Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Асығы алшы түскен Азамат

Асығы алшы түскен Азамат

Асық қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зеректеу, табандырақ, шыдамды болып келеді. Сондай-ақ қолына сақа ұстап өскен әрбір ұрпақ жақсы білетін шығар. Асық ойнау үшін кез келген жер жарай бермейді. Алаңда немесе далада ойналатын ерекше ойын. Аядай жерге тығылмай ашық, кең аумақта ойнаған бала сол кезден-ақ еркіндікке бейім болып өседі.
Мұнан бөлек ұрпақ тәрбиелеуде осы ұлттық ойынның орны ерекше. Халқымыздың «Қой асығы демей-ақ, қолыңа жақса сақа тұт», «Асығың алшысынан түссін» деп мақалдап сөйлеуін де соны анық байқаймыз. Ал абыройы асқан, жолы болған жанды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп айтады.
Міне, алтын асықтай шәкірт тәрбиелеп, талай жастың асығы алшысынан түсіне себепкер болып жүрген азаматтар бүгінде ортамызда жүр. Солардың бірі – Азамат Балтабекұлы Көбелов.
Иә, Азаматты аудан жұртшылығы жақсы таниды. Ақтөбе қаласындағы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын дене тәрбиесі және спорт мамандығы бойынша бітіріп, еңбек жолын 2006 жылы Арал қаласындағы №14 мектеп-лицейінде бастаған ол, 2007 жылы №260 орта мектебіне дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып ауысады.
Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келген Азаматтың бүгінде ұрпақ, шәкірт тәрбиелеудегі еңбегі ерекше.
18 жылдық ұстаздық қызметінде талай талапты шәкірт баулыған жан Қызылорда облысының асық атудан аға жаттықтырушысы және асық атудан І дәрежелі төреші. Оқушылары көптеген додада жүлде салып келеді. 2014 жылдан бүгінге дейін түрлі деңгейдегі жарыстарда, ҚР чемпионатында асық атудан, бес асықтан жүлделі орындар мен чемпиондықты қанжығасына байлап жүрген жастарды ұлттық спортқа тәрбиелеген Азаматтың оқушылары Ұлттық ойындар фестивалінде 2015 жылы асық атудан ІІІ орын, 2023 жылы бес асықтан ІІІ орын, 2022 жылы Көкшетауда өткен ауыл жастары ойындарында бес асықтан ІІІ орынды иеленіп қайтқан.
Қазірде жары Әсел екеуі үш бала тәрбиелеп отырған Азамат әлі талай чемпиондарды жаттықтырып, Аралдың атын танытарына сенеміз.
О. ЖОЛДАСОВ
16 наурыз 2024 ж. 278 0