Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлытау – ұлт ұясы

Ұлытау – ұлт ұясы

«Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. «Үш жүздің басын қосқан Ұлытауда» бабаларымыз ұлттың келешегін ойлап, бірліктің туын желбіреткен. Қалың қауым осы киелі өлкеде ел билеген хандарды ақ киізге көтеріп, таққа отырғызған. Сондықтан біз Ұлытау жеріне хан ордасы, қазақ жерінің кіндігі деп, ерекше құрметпен қараймыз!» деп Президентіміз айтқандай, талай тарихи оқиғаның куәсі болған Ұлытау жерінің халқымыз үшін орны бөлек.
Сондай-ақ атақты «Жаужүрек мың бала» фильміне арқау болған Сартай батыр бастаған «Мың бала» қозғалысы да осы маңда өрбігенін айта кету керек. Міне, бүгінде осы Үйтас жанындағы қорымдардың қасынан қазақ сарбаздарының ұлы жеңісін, ерлік даңқын айқындайтын «Бұланты шайқасы» стелласы бой көтерген.
Жақайым ағысынан тараған Құлымбет ағайындарда «Арал ауданынан Сартай атамыз бастаған мың бала құрамында біздің аталарымыз Олжабай шешен, Сасықбай бақсы 1723 жылы қалмақтарға қарсы Бұланты-Білеуті өзендерінің бойында кескілескен шайқастарға қатысқан» деген дерек бар. Өткен жылдың 21-23 шілде аралығында осы кісілер рухына арналып сол жерде ас беріліп, ескерткіш тақта қойылды.
Ауданнан 24 адам бардық. Жомарт Қартбайұлының ұйымдастыруымен осы шараға атсалысқан Құлымбет ағайындарға, ақсақалдарымыз Құтмамбетов Жақсыбай, Сұлтанов Тілек, Елеулиев Қарабай, Мамбеталиев Сейітжан, Сарымсақов Оразғали, Талқанбаев Асылбек молда, Аленов Сұлтанай, Еңсепбаев Айболат, Алдашев Темірхан, Мырзалиев Әзілханға рақметімізді айтамыз. Және арнайы Ақтөбеден келген Жолмағамбетов Демеубай жыршыға айтар алғысымыз мол. Осылайша ақсақалдар батасын беріп, ата-баба рухына құран бағышталды.
Қазақ елінің тұтастығы және ұлттың дамуы мен тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлғаның бірі қазақ батыры әрі би Сартай Байжанұлының Бұланты шайқасына Әбілхайыр ханның жасағын іздеп шыққаны жайлы жырда былай суреттеледі:
Қайып ерен қырық шілтен,
Сартайдың тобында.
Мінген аты Шалғасқа,
Мың баласы соңында.
Бұл құрылтай кезінде Қарақұм жерінде болған. Сол уақытта Орта жүзден Біржан сал қасындағы қосындармен келіп, елдің азаматтары бәйге ат жарысын ұйымдастырып, бәйгеден түскен малдарды, қаражаттарды осы қалмақтарға қарсы соғысқа бара жатқан Мың бала-ел адамдарына тамаққа, мініс көлігіне берген екен. Осы бәйгеде Біржан салдың Ақжелең деген аты бірінші келеді. Бұл бәйге туралы толығырақ Нұрмағамбет атамыздың дастанында бар.
Тағы айтарымыз, біздің барған жеріміз «Байқоңыр» разъезі деп аталады екен. Алғашқы космос сол жерден ұшқан. Орталығы – Әліби Жангелдин атындағы ауылдық округ. Бұрынғы атауы «Шоқпар» деп аталған, осы жерден көмір шығып, шахта қазылған. Ол жақтың тұрғындары Балкенов Келжан, Нұрлан Жүгінісов, Стамқұлов Мұқаш, Бекенова Гүлзат, Балкенова Гүлизат бізді күтіп алып, 3 күн жайлап, қызмет жасады. Осы кісілерге рақметімізді айтқымыз келеді.
Әрине, тарихы мол таудың әр тасы шежіреден сыр шертері анық. Оның әрқайсысына зер салып, зерделеген жан ұлттың ұйысқан жері де Ұлытау болғанына көзін жеткізе түседі. Мұнда еліміздің тарихына қатысты деректер жетерлік. Сонау ата-бабалар салған сара жол – бірлік, береке, ынтымақ жолы бүгінгі ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Ұлытау – әруақ қонған қасиетті таудың таза, тұнық ауасы мен мөлдір бұлағы арқылы ұрпақ бойына сіңген бабалар батасының белгісі деуге болады.
А.БИСЕНОВ

24 ақпан 2024 ж. 229 0