Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мәһрдің мәні қандай?

Мәһрдің мәні қандай?

Жақында түскі асқа үйге келген болатынмын. Теледидардан халық арасында өзінің әзіл жауаптарымен танымал болған Нұрлан имамның сұхбаты болып жатыр екен. Сонда бір көрермен қоңырау шалып: «Жарыммен отасқаныма 20 жылдан асты. Біздің кезімізде мәһр болмапты. Қазір қайта некемді қиып немесе мәһрімді сұрасам бола ма?» деді. Сұрақтың оғаштығына күле қараған имам тек қана: «Ұйып отырған отбасыңыз – сіздің мәһріңіз. Қанша уақыттан соң өткен іске өкініп, қайта сұраудың реті жоқ деп ойлаймын. Сіздің жарыңыз ол міндетінен әлдеқашан құтылып қойған» деп жауап берді. Иә, мәһр мәселесі бүгінгі таңның дауы болғаны рас. Ал осы мәһрдің мәнін біз дұрыс ұғып жүрміз бе?
Мәһр – неке қиылған соң күйеу жігіттің қалыңдыққа беретін сыйы. Оған ешкімнің таласы жоқ, тек қалыңдықтың өзіне ғана арналған ақшалай немесе заттай сыйлық. Жалпы мәһрдің неке шартына қатысы жоқ. Ол болмағанда да неке дұрыс қиыла береді.
Мәһрдің бізге екі түрі белгілі. Бірі – мәһр муғажжәль. Ол неке қию сәтінде уақытылы берілген сый. Екіншісі – мәһрму'әжжәль. Ерлі-зайыптылардың келісімімен уақыты белгіленіп, кейін берілетін сый. Шариғат бойынша оған рұқсат берілген. Алайда егер жұбайы өмірден озса немесе ажырасса оны тездетуге тура келеді. Ажырасқан болса сол күні, ал жұбайы өмірден озса дүние-мүлкі мәһр ретінде әйеліне қалуы керек.
Көп жағдайда қыздың қалыңмалы мен мәһрді шатастырып жатады. «Қалыңмал берілді, мәһр керек емес» деген сынды пікірді де естіп жатамыз. Бұл туралы: «Мәһр – ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы. Ол кейбіреулер ойлағандай қалыңдықтың қалыңмалы немесе ақысы емес. Ер адам мәһрді беріп, қалыңдықты меншігі сияқты сатып алып жатқан жоқ. Керісінше, мәһр ер-азаматтың әйел адамға деген мұқтаждығын білдіреді, оның болашақ қалыңдығына шынайы сезімін көрсетеді. Күйеу жігіт қалыңдығына белгілі бір мөлшерде сыйлық жасайды», – дейді Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында. Яғни қалыңмал қалыңдықтың ата-анасына ризашылық ретінде берілетін сый ретінде қабылданбақ.
Енді мәһрдің көлемі туралы сөз қозғасақ, Ханафи мәзхабы бойынша мәһр құны – 10 дирхам күміс ақша. Бір дирхам – 14 карат немесе 3 грамм күміс, сонда жалпы 32 грамм күміс, 4 грамм алтын, шамамен 100 мың теңге. Бұл мәһрге тағайындалатын ең аз мөлшер, ал оның шегі жоқ. Егер қалыңдық 10 дирхамнан аз ақша немесе сыйлық сұраса, күйеу жігіт 10 дирхамға толтырып беруі керек. Оған дәлел Имам Құдуридің әл-Китабында «егер әйел 5 дирхам тұратын жүзік сұраса, күйеуі сұраған жүзігімен қоса 5 дирхамын қосып беру керек» делінген.
Негізінен ертеде мәһр жұбайы соғысқа кетіп қаза тапқан немесе жұбайымен айырылысқан жандарға тұрмысын түзеп алғанша көмек ретінде қарастырылған. Сол себепті оның құнына шек қоймай, балалы әйелдерге көмек болуын қалаған.
