Таңғы ас ішпесе ағзада не болады?
Таңғы ас зат алмасу жұмысын бастайды, ағза мен ақыл-ой саулығына кепілдік береді, құнды қоректік заттарды көбірек алуға және жалпы тамақтану сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Алайда кейбір адамдардың таңертең тәбеті болмай, оразасын кейінірек ашуды жөн көреді. Таңғы астан бас тарту адам ағзасына қандай қауіп төндіруі мүмкін?
1. Қандағы қант деңгейі төмендеп, қант диабетіне шалдығу қаупі артады
Адам түні бойы ұйықтайтындықтан, қандағы глюкоза деңгейі онсызда төмен болып тұрады. Егер оны таңғы ас ішіп көтермейтін болсаңыз, ол өздігінен төмендеп, адам ашуланшақ, әлсіз болады.
Адам үнемі таңғы ас ішпейтін болса, уақыт өткен сайын қандағы глюкозаны бақылау механизмі бұзылып, 2 типті қант диабетіне әкеп соқтыруы мүмкін.
2. Интеллектуалды қабілет нашарлайды
Ағза мен ми таңғы астан күні бойы жұмыс істеуін қамтамасыз ететін маңызды қоректік заттар мен энергия алады. Үнемі таңғы ас ішпейтін адамның есте сақтау, ойлау, шешім қабылдау қабілеті нашарлап, уақыт өте ауыр ауруларға шалдығуы мүмкін.
3. Зат алмасу баяулап, салмақ қосылады
Негізі ағза таңертеңнен калорияның белгілі бір мөлшерін алуға бейімделген. Сондықтан таңғы асты ішпеу зат алмасу жұмысының баяулауына, ағзаның энергияны дұрыс жұмсау және сақтау қабілетінің бұзылуына, салмақ қосуға әкеп соқтыруы мүмкін.
4. Тәбетіңізді бақылай алмай қалуыңыз мүмкін
Адам таңертең тамақтанбаса, ағза күннің басқа бөлігінде калорияның жетіспейтін мөлшерін толтыру үшін аштық жариялайды. Мұндай кезде сіз тәбетіңізді бақылай алмай қалуыңыз мүмкін, сонымен қатар, таңғы ас ішпейтін, ал кешке шамадан тыс тамақтанатын адамдарда тамақтанудың бұзылуы ауруы (РПП) дамуы мүмкін.
5. Жүйке жүйесінің жұмысы нашарлайды
"Стресс гормоны" кортизол тек эмоционалды емес, сонымен қатар физиологиялық стресстен де бөлінеді. Ал таңғы ас ішпеу ағза үшін нағыз физиологиялық стресс. Салдарынан жүйке жүйесінің реттелуі бұзылып, жүрек соғу жиілігі жоғарылайды, адам тітіркенгіш, мазасыз болады.
6. Энергия төмендейді
Адам түнде ұйықтаған кезде энергия жоғалтады, ал оның орнын таңертең толтыру керек. Сондықтан таңғы ас ішпеу бас ауруы, көңіл-күйдің өзгеруі, көз қарауыту және ақыл-ой қабілетінің төмендеуіне әкеп соқтыруы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін күні бойы сергек жүру үшін қандай таңғы ас ішкен жөн екені хабарланған болатын.
massaget.kz
Фото: massaget.kz