Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Ұлттық киім лайықты ұлықталса...

Ұлттық киім лайықты ұлықталса...

Наурыз – қазақ халқының ең қастерлі мерекелерінің бірі. Бұл күні көне дәстүрлер жаңғырып, ұлттық тағам дайындалып, барша жұрт ұлттық киім киіп, ойындар ойналады. Наурыз айы мереке мен берекесін толтыра келеді. Алғыс айту, нәзік жандылар мерекесінің артынша мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын Рамазан айы басталды. 22-наурыз көне жаңа жыл ретінде – әз Наурыз де төрге енеді. Әсіресе мереке жақындағанда мектепте оқитын, балабақшада тәрбиеленетін өрендеріне ұлттық киім іздеген ата-аналар базарға ағылады.
Иә, көздің жауын алатын небір ұлттық киім түрін тек мереке күні ғана іздейтініміз өкінішті. Дәл мейрам қарсаңында бағасы да шарықтап кететіні де жасырын емес. Бір қуантатыны, биыл мерекеден 10 күн бұрын оқушыларға ұлттық үлгіде киіну ұсынылыпты. Құптарлық.
Қолөнердің басты бір саласы – киім тігу десек, қазақ халқының бұл өнері көне заман тарихымен бірге дамып, біте қайнасып келе жатқанын көреміз. Ата-бабаларымыз негізін қалап кеткен киім үлгілері бүгінде заманауи қалыпта тігіледі. Олар талай халықты әсемдігімен баурап, мойындатқаны да анық. Бүгінде қазақша киімді сахналарда, мерекелік іс-шараларда ғана киіп жүрген қыз-жігіттер мен аға буын өкілдерінен көреміз. Көрген көздің жауын алып, назарын бұрғызатын қазақтың ұлттық киімін Қасиетті Мекке Мәдина қаласына қажылыққа барған сапарында жерлесіміз, эстрада жұлдызы Жазира Байырбекова киіп, елді сүйсіндірген болатын. Қазір де бұрынғыдай емес ұлттық киімді мектеп формасын енгізіп, қазақылықтың нышанын байқатып жатқан білім беру орындарын естіп жатамыз. Осыған байланысты көпшіліктің пікірін білген болатынбыз.
Гүлнар Анапияева – қолөнер шебері.
Мен мектепте қырық жыл ұстаз болып қызмет етіп зейнеткерлікке шықтым. Зейнет демалысында қазақтың ұлттық өнерін дәріптеуге кірістім. Осы арқылы көптеген адамдармен кездесіп пікірлестім. Негізінде қазақтың сыртқы киіміне қарап оның кім екенін аңғаруға болады. Тарихи-мәдени мұрамыз бен өткен ғасырлардағы салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды, халықтың жағдайын осы ұлттық киiм арқылы кеңінен зерттеген. Одан бөлек киім, оның ішінде бас киім де адамның жасы, қоғамдағы орны, отбасылық жағдайы, қызметі, шығу тегі және басқаларын білдіре алады. Олар адамның дене мүшелеріне сәйкес бас киім, иықтық киім, белдік киім, аяқ киім деп бөлінген. Пайдалану, тұтыну ерекшеліктеріне байланысты күнделікті, сәндік киімдерге, жыл мезгілдеріне қатысты қыстық, маусым аралық және жаздық киімдер болып бөлінеді. Қазақтың ұлттық киімдерінің қайсысын алып қарасақ та, оның көзтартатын ерекше көркемдігін байқауға балады. Халқымыздың тағы бір ерекшелігі, қазақ киімінің тәуірін ежелден қыз-келіншектер киген, әшекейдің де ең асылын нәзік жандылар таққан. Жас қыздар бүрмелі етекті көйлек, бешпент, камзол, қынама бел киімдер, басқа үкі кепеш, аяққа мәсі, оюлы кебістер киген. Бойжеткен қыздар бастарына кәмшат бөрік, сәндеп өрнектеген ақ шыт орамал тартқан.
Ұлттық киiмнiң түрлерін жоғары талғаммен тiгiп, дүкенге қойса, халықтың көзi үйренiп, сатып алуға әрекеттенер едi. Дүкен мен базардан мұндай дүниелердi көрмеген соң адамдар ұлттық киiм киюдiң қажеттiгi жөнінде ойланбайды да. Ұлттық киім тігуді табыс көзіне айналдырып, әркім өз жобасын жасай беруге де болмас. Әрине, ұлттық киімдерді заманға сай өзгерту керек те шығар. Әйтсе де, оны үлкен талғаммен жүзеге асыру қажет.
Маруся Нұрмағамбетова – З. Шүкіров атындағы қалалық мәдениет үйінің басшысы.
