Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қойнауы құт, даласы жыр Қызылжар

Қойнауы құт, даласы жыр Қызылжар

Айдынды Арал өлкесі әсте дарынды да дара перзенттерімен танылған киелі топырақ. Соның ішінде талай дарынға пана болған Қызылжар елді мекенін есті жұрттың көбі білетін шығар. Кешегі Дәуқара Аймағанбетов, Берекет Омаров сынды алыптарды дүниеге әкелген бұл өлкенің өшпес өнер желісін Шымберген Сүлейменов, Гүлнұр Оразымбетова, Бексұлтан Орынбасаров сынды перзенттері іліп әкетті. Маңдайы күнге, табаны құмға күйіп өскен сол буынның ізін жалғайтын жас буын да бүгінде үлкендер салған жолмен жүріп келеді. Бүгін біз сол бір киелі топырқтың жетістігі мен жақсылығы жайында сөз қозғамақпыз.
Құжатта Райым ауылдық округі болып белгіленген бұл округтің орталығы Қызылжар ауылы. Тағы бір ауыл бар. Ол – Шөмішкөл. Екі ауылдың халық санын қоса есептегенде барлығы 1600-дің үстінде адам тұрады мұнда. Қожалық саны 268, оның ішінде экономикалық белсенді халық саны – 710. Сонымен бірге 2023 жылдың жеке және заңды тұлғалардан жиналатын салық түрлерінен салық түсімі толығымен игерілген.
1939 жылы негізі қаланған Қызылжардың аудан орталығынан шалғай жатқаны болмаса, экономикалық және әлеуметтік ахуалы тұрықты деуге толық негіз бар. Өркениеттің көшінен қалыс қалмаған елдің әкімі Рүстем Қарауымбетов атқарушы биліктің ауылдағы өкілі ретінде нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді.
Ауыл өзіңіз көріп тұрғандай, өнерлі әрі еңбекқор жандардан кем емес. Бейбіт күннің бағасын біліп, өз бетінше тіршілік етіп жатқан ауылдастарымның бір мүдде жолына жұмылуы әрбір істе нәтижеге қол жеткізуде. Мәселен өткен жылы атқарылған жұмыстарға келер болсам, тапсырылған бюджеттік өтінім негізінде көгалдандыру бағытында 2,2 млн. теңгеге қаржы бөлініп, бақшалық қоршау темірлері орналастырылды. Көркейту бағытында 2,8 млн теңге қаржы қаралып, Қызылжар елді мекенінің кірер бетіне Арка салу жұмыстары аяқталды. Көктемгі дала жұмыстарына келер болсам, ЖК "Берекетов Байназар" су тарту насосын орнатып, 17 г жерге жоңышқа дәнін егіп, 8 тонна жоңышқа шөптерін орып алды. Бұдан басқа дала жұмыстары қолға алынды, – ауыл әкімі Р.Қарауымбетов.

Сонымен бірге ауыл әкімінің қолдауымен ауыл тұрғындары 8 г жерге егін егіп: (қауын, қарбыз, асқабақ) бақша дақылдарын жинап алды. Бұл өнімдер уақытында ауыл тұрғындарына арзандатылған бағамен сатылып, ел тұрғындары өз өнімдерінің игілігін көрді. Бүгінде ел экономикасының негізгі күші кәсіпкерлік саласы десек бұл салаға ден қойған қызылжарлықтар да жоқ емес. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында енгізілген жобалар аясында Бисенбаева Бақыткүл 4,8 млн. теңге жеңілдетілген несиеге мал сатып, алып өз жұмыстарын жүргізілуде. Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында балық, құс өсіру және балық өнімдерін қатырып қабылдау бағытында 5 ауыл тұрғыны құжаттарын тапсырып, қаржысын күтуде. Сондай-ақ балықшыларды СТК-ға тіркеу бағытында Қаракөл көлінің иегері ЖК Әбдіков Әділжан 8 адамды заңды түрде балықшы есебінде тіркеп жұмыстарын жасауда. Осылайша ауылдық округтерде ашылған жаңа жұмыс орындары бойынша 18 адам кәсіпкерлер арқылы жұмыспен қамтылған.
– Аудан әкімінің елді мекендерді аралауда берген тапсырмалары мен тұрғындардың тұрақты кездесулерде көтерген ұсыныс-пікірлері ұдайы ескеріліп келеді. Соның нәтижесінде Қызылжар елді мекеніне кіреберіс автомобиль жолының құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, халық игілігіне пайдалануға берілді. Бұл жұмысқа республикалық бюджеттен 465 млн. теңгенің үстінде қаржы жұмсалды. Сонымен қатар Қызылжар елді мекенінде типтік жобадағы дәрігерлік амбулатория бойы көтеріп, бүгінде пайдалануға берілді. 400 миллионға жуық қаржы жұмсалған бұл нысан басы ауырып, балтыры сыздаған ауыл тұрғындары үшін есігін айқара ашты. Осы кезге дейін Қызылжар мен Шөмішкөлдің арасындағы жолдың жайы сын көтермей келген еді. Бұл мәселе де өткен жылы шешімін тауып, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген қомақты қаржы есебінен 12 шақырымдық жолға қатты тас төсеу арқылы көтермелеу жұмыстары жүргізілді, – деді ауыл әкімі.
Бұдан бөлек, 1,5 млн теңге қаржыға Қызылжар ауылының кіреберісіне арка орнатылса, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары нәтижесінде бақша дақылдарын егетін аймақты қоршау жұмыстары жүргізілген. Ал Шөмішкөл ауылдық клуб ғимаратының ауласын қоршау жұмыстары да өткен жылы толығымен аяқталған. Бұл жұмыстарға қаржы жергілікті бюджет есебінен тартылған. Міне, осылайша Райым ауылдық округінде бірқатар мәселелердің тіні тарқатылып, нәтижелі жұмыстар жүргізілді.
– Бізде ауылдық округке қатысты өзге де ағымдағы мәселелер бар. Атап айтар болсақ, «Ардана» жарма каналына зерттеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 2 көзді су тоспасын салу қажеттілігі анықталды. Бұл жөнінде облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына ұсыныс берілді. Сонымен бірге елді мекенде тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты өз бетімен салынған әуе желілері көбейген. Соның салдарынан электр энергиясына сұраныс артып, ескі қосалқы станция мен әуе желілері жүктемені көтермейтіндігі анықталды. Осыған байланысты Райым ауылдық округі әкімі аппараты тарапынан ЖСҚ дайындалып, 2022 жылы АБ комиссияға өтінім тапсырылды. Бұл бағыттағы жұмыстардың қаржы мәселесі алдағы уақытта белгілі болады. Биыл қолдау тауып жатса жұмыстар жүргізілетін болады, – дейді ауыл әкімі Р.Қарауымбетов.
Иә, өнер мен дәулет қонған өлкенің мәдени саладағы жұмысы да биік бір белес, бөлек бір төбе. Бұрын мұнда халық театры болғанын және оның қандай деңгейде жұмыс істегенін Сыр жұртшылығы жақсы біледі. Қазір де сол бір бекзат өнердің туын тік ұстаушы жаңа буын өсіп келеді. Қызылжар мен Шөмішкөлдегі кітапхана құнды қазыналар қоймасына айналса, клуб үйлері ізгі өнердің жақтаушысы һәм қолдаушысына айналып келеді. Кешегі шайырлардың сарқытына саналған Шымберген, Нұрсұлтандар барда кіндік кесіп, жөргек жуған жақұт мекеннің оты өшпек емес.
А. БИСЕНОВ

21 қаңтар 2024 ж. 326 0