Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Трендтегі тақия: дұрыс па, әлде бұрыс па?

Трендтегі тақия: дұрыс па, әлде бұрыс па?

Әр елдің өзіне тән ұлттық киімдері мен салт-дәстүрлері болады. Мәселен, Қытай мемлекеті қаншама уақыт бойы Хань әулетінің киімдерін киді. Міне, осыдан ханьфу деген атау шықты. Олар ұлттық киімдерінің астынан ципао деп аталатын ұзын көйлек киеді. Ал Үндістанда сари аталатын дәстүрлі көйлек қыздар қауымына белгілі. Тіпті бұл киім бүгінгі кезге дейін өзекті болып келеді. Ежелгі Египетте бүрмеленген киімдер киілетін болған.
Қазақ халқы да ұлттық киімдер жағынан өзге елдерден кем емес. Сан ғасырлық тарихы бар ер мен әйел киімдері, сондай-ақ бойжеткен мен бозбала киімдерінің де өзіндік ерекшеліктері болған. Соның бірі – тақия кию дәстүрі. Қазақта бас киім кию екіге бөлінеді. Оның біріншісі – ерлер бас киімі болса, екіншісі – әйелдерге арналған бас киімдер. Әйелдер мен қыздарға арналған бас киімнің түр-әлпеті мен оны тігу және түрлі әшекейлермен безендірілуі жағынан ерекше.
Ертеде қыздар үшін тақия кию аса маңызды, әрі міндетті болмаған. ХІХ ғасырдан бастап атаулы бас киімді қыздар көптеп кие бастаған. Ол қазақ даласына Орта Азия қолөнершілері арқылы келген екен.  Зерттеу жұмыстары бойынша қыздардың скуфьясы үшкір болған, сондай-ақ ер адамдардың тақияларынан ерекшелігі болмаған. Бойжеткен тақиялары қыздық дәуірдің белгісіндей ұқыптылықпен, әдемі тігістермен, моншақтар және теңгелер сынды әшекейлермен сәнденген. Сонымен бірге төбе жақтарына жіп шашақтар мен тұмар ретінде үкі таққан. Иә, үкі жүні қазақ салт-дәстүрі бойынша әсемдіктің белгісі болған. Бойжеткен тақиялары алқызыл, қызыл, жасыл немесе күлгін түстермен тігілген. Тақияның біршама түрлері де болған. Атап айтар болсақ, биік төбелі, тегіс төбелі және үшкір төбелі тақия деп аталған.
Халық жазушысы Фариза Оңғарсынова апамыз: «Заман жаңа, түр жаңа, киім жаңа, кінәлама ерсі деп мұнымды ана» демекші, бүгінгі қазақ қоғамында қыздар арасында тақия кию трендке айналды. Иә, көшеге шықсақ, заманға сай   киінген, арнайы минимализм стилімен тігілген тақия киіп жүрген бойжеткендерді кездестіреміз. Осы орайда ойға  бұл тренд қоғамға қалай келді және оны танытқан кімдер деген сауал оралады.
Ұмытылып бара жатқан ұлттық бас киімді қайта жаңғыртқан ел азаматтары Әлішер Бақыт пен жұбайы Еркеназ Ақтілеуова екен. Олар ерте кезден ұлттық киімдер кәсібімен айналысып келген. Жас отбасының «Moonshuaq» сәнді тақиямен бірге, ұлттық киімдерді жалға берумен айналысатын «Qyrmyzy collеction» атты кәсіппен айналысады.
Жұбайым екеуміздің ұлттық киімді жалға берумен айналысатын "Qyrmyzy colltcеion "деген компаниямыз бар. Қазақстан бойынша 6 қалада жұмыс істейміз. Былтыр киімдерді тек жалға берумен ғана емес, оны күнделікті киетін киімдер қатарына қалай енгізсек болады деген ой келді. Сол ойдың жетегімен қазақтың тақиясын қазіргі заманға лайықтап шығаруға бекіндік. Алдымен бренд атауын ұзақ іздедік. Соңында жұбайым "Moonshuaq" деп қойды. Яғни, Moon – ағылшын тілінде «ай» деген сөз. Сонда «айдың шуағы» дегенді білдіреді,– дейді жас отбасы телеарналарға берген сұхбатында.
Қазіргі жастар еркіндікті қалайды емес пе?! Бұл тақияны орамалмен немесе қазақы киіммен тағу керек деген қағида жоқ. Кез келген киіммен кие беруге болады. Сондай-ақ тақияны кез келген матадан тіге беруге болады. Иә, бұл да дәстүрді жаңғыртудың бір түрі екені белгілі. Алдағы уақытта  ұмыт болып бара жатқан ұлттық киімдерімізді сәнге айналдырсақ артық болмас еді. Қайта қаракөз қыздарымыз ұлттық киімдерді толықтай танып, оның тарихына зер салады емес пе?! Сол үшін асыл қазынамызды ардақтап, кейінгі ұрпаққа үлгі ете білейік.
А.НҰРЛАНОВА
14 маусым 2022 ж. 1 330 0