Тазалық – баршаға ортақ іс

Иә, тақырып тазалық туралы болғанымен, әлқиссамызда сәл жоғарырақта наурызбен ұштастырдық. Осы айдың басында аймағымыз бен ауданда сенбілік жұмыстары басталып кетті. Айнала тазалығына алаңдайтын ағайын игі іске біркісідей жұмыла білді. Әлі де сол үрдістің төңірегінде күл-қоқыстан арылу үшін қолға күрек-тырма алғандарды көріп, іштей сүйсінесің.
Барлық мөлтек аудандардағы сектор жетекшілеріне тазалық жұмыстарын жоғары деңгейде жүргізуді міндеттелді. Ендігі жерде жан-жаққа тал егіп, көгалдандыруға да айрықша басымдық берілуде. Қазақта «бір тал кессең, он тал ек» деген тәмсіл бар. Соның негізінде ел болып жұмыла көктемгі көшет егу жұмысына өз үлесімізді қоссақ, нұр үстіне нұр болмақ. Ендігі жерде бәріміз бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ортақ іске белсене атсалысайық. Себебі сенбілік ат төбеліндей адамдармен ғана емес, көппен бітетін жұмыс.
Сенбіде адам жата ма қарап тыныш,
Жасағанға не жетсін ғажап бір іс.
Туған жердің перзенті болғаннан соң,
Тазалыққа бәріміз жауаптымыз.
А. БИСЕНОВ