Енді бұл жерде ескеретін жағдай, оның бағасында шек жоқ деп қазіргі жастар арасында көлік, үй, жеке ұшақ секілді қымбат дүниелер сұрау сәнге айналған. Тұрмысқа шықпай тұрып-ақ «ертең ажырассам мені асырайтын зат болуы керек. Қазір 100 мың теңгеге не ала аласың, үйленгісі келсе қалағанымды алып беруге дайын болсын» деп жар салушылар көп. Әлеуметтік желіде түрлі дүниелерді сұрап, арзан атақ қуған жас отбасылар жетерлік. Олардың ішінде алғашқылардың бірі болып 20 жасында отбасын құрған, мәһрге шетелдік брендтің 4,5 миллион тұратын сөмкесін сұраған жұп танымал болды. Олардың вирустай тараған бұл видеосына халық пікірінің жартысы «өте көп сұрау, қыздың ақылы жоқ екен» десе, енді бірі «жағдайы жетіп тұрса неге әпермеске, қыз өзіне лайық нәрсені сұрап тұр ғой» деп екіге бөлінді.
Осыдан екі жыл бұрын мешітте некесін қиюға барған жастардың арасындағы жағдай да ел арасында біраз дау болғаны естеріңізде шығар. Онда мешітте некесін қиғалы жатқан жас қыз мәһрге қымбат "Hummer" көлігін сұрайды. Келіншегінің қымбат көлік сұрағанына жігіт үнсіз келісіп, имамға некенің қиылмайтындығын жеткізеді. Жігіт отырған имам мен куәгердің, тұрмысқа шыққалы отырған қыздың таңданған сұрағына «тұрмыстық өмірде де бұл дүниенің барлығын шамам келгенше алып берер едім. Дүниеге қызыққан қыздың келіншегім болғанын қаламаймын» деп жауап береді. «Ойнап айттым» деп ақталған қыздың сөзіне «Алланың үйінде ойнайтын әйел керек емес» деп, тарс кесіп жауабын айтады. Оқиғаны естіген қыздың анасы: «қыз тумадым деп өкінбеңдер. Мисыз қыздың барынан-жоғы. Ел-жұртқа масқара болдым. Қалталы, ақылды күйеуді Құдай берудей-ақ беріп еді, қыз ақымақ болса қиын екен», – депөкпесін айтқан еді.
Бұл оқиғаны естіген желі қолданушыларының да пікірі екіге бөлінді. Бірі жігітті «келіншегінің еркелігін көтере алмады» деп кінәласа, енді бірі «бұл қазақтың салты емес, жігіттікі дұрыс, қазіргі қыздар салтты сылтау етіп қатты кетіп барады» деген пікірлер айтуда.
Осы мәһр туралы туралы Құранда былай делінген: «...оларға некелесу шартымен тиісті малын төлеңдер(«Ниса» сүресі, 24-аят); әйелдердің мәһрлерін ықыласпен беріңдер. Егер әйелдер өз еріктерімен сендерге мәһрдің бір бөлігін берсе, одан сіңімді түрде жеңдер («Ниса» сүресі, 4-аят)» дейді. Әрі «мәһрге қаншама мал-мүлік пен қымбат қаржы берсеңдер де кейін олардан бір сабақ жіп те алмаңдар» деген сөз де бар.
Елге танымал «Астарлы ақиқат» бағдарламасына келген белгілі блогердің де мәселесі осы мәһр жөнінде болған еді. Келіншегі ажырасқан кезде «мәһрімді бер» деп үйіндегі 20 миллион ақшаны алып кеткен екен. «Ақшаның жартысы менікі емес болатын, ол – ұрлық» деп блогер өз пікірін білдірген. Бұл жағдайдан соң намаз жолындағы, өзінің жақсы мінезімен көпке танылған келіншек туралы да көпшіліктің ойы өзгерген. Желі қолданушыларының ең көңіліне тигені оның намаздағы, оранған жан екендігінде еді.
Міне, бәріміз білетіндей осындай түрлі қымбат дүниені мәһр ретінде сұрау жастар арасында көптеп таралуда. Әрине, барлық жанға кінә тағудан аулақпыз, дегенмен «сұраудың реті осы екен» деп жігіттің материалдық жағдайына қарамай талап етушілер көп-ақ. Оның жігітті қарызға батыратындай көп, қыздың көңілін қалдыратындай аз болмауы керек. Асыл дінімізде «әйелдердің ең жақсысы – мәһрінің аз болғаны» дейді. Сондықтан астамшылдыққа барып, бар қадірімізді жоғалтып алмайық.
Гүлмарал САҚТАПОВА

Фото: tirshilik-tynysy.kz/
06 қаңтар 2024 ж. 354 0