Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Такси қызметі: жолақысын қалай төлеген жөн?

Такси қызметі: жолақысын қалай төлеген жөн?

Өткен жылдың соңында дүкен сатушылары мен такси жүргізушілері мобильді аударым арқылы төлем қабылдаудан бас тартып, халық біраз абдырап қалған болатын. Ол түсініспеушілік әлі де басылмай тұр. Әсіресе қала ішіндегі көлік қатынасын жиі пайдаланатын біздер көбіне мобильді аударым арқылы төлеп дағдыланып қалған соң, қолма қол ақша таппай қиналып қалғанымыз бар. Осы ретте тұтынушы үшін төлем жасаудың басқа қандай амалы бар? Такси жүргізушісіне төлем қабылдауда нендей мүмкіндіктер қарастырлған? Осыған тоқталсақ.

Жалпы соңғы жылдары мобильді аударымдардың танымалдылығы артып келеді. Оларды халық көбіне тауарды сатып алу, өзіне қажет түрлі төлемдер жасаумен қатар көбіне жол ақысын төлеуге пайдаланады. Соңғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, онлайн төлем саны 86%-ға дейін артқан. Олардың ішінде 6 жастан асқан балалар да қолма-қол төлемді аз жасайды екен. Себебі ата-аналардың 41,4%-ы балаларына карта рәсімдеген.
Бүгінде жеке кәсіпкер, мемлекеттік қызметкерден басқа отбасын асырау үшін такси жүргізушісі қызметін атқаратын жандар бар. Олардың көпшілігі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Бірақ олардың жеке шотына ай сайын 100 түрлі тұлғадан аударым келетіні белгілі. Ендігі жерде олар не істемек?
Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі Айнұр Сартаева бір мәлімдемесінде:
– Негізі кәсіп иесі кәсіптік мақсатта тапқан табысын заңдастыруы үшін бизнес шот ашуы қажет. Мысалы, маған айлық түсетін шот – ол жеке тұлға шоты. Ал егер мен кәсіпкерлікпен, саудамен, такси қызметін көрсетумен айналысып отырсам, онда менің бизнес шотым болуы керек. Сол арқылы тапқан ақшамның барлығы осы бизнес шотқа түсуі қажет. Осы жерде екеуінің аражігін нақты ажыратып алуымыз керек, – деген болатын.
Жақында Urban Forum зерттеуінің деректері бойынша, Қазақстанда такси агрегаторларымен 213 мың адам жұмыс жасайтыны белгілі болды. Олардың 83%-ы үшін бұл негізгі табыс көзі емес. Зерттеу көрсеткендей, агрегаторлармен жұмыс істейтін жүргізушілер дәстүрлі такси жүргізушілеріне қарағанда сағатына көп ақша табады. Жанармай шығындарын, агрегатор мен
такси паркінің төлемдерін, автокөлікті жалдау және амортизация сияқты барлық шығындарды ескергенде жүргізушіге түскен таза кіріс 51%-ды құрайды.
Бүгінгі таңда кез келген такси жүргізушісі мобильді қосымша арқылы тіркеліп, тиісті режимді таңдап, салық төлей алады. Оларға арналған ыңғайлы салық тәртібі бар. Мысалы, Yandex арнайы платформасында жұмыс жасаушы жүргізушілермен пилоттық жоба әзірленуде. Ол жоба бойынша такси жүргізушісі небәрі 1% салық төлейді. Сонымен қатар қызмет жасаушы үшін барлық міндеттемені платформа мамандары өздері көтеруде. Яғни жүргізуші ешқандай салық есептілігін толтырмайды, оны өз табысынан есептемейді.
Еске сала кетейік, қаржы вице-министрі Ержан Біржанов:
– Жеке жүргізушілер де арнайы орындарға немесе онлайн түрде «e-Salyq Business», «EgovMobile» және кейбір екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшалары («Halyq bank», «Kaspi bank», «BankCenterCredit») арқылы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, 1% мөлшерде салық төлей алады, оларға жеңілдіктер барынша жасалған, – деп пікір білдірген болатын.
Біздің қалада да қазірде жеке жүргізушілер көп екені рас. Діттеген жеріңе бару үшін алдымен «мобильді аударым қабылдайсыз ба? Каспий, халық онлайн аударымы арқылы төлей алам ба?» деп сұрау үйреншікті жағдайға айналды. Тіпті өзімізге белгілі «InDrive» платформасының жүргізушілері де толық кәсіпкерлік платформаға жатпағандықтан бүгінде аударым арқылы төлем қабылдаудан бас тартып жатқанын байқауға болады. Тек «Шах», «Ақжол» такси қызметтері ғана әзірге бұл режимде төлем қабылдауда. Олардың өзі де қала ішінде емес, қала аралық бағытта тасмалды қамтамасыз етеді.
Иә, бір жағынан такси қызметі бағасын салыстырсақ біздің қаламыз ең арзаны деуге болады.
Қалаған жеріңнен үйге дейін барсаң 200 теңге, көше бойынан мінген такси 100 теңге төлеу әлі де сақталып келеді.
Өзге қалада жүргізушінің өзі «тапқан табысым еңбегімді ақтамайды, көліктің жалға алу ақшасы, бензин пұл, оны кейде жөндеу жұмыстары көп шығынды қажет етеді» деп жағдайын айтып, қиындығын көрсеткенде, кейбір такси жүргізушілерінің қоғамның емес, қалтаның жағдайын ойлайтыны қиын. Оған мысал, кешегі Алматы қаласындағы жер сілкіну кезіндегі көлік тізгіндегендердің жолақысын қарыштатып жіберуі. Халықтың мазасы қашқанын пайдаланып, Ұзынағашқа 40 мың теңгеге дейін өсіруі және бұл жағдайдың бірінші рет емес, бірнеше мәрте қайталануы қоғамның ызасын келтірді.
Бұл заңнама аясында такси жүргізушілері көбіне «өз нәпақамды өзім тауып жүрмін, мемлекет маған ешқандай жағдай жасап жатқан жоқ, не себепті салық төлеуім керек» деп шағымданады екен. Айнұр Сартаева да мұндай пікірден, ойдан аулақ болуға шақырып, пікірін білдірді:
– Еліміз ары қарай дамып, өркениетті елдердің қатарына кірсін десек, әрқайсымыз салық төлеуді өзімізден бастауымыз керек. Шын мәнінде, салық төлемейтін такси жүргізушісі жарық көшелермен жүреді, жылы үйде тұрады, түзу жолмен жүреді, медициналық қызметтерді алады, балалары тегін емделеді, баласы мектепте тегін оқиды, оған қоса еліміздің қауіпсіздігі мен шекарасының қорғалуы бар. Осы шығындардың бәрі қайда кетеді? Егер осының бәріне қаражат болмаса, біз қалай ел боламыз? Азаматтар осыны сезініп, бойындағы патриоттық сезімді оятуы қажет, – деп айтты ол.
Не болса да өзінің адал кәсібі арқылы нәпақасын табу бүгінгі дамыған қоғамда адамгершіліктен қалған жұрнақтың бірі. Салықтан жалтарып заңсыз кәсіппен айналысар болсаңыз, астыртын әрекетіңіз әшкере болса қалтаңыз жұқарып, қомақты айыппұл арқалайтынын такси жүргізіп, кәсіп еткендер білуі тиіс.
Сондықтан заң аясында жұмыс істеу қоғамға да, ел экономикасына да пайдалы болмақ.
Г.САҚТАПОВА
30 қаңтар 2024 ж. 246 0