Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Кімдерге МӘМС төлемеуге болады?

Кімдерге МӘМС төлемеуге болады?

1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға төленетін жарналар мен аударымдар мөлшері өзгерген болатын. Елімізде мемлекет 15 жеңілдік санатына кіретін азаматтар үшін 2024 жылы 5852,63 теңге жарна төлейді. МӘМС жарнасын жаңа мөлшермен қанша адам төлеп үлгерді? Қазақстандықтар МӘМС-ті көбіне қандай қызмет алу үшін пайдаланады? Осы мәселеге қатысты сұрақтардың жауабын алу үшін Massaget.kz тілшісі Медициналық сақтандыру қорына ресми сауал жолдады.

Қор мәліметінше, МӘМС жарналары мен аударымдарына биыл наурызға дейін 5 370 970 адам төлем жасаған. Ал былтыр МӘМС жарