Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Аралтұз» өнімнің жаңа түрімен толықты

«Аралтұз» өнімнің жаңа түрімен толықты

Өткен жылы ауданда негізгі капиталға салынған инвестиция 2022 жылмен салыстырғанда 43,7 пайызға өскен. Бұл өз кезегінде аудан бюджетінің молаюына септігін тігізіп отыр. Ал 2024 жылдың бюджетін 15,2 млрд. теңгемен бекітіп, 2023 жылмен салыстырғанда 105,3 пайызға жоғарылады. Өткен жылы 135 мың тоннаға жуық йодталған тұз өнімдері өндірілді. «2021-2025 жылдарға арналған Индустриялық дамытудың тұжырымдамасы» аясында қуаттылығы 120 мың тонна ас тұзын өндіретін «Аралтұз» АҚ-ы жобасы өткен жылы іске қосылып, тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Бүгінгі мақалада өңірдегі ғасырлық тарихы бар кәсіпорынның ауқымды жұмысы туралы айтамыз.
Ақ алтынның мекеніне айналған кәсіпорының бүгінде еліміздегі ең ірі өндіріс орындарының бірі. Аралдықтар тіршілік нәріне баланған тұз өнімін «ақ алтын»атайды. Себебі оның құны бір замандарда алтынға пара-пар болған. Тіпті мемлекет қуатының негізгі көрсеткішіне айналған аса құнды қазына саналған. Сонау көшпелі мәдениет қалыптасқаннан бері құнын жоймаған өнім жайында айта берсек әңгіме көп. Алайда бір ған ақиқат бар. Тұз – көшпелі дәуір мен алтын ғасырдың арасын жалғаған уақыттың ең құнды қазынасы. Сол ақ алтынның қазіргі қоғамда да құны жоғары. Онсыз асыңыздың дәмі кірмейді. Олай болса біз сол баға жетпес байлықтың бастау бұлағынан сусындап отырмыз.
Қазіргі таңда тарихы ғасырлық кәсіпорын еңбек майданында екпінді жасағы бар табысты кәсіпорынға айналған. Тұз өңдеуде нәтижелі жұмысымен тұтас республиканы, қала берді шетелдерді тұзбен қамтамасыз етіп отырған «Аралтұз» кәсіпорнында бүгінде мыңдаған адам еңбек етеді. Неше буын алмасқан «Аралтұз» кеншілерінің аға буын ұрпақтары өнімді де сапалы еңбек етудің, саналы тәртіпті болудың, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып ұжым бірлігін сақтаудың ұйытқысы болудың тамаша дәстүрін жасап берген. Бүгінгі ұрпақ сол дәстүрді сақтап, толықтырып, байытып бір ғасырға жуық тарихы бар «Аралтұз» акционерлік қоғамы зауытының жаңа технологиялармен жұмыс істеуіне өз үлестерін қосып келеді. Соның арқасында Ресей нарығына өнім шығарып келген зауыт ТМД және алыс-жақын Еуропа, Орта Азия елдеріне өнімдерін жөнелтуге мүмкіндік алып отыр.
Тұз өндірісінде табысы еселеніп, ел экономикасының негізгі күшіне айналған кәсіпорын қазіргі таңда жүздеген мың тонна тұз өндірісін қалыпты жолға қойған. Қанатын кеңге жайған кәсіпорынның тынысы ашыла түсуде. Олай деуімізге негізгі себеп №2 тұз өңдеу цехтың күрделі жөндеуден өтіп қайта іске қосылуы. Онымен бірге зауыт жанынан тұз байыту бөлімшесі мен жаңа өнім түрлерін шығару үшін «R s D Center» зерттеу және дамыту орталығы іске қосылды. Қазіргі таңда №2 цехта – 78 адам, тұз байыту бөлімшесінде – 18 адам, зерттеу және дамыту орталығында 5 адам жұмыс жасайды.
Міне, осындай жаңа мүмкіндіктердің арқасында жаңа жетістіктерге қол жеткізген «Аралтұз» АҚ бұрын-соңды болмаған ваннаға арналған косметикалық 5 түрлі тұз және мұзға қарсы тұздың 4 түрін, сонымен қатар мал шаруашылығына арналған «Al Karal» биологиялық қоспамен малға жемтік тұз брикеттерін шығаруда. Осы жылдан бастап жаңа өнім түрлерін молайтуды көздеген кәсіпорын 25 түрлі жаңа өнім түрлерін шығаруды жоспарлауда.
«Аралтұз» АҚ-ның бас технологы Ақнұр Қалдыбаева косметикалық тұз шығару идеясының қалай келгендігі туралы айтып берді:
– Жалпы біздің кәсіпорынның басты тетігі – ол шикізат шығару. Бізден техникалық тұз сатып алатын компаниялар, бізден алған шикізатты өңдеп, косметикалық тұз шығарады. Олар шығара алғанда, біз де неге қолға алмасқа деген жаңаша идея келді. Біздің ваннаға арналған тұздармыздың бағасы да, басқа импорттық өнімдерге қарағанда қолжетімді. Және бұл өз кезегінде кәсіпорынның экономикасының дамуына да айтарлықтай септігін тигізіп отыр, – дейді кәсіпорын маманы.
Бүгінде қарыштап дамыған кәсіпорынның өткен тарихына көз жүгіртіп, архив құжаттарын зерделер болсақ, Арал теңізінің Орынбор теміржолына жақындау жерінен табиғи тұз табылады. Кейін соңғы зерттеулерге байланысты 1927-1932 жылдары Ғылым Академиясының лабораториялық экспедициялық зерттеулері бойынша табиғи тұз натрий тұзды бассейнін табады. 1927 жылы тұз өнеркәсібіне инженер Г.С.Глебанованың басшылығымен КСРО Ғылым Академиясы «Жақсықылыш» тұз көлінің тұзы құрамына зерттеу жұмысын жүргізеді. Осы уақыттан бастап КСРО Ғылым Академиясы «Жақсықылыш» тұз көлін жан-жақты зерттеуді өздеріне мақсат етіп қояды. Ал "Аралтұз" тресі кәсіпорны 1927 жылы құрылды. Бұған дейін тұз өндіру жеке шаруашылықтардың балық кәсіпшілігінде пайдалану үшін өндіріліп келді. Трест алғашында Сырдария губерниясының құрамына қарады. Губерния тарағанннан кейін Қызылорда өлкелік комитетінің қарауына берілді. Өлкелік комитет тараған соң Қазақ тұз өнеркәсібі бірлестігіне қарады.
Тұз алу көне және әлемде кең тараған өндіріс болып табылады. Шөгетін тұз тұзды көлдердің астынан шығарылады. Бұл тұз су түбінде өздігінен табиғи шөгеді. Осы ретте Жақсықылыш көлі – Қазақстанда осындай тұздың ең үлкен кен орны. Мұндай көлдердегі су «шипа су» деп аталады. Тұздың шөгуі жыл он екі ай бойы жүріп тұрады.
«Елде болса ерінге тиеді» деген дана халқымыз. Атағы Алашқа мәлім кәсіпорынның Жақсықылыш кентінде орналасқанынан ондағы ағайын жамандық көріп отырған жоқ. Керісінше, дәуір алмасса да құндылығын жоғалтпайтын өндіріс ошағында осы кенттің қаншама тұрғыны жұмыс істеп, нәпақа табуда. Сонымен бірге «Аралтұз»-АҚ кенттің әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне өз үлесін қосып келе жатқанын да айтпай кетуге болмас.
Осыдан бірер жыл бұрын кентке газ жүргізілді. Отын жағудың бейнетінен арылған жұрттың бүгінде қатары көбейіп, жер алып үй салуға ниеттенгендердің де саны артуда. Бұл кент көлемінің ұлғайып, түтіні еселеніп келе жатқандығын байқатады. Бүгінде 1200 адамды жұмыспен қамтып, тұтас бір елдің тіршілігіне арқау болған акционерлік қоғам еліміздегі маңызы бар мерекелерде көпшілік көңілінен шығатын мәдени шаралардан да шет қалмайды.
Расында, ел тынысын еселейтін еңселі кәсіпорынның болғаны жақсы. Ал ол сол елді жағалай қонған қауымға көмек қолын созып, қажет жерде демеуін көрсетсе, тіптен жақсы. Бұл межеде сенімге селкеу түсірмей, ірілі-ұсақты өзге де мекемелерге үлгі болып келе жатқан кәсіпорынның тұз өндірудегі табысты бағыты жалғаса береріне сенім мол.
Н. БАҚЫРАН
13 ақпан 2024 ж. 407 0