Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақы нақыш қайта жанданды

Қазақы нақыш қайта жанданды

2016 жылы сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Арыс қаласындағы жаңа дендросаябақтың лентасын қиды. Демалыс орнының ашылу салтанатына жиналған қатысушылардың күннің суығында жеңіл көйлекпен жаурап тұрған қыздарды назарына алып, бұл əрекетті асыра сілтеушілік деп, концерттік бағдарламаны тоқтатып тастағаны елді сүйсіндірген. "Ағайындар-туғандар, кез келген ұлт жазда жаздық, қыста қыстық киіммен шығады. Сіздердің кигендеріңіз жаздық киімдер. Қыздарымыз бүрісіп тұр. Бұндай асыра сілтеу болмасын. Барлықтарыңызға амандық тілеймін", – деген еді.
Расында елдігіміздің, ұлттығымыздың белгісі ретінде баланған дүние лердің бірі – ұлттық киім. Этникалық, экономикалық және климаттық жағдайлар ескеріліп, ежелгі дәстүр бойынша тігілетін бұл киімдерге салынған зер мен ою-өрнектерден, сыру әдістерінен олардың рулық, тайпалық ерекшеліктері мен тұрмыс-тіршілігін де анық аңғаруға болады. Оған бір ғана шапанның төмендегіше түрлеріне қарап байқаймыз. Әдетте, қазақ шапандары алдыңғы екі өңірі, артқы бой, екі жең және жағасы ойып пішіледі. Оның етек жағы енді, бел жағы енсіз келеді. Бұл жалпылама сипаты болғанымен, үш жүздің қазақтарында өздеріне тән өзгешелік тағы бар. Мәселен, ұлы жүз қазақтарының шапандары көбінесе жолақты, сырмалы, етек-жеңдері ұзын, әшекейлі келсе, орта жүз тұрғындарының шапандары бір беткей матадан, сырусыз, етектері шалғайлы, жеңдері кең, жағалары шолақ оймалы немесе түймелі болғанын жиі атайды. Ал кіші жүз қазақтары киген шапандар шалғайлы, жеңдері ұзын және кең, жүн тартқан, бидайлаған қалың, қайырма жағалы болып тігілген.
Бұл жайында этнограф-ғалым Ө.Жәнібеков өз дерегінде: «Қазақы киім – өзіне тән ерекшеліктерін сақтап бізге жеткен заттық-тұрмыстық мәдениеттің бірден-бір көрінісі» деп атап көрсеткен. Біз осы бір ауыз сөзден-ақ, қазақи құндылыққа баланған ұлттық киімдердің тарихы тереңнен басталғанын анық байқаймыз.
Көне ұғымдар бойынша адамның басы аспан әлемімен байланыстырылып, бас киімдерді қастерлеп, түрлі әлеуметтік, таптық, рулық дережелерді айыру белгілеріне байланысты құстың қанаты мен қауырсыны да тағылды. Осы бір тұстағы таптық ерекшелік сөзіне қарап-ақ, қоғамның өзінде қазақ ұлтының киім кию мәдениеті өте жоғары болғанын түйсіну қиындық тудырмайды. Рас, өте ерте замандарда көшпелі кезеңде жоғарғы тап өкілдері, хандар мен патшалар, батырлар бас киімдеріне құс қанаттарын орнатса, бертін келе, орта ғасырларда да бұл дәстүр жалғасын тауып, батырлардың дулығасында құстың қауырсындары болған. Өзімізге байқалмайтын болар, бүлдіршіндеріміздің қолына қалам беріп, батырдың бейнесін қағазға салдырсақ, барлығы бірдей бас киімдерін осылай суреттейді. Демек, ұлттың санасы да әлі күнге дейін ерте кездің жұқанасымен жалғанып келеді дегенді дәлелдейтіндей. Дулығадан бөлек, асыл тастармен бейнеленген «жыға» аталатын бас киімдер де құс қанатымен әсемделген. «Бастан жыға қисайды» деген фразеологиялық тіркестер тек киімнің емес, дәреже мен беделдің белгісі бас киімімен бағаланғанын алға тартады.
