Бүйрегін бауырымен бөліскен нар қыз
«4 жыл аурудың азабын тартқан жан бауырым.. Тұрсаңшы, тұршы енді. Бердім ғой өзімнен. Алып кетші, Әдөгім» Бұл Жанар Боранбаеваның осыдан бір ай бұрын әлеуметтік желіге жүктеген әсерлі видеоларының астына жазылған жазбалар. Соны оқып көңілім толқып сала берді.
Иә өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын бауырды бәрінен жоғары бағалаймыз. Бір құрсақты жарып шығып, бірге өскен бауырдан артық кім бар, мына жалғанда? Туғанының басына сынақ түссе, бірге көтеру –парызың. Дегенмен бір бүйрегін жұлып беру, кез-келгеннің жүрегі дауалай бермейтін ерлік. Жанар Райханқызы – осындай ерлік жасаған ержүрек қыз. Ол өзінің туған ағасына бір бүйрегін беріп, келешегі бұлыңғыр жанның шамшырағын қайта жақты.
Жанар Боранбаева – әкесі Райхан мен анасы Әминаның кенжесі әрі жалғыз қызы. Үлкені Асылбек Боранбаев елге белгілі актер. Онан кейінгі ағасы Әділбек Алматы қаласына өз кәсібімен айналысады. Жанар – қаладағы №64 орта мектептің мұғалімі. Екінші ағасы Әділбектен осыдан 4 жыл бұрын бүйрегінің ақауы байқалған. Бұл жағдай отбасын сарсаңға салып, біраз абдыратты.
– «Менің туған бауырымның бүйрегінің қызметі нашарлап, санаулы уақытта ажал құшуы мүмкін» дегенді ойлаудың өзі қорқынышты болды. Ең бірінші Асылбек ағам қан тапсырған еді, бірақ сәйкес келмеді. Ал менің қан сараптамам толық сәйкес келіп тұрды. Бірақ ол кезде мен толық болатынмын. Дәрігерлер «Сізде шамадан тыс артық салмақ бар, ала алмаймыз» деп қарсылық білдірді. Сол кезден бастап мен «арықтаймын, қалайда бауырымды құтқарамын» деп өзіме мақсат қойдым. Қанша салмақпен күрессем де, ол мүмкін болмады. Әр жолы дәрігерге тексерілген сайын маған «жарамайсыз, толықсыз» деген жауаптар айтылды, – деген Жанар ағасын құтақару үшін барынша аянып қалмауға кіріскенін айтады.
Осылай жүргенінде арада зымырап 4 жыл уақыт өтеді. Кейін ол ең мықты деген дәрігерді іздестіре бастайды. Ақыры Астана қаласындағы ең мықты дәрігерді тауып, соның кеңесіне жүргінеді. Ол дәрігердің де уәжі «толықсыз, арықтау керек» дегенмен бітеді. Бұл кезде Әділбектің денсаулығы тым нашарлап кетеді.
– Соңғы кезде ағам тіптен нашарлап кетті. Күннен-күнге көз алдымда солып бара жатты. Көзіндегі үміті өшуге таяу Әділбекті көрдім. Көрдім де, жылай бердім. Сосын «қарным ашса да, сені өлімнен құтқарамын» деп ағама және өзіме серт бердім. Сенесіз бе, бір апта құр қызыл шәй ішіп, нәр татпастан жатып қалдым. Анам байғұс: «Қызым, балаларыңды да ойласайшы» деп екіұдай көңілде уайымға батты. Таңғы алтыда тұрып жаттығу жасаймын. Кешке тағы жаттығуға барамын. Осылай жанталас өмірім басталып кетті, – дейді ол.
Жанардың салмақпен күрескен әрекетін көрген кейбір таныстары: «қой, бұл арықтамайды» деген сөздер де айтқан көрінеді. Жанар үшін бұл сөздер үлкен мотивация болған. Ол арықтау үшін не істеу керек болса бәрін жасайды. Бар ойы бауырын құтқару болған Жанар бір ай ішінде 20 келі салмақ тастап, дәрігердің алдына барып, соңында отаға рұқсат алады.
– Сол жерде екеуміздің қалай қуанғанымызды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ағамның көздері нұрланып кетті. Мен өзімнің бір мүшемді алып тастағалы тұрғанын сезіп тұрсам да, сол бүйрегімнің ағама өмір сыйлайтынына іштей қатты қуандым. «Болды, бір рахаттанып тамақтанып алайықшы» дедім сосын ағама. Екеумізді отаға дайындады. Сонда дәрігерлер таң қалды. Біздің қан тамырларымыз да бірдей орналасқан екен. Мұндай жағдай сирек кездесетін көрінеді. Қанымыз да 99,9 пайыз сәйкес келді. Әрине пышаққа түсу оңай ма? Уайым болды. Бірақ бізді Алла қолдады деп ойлаймын. Ота сәтті өтті. Көзімді ашқанымда тірі екенімді білдім. Сосын алдымен ағамды сұрадым. Оны естіген дәрігер: «Ағаңыз да көзін аша салысымен сізді сұрады» деді. Отадан соң екеумізді бір палатаға жатқызды. Сонда ағам қолымды қысып тұрып «Рахмет саған, бауырым. Мені өмірге қайта әкелгенің үшін» деп алғысын айтты, – деп жүрек толқынысымен бөлісті кейіпкеріміз.
Иә, мен ол күндер де артта қалды. Отаның өткеніне де бір ай өтіпті. Жанардың жағдайы жақсы. Аман-есен отбасына оралды. Әділбек әлі де ауруханада. Бірақ әуелі Алланың құдіретімен, сосын бауыры Жанар сыйлаған бүйректі қабылдап, ағзасы жұмыс істеп кеткен. «Ағама мен сияқты қызуқанды, белсенді болып шығасың ертең. Себебі сенде менің бүйрегім бар деп әзілдесіп қоямын» – дейді Жанар.
Бауыр десе барын беріп, жанын қиюға даяр болу қазақтың қанына сіңген қасиет. Жаны нәзік қыз бала болса да, ағасына бір бүйрегін үзіп берген көңілі кең, пейілі пәк Жанардың ерлігі бауырмал халық екендігімізді тіптен дәлелдей түскендей. Ол бауырын өлімнен құтқару үшін барлық тәуекелге барды. Ақыры соңында мақсатына жетті. Жанар Райханқызының ерлік ісі, тәуекелшілдігі көпке үлгі.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