Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлттық спорт – ұлттың құндылығы

Ұлттық спорт – ұлттың құндылығы

Ұлтымыздың Ұлы мерекесі Наурыз тойы биыл жылдағы дәстүрден ерекше сипатта көрініс алды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Наурызнама» түғырнамасын бекітті. Соған сәйкес қазақстандықтар ұлық мерекені 10 күн бойы думандатып тойлауда. Наурызнамаға сәйкес «20 Наурыз – Ұлттық спорт күні» болып белгіленген. Қазақ қазақ болғалы ат үстінде күн көріп өмір кешкелі бері халқымызбен бірге жасасып келе жатқан спорттық ойындарымызды дәріптеу кейінгі ұрпақтың міндеті.
Әрбір ұлттың өзіне тән өмір сүру дағдысымен бірге қалыптасқан салт-дәстүрі, мәдениеті мен әдебиеті бар. Сол сияқты тұрмысының бөлшегіне айналған ұлттық спорты да болатын белгілі. Қазақ халқының ұлттық спорт түрлері де жайдан жай бекітіле салмаған. Қайсыбір ойын түрін алып қарасақ та дәлдік пен шапшаңдықты, ақыл ойдың ұшқырлығын талап етеді. Көне тарих беттеріне көз жіберсеңіз, халқымыздың жігерін жанып, салауатты өмір салтына деген сүйіспеншілігін оятқан спорттық ойындардың көптеген түрлеріне кезігеріңіз анық.
Атап айтсақ, ат спортының түрлері, ақыл-ой ойындары, күрес түрлері, жеңіл атлетика, күш сынасу сияқты адамға жігер беретін, санасын серпілтетін ұлттық ойындардың қай-қайсысының да руханият төрінен ойып тұрып орын алатындай қадірі мен қасиеті бар. Тәуелсіздіктің арқасында ұлттық спорт түрі де қанатын қомдады. Елімізде жыл сайын ұлттық спорт түрлерінен республикалық, халықаралық жарыстардың көптеген түрлері өтуде. Бір қуантарлық жағдай – қазіргі жастардың ұлттық спортқа деген қызығушылығы мен құлшынысы.
Кейінгі жылдары ат жарыстары, көкпар, аударыспақ, құсбегілік, қазақша күрес, сонымен қатар тоғызқұмалақтан өтіп жатқан республикалық,халықаралық жарыстарды жүйелі түрде өткізу жолға қойылды. Демек, біздің ұлттық спортымыз спорт саласындағы әлемдік қауымдастыққа кіре бастады.
Жалпы, қазақ баласының бесіктегі тербелісінен бастап, бүкіл ғұмыры ұлттық спортпен тығыз байланысты. Құрбы-құрдастарымен асық ойнауы – мергендік пен дәлдікке, ептілікке, бес жаста ат жалын тартып мінуі – батылдыққа, күресуі – әдіскерлікке, көкпар тартуы – күштілікке тәрбиелейтін құрал.
Тәубе дейік, бүгінгі таңда қазақ күресі елімізде қарқынды дамып келеді. Ең басты қуанарлық жағдай – оның мемлекеттік қолдауға ие болуы. Атап айтар болсақ, «Қазақстан барысы» жобасы бойынша мықты палуандарымыз жыл сайын қомақты сыйақыларға ие болуда. Осы жайдың әсерінен, көптеген жастарымыз қазіргі таңда аталған спорт түріне қарай бет бұруда. Тау көтерген Толағайдың, хас Баһадүр Қажымұқанның, Балуан Шолақтың ұрпағы емеспіз бе, күреске деген құмарлық біздің қанымызда бар.
Қазақтың дара туған дарынды тұлғалары Абай Құнанбайұлы, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин ұлттық ойындардың балаларға білім мен тәрбие берудегі пайдасы мен мәнін жоғары бағалап, осынау құндылықтың өміршең болуына баса назар салу керектігін айтса, қазақтың талантты ақыны Мағжан Жұмабаев ұлттық ойындарды халық мәдениетінің бастау-бұлағы, адамның ойлау қабілетінің дамуына игі әсер ететін негізгі элементтердің бірі деп таныған.
Ұлттық спорт түрлері – ұлтымыздың тәрбие негізіндегі алтын діңгегі. Халқымыз «Тәні саудың жаны сау» деп түсініп, дәстүр-салтымен біте қайнасқан ұлттық спорт түрлерін бүгінгі ұрпағына мирас етті.
Н.БАҚЫРАДИН 
23 наурыз 2024 ж. 325 0