Міне, қазақ ұлтының киім мәдениеті қаншалықты тамыры тереңде жатқанына аз-кем ғана мәлімет беріп өттік. Бірақ осыншама құнды мұрамыздың ұлықталмауы – ұлтымыз үшін ұят дүние. Мәселен, түбіміз бір көршілес өзбек ағайындардың ала шапаны мен «төбетей» аталып кеткен тақиясы әлі күнге мәдениетінен ысырылып қалмады. Түрі мен тілінен бөлек, осы киімдері арқылы ажырата алатын дәрежедеміз. Ал, бүгінде өзіміз күнделікті «айыр қалпақты ағайын» деп атайтын қырғыздар әлгі «айыр қалпағын» құнды жәдігерге балап, заң аясында қорғауға алған.
Иә, құндылығымыздың осыншама қадірін кетірген кім? Тілегеніңді сұрамай-ақ табатын, қалауыңды қас-қағым сәтте орындайтын бүгінгі таңда сұраушылар аз ба, әлде ұсынушылар әлсіз бе?–деген сауалмен бірнеше тігін шеберханасының қызметкерлерін мазалап қайттық. Өкініштісі, сұраныстың аздығында болып шықты. Аздығы дейміз-ау, тігіншілердің сөзінше, сұраушылар мүлде жоқтың қасы екен. Барлығының "Біз осы істі кәсібімізге айналдырып, табыстың көзі етіп отырмыз. Сұраныс барынша көп болса, жұмысшыларымыз да жігерлене, желпіне түседі. Халықтың тұрмысы жақсарған сайын тапсырыспен киім тіктіріп, талғамындағы тауардан таңдаған дүниесін кие алады. Бірақ, біздің шеберханаға ұлттық киім тіктіріп кию үшін келетіндерді соңғы рет қашан кездестіргенімді де білмеймін", – дейді.
Міне, бұл жайында талай жаздық. Бірақ соңғы жылдары байқап жүргеніміздей ұлттық нақышқа бет бұрып, барынша құндылықты қадірлейтін кездің орала бастағанын анық аңғарамыз. Тіпті той-томалаққа бара қалсаңыз да қазақы нақышта киінген азаматтар мен қыз-келіншектерді жиі байқап жүрміз. Ал қызығышулық білдіретін жандардың жас шамасы қалай екенін кәсіпкер Жанар Дәрібаевадан сұрап көрдік.
– Қазір мейрамның уақыты. Тұтынушылар әдетте осындай уақытта көптеп келеді. Бүгінгі таңда күніне 10-15 киім, тіпті одан да артық сатылып жатады. Ал басқа уақыттарда күніне 2-3 адам ғана ұлттық нақыштағы киімдерді іздеп келіп жатады. Бір қуанарлығы, олардың көпшілігі дерлік жастар мен мектеп оқушылары, – дейді.
Иә, жастар мен балалардың қызығушылығы жоғары болғаны бізді де қуантты. Елдің келешегі болып саналатын олардың бұл қадамы алдағы уақытта да елдігімізді, өткенімізді ұмытпай, қазақылығымызды қадірлейтін ұрпақтың өсіп келе жатқанына дәлел. Бұл ретте өскелең ұрпаққа өшпес өнеге көрсетіп жүрген ұстаздардың, білім саласында жүрген жандардың тәрбиесі ерекше екендігін ашық айту керек.
Қалай десек те, ұлттық болмысымызды танытатын ұлттық киімімізге өзіміз жанашыр болмасақ, біреудің жыртығын басқа келіп жамап бермейді.
О.ЖОЛДАСОВ
Фото: yassy-tur.kz
19 наурыз 2024 ж. 234 0