Біз ұлттық өнермен біте қайнасып жатқан жандармыз. Сондықтан әрбір мерекелік шарада өзімізге арнап ұлттық киім киімді тапсырыспен тіктіріп қоямыз. Дегенмен де еліміздегі ұлттық киімнің насихатталуы қарын аштырады. Жұрт тек Наурыз мерекесі тұсында ғана қолпылдаған кең шапан, көзіне түскен даңғарадай қалпақ киеді. Сосын келесі көктемге дейін ұйпа-тұйпа қып сандығына тығып қоятын сыңайлы. Дизайнерлеріміз әлі күнделікті киюге қолайлы, ықшам, көрікті ұлттық киім үлгілерін тігіп, өмірге енгізе алмай келеді. Қырғыз, қытайдан келетін өтірік киізден тігілетін ақ төбетей, бейсболкалар киімнің құнын түсіріп бітті. Үлкен ізденіс, үлкен бетбұрыс керек. Оның үстіне ұлттық киімнің бағасы нарықта тым қымбат. Әркімнің алып киюіне қолайлы баға болу керек. Тек соңғы кезде ғана жас қыздарға арналған белдік, тақия сынды дүниелер сәнге айналды. Егемен ел болған жылдар ішінде бірқатар ұлттық құндылықтармыз қайта оралды. Ендігі жерде ұлттық киімге жаңаша өң беріп жаңғыртсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Тіпті кез келген киімге ұлттық нақыш қосып өрнектесек, өзге халықтан сырт бейнемізбен ерекшеленіп тұрған болар едік.
Қазақтың ұлттық киімдері керемет. Әрине жастар мұндай киімдерді тек мереке күндері ғана киюге іздейтіні жасырын емес. Біз үшін мұндай киімдердің құндылығы тым бөлек. Тіпті мектеп формасына ұлттық киім ретінде айшықтайтын ою жабыстырып, заманауи үлгіде ұсынса да жарасымды болар еді. Біз болашақты тәрбиелеушіміз. Балалар білім алумен қатар қазақтың тарихи құндылықтарын өздері тұтыну арқылы да бойына сіңіре алар еді. Сол себепті халқымыз «ел боламын десең бесігіңді түзе» деген нақыл сөзді қалдырған. Осы аптадан бастап біздің мектепте оқушыларға ұлттық киім киіп келу ұсынылды. Әрине бәріне бірдей міндетті емес. Десе де бұл ата-аналарға ұнап қалған сыңайлы. Басым көпшілігі ұлттық үлгіде киініп келді. Мектептің шырайы кіріп, өзгеше бір әдемілік көрініс тапқандай болды. Оқушылар ұлттық киімге ерекше құрметпен қарауда.
Нұрайлым Мейрамқызы– тігін шеберханасының иесі.
Бізге де тек халық мереке күнінің қарсаңында ғана қазақша көйлек, камзол, бөрік тіктіруге келеді. Онда да балалар болмаса, үлкендер жағы сәнді камзол киюге асықпайды. Сосын сүндет той, тұсаукесер сынды дәстүрлі тойларда ғана ұлттық киім киіледі. Біз мұндай киімдерге асып бара жатқан баға қоймаймыз. Дизаиндық, тігу жұмыстары мен матасын ғана есептеп қалтаға қонымды бағада ұсынамыз. Бұл базардағы шетелден келген киімдерден қымбат емес. Тек халқымыз әлі бұған назар аудармай отырған сыңайлы. Негізінен біз халқымыздың мерекеде киетін әшекейлі киімдерін ғана білеміз. Шын мәнінде, ұлттық киімнің түрі өте көп. Мал шаруашылығын тіршілік көзіне айналдырған халқымыздың киім үлгісі де шаруаға жайлы болған. Шындап мән беретін болсақ, ұлттық киімнен ыңғайлы керемет киім жоқ. Біз мұндай киім тігуден қашпаймыз. Сұраныс болса болғаны. Жуырда бірнеше мектептің бір сынып оқушылары түгелдей бір үлгіде жакетке тапсырыс берді. Балабақша тәрбиешілері де ұлттық нышан байқалатын қызметтік формалар тіктірді. Осыдан-ақ ұлттық киімнің қайта салтанат құрып келе жатқандығын аңғаруға болады.
Қазақтың көне ұлттық киімдеріндегі ою-өрнектерді сақтай отырып, қазіргі уақытқа ыңғайланған сан алуан киімдер мен әшекейлерді қолданысқа енгізуге, күн¬делікті гардеробымызды ұлттық үлгі¬де тігілген киімдермен толтыруға болады деп ойлаймын. Ұлттық үлгіде тігілген киім арқылы жастардың бойы¬на патриоттық сезім ұялатуға болады. Отандық өндірісті қолдай отырып, экологиялық таза материалдан тігілген киім мен әшекейлерді киюге жол ашу керек. Мысалы, мектеп оқушылары, студенттер және мемлекеттік қызметшілердің костюмдері мен галстуктарына қазақтың ұлттық элементтерін салып күнделікті жұмысқа киіп келсе несі айып?! Шетелдерге өзіміздің ұлттық элементтері бар сапалы киімдерімізді ұсына отырып, отандық өнімдерімізді экспортқа шығаруға барлық күш-қуатымызды салсақ жөн. Абайдың айтуынша, «киім кию салты арқылы адамның мінез-құлқы, қоғамдағы орны, болмысы анықталады». Сондықтан еліміздің жастары сәнді және әдемі киінсе, олардың өмір сүру сапасы да жақсара түседі.
Назерке МАРАТҚЫЗЫ
Сурет: ашық дереккөз 
12 наурыз 2024 ж. 949 0