаңызды отаға дайындаймыз. Сіздің ешқандай көмегіңіздің қажеті жоқ» деп ауылға қайтарды. Арада 15 күн өткенде «ота сәтті жасалды» деген хабар келді. Жақсылық жаңалық естігенмен көңілім тыныштық таппады. Облыс орталығын бетке алып, балам жатқан ауруханаға тағы бардым. Дәрігерлер жағдайы жақсы дегенмен палатаға кіргізбейді. Сол кездегі қолжетімді ақпарат көзі бойынша тікелей жалғанған теледидар арқылы сөйлесе алдық. Осылайша Мықтыбайдың 1,5 метр ішегін кесіп тастап, жас күнінде аурудың азабын көп көргені бар, - дейді әжем.
Қазір әкем 52 жаста. 1993 жылы анам Ғалиямен шаңырақ көтеріп өмірге менің 4 бауырым келді. Бүгінде әкемнің денсаулығында бәрі жақсы. Ол 17 жылдан бері теміржол саласында табанды еңбек етіп жүрген еңбек адамы.Қара шаңырақтың иесі болған әкеме бауырларына қамқор, отбасына мейірімді. Бізге адамдық пен адалдық қасиетін сіңіріп келеді. Әкемнің мына бір сөзін әркез есімнен шығармауға тырысамын: «Біз сендер үшін өмір сүріп келеміз. Бай, атақты не лауазымды қызметкер боласаңдар да жай ғана адал еңбектің қадірін білетін адам болу бұл өмірден бәрінен маңызды» дейді.
Ғаламтордан зерделеп қарағанымда қазіргі таңда елімізде бұл диагнозбен бірнеше жан ғана тіркелген. Жалпы бұндай ерекшелік ер адамдарда да, әйел адамдарда да бірдей кездесетін құбылыс және одан қорқудың еш себебі жоқ. Дегенмен ол кей адамдарда осындай жүрек ақаулары және іш қуысындағы органдардың бұзылуы сияқты күрделі асқынулармен қатар жүреді. Декстрокардиямен ауыратын адам егер ішкі қуысындағы органында қандай да бір ауырсыну белгісін байқаса міндетті түрде дәрігердің көмегіне жүгінгені дұрыс.
Қазақстанда мұндай ерекше туылғандардың саны халықтың бір пайызына да жетпейді. Сондықтан бұл ерекше құбылысты ғалымдар әлі күнге дейін зерттеп келеді. Ал өмірі осындай ерекшелікпен өріліп жатқан әкем Мықтыбайдың атына заты сай болып, ортамызда жүре беруін перзенттік көңілден тілеймін.
Г.Сақтапова
12 желтоқсан 2023 ж. 145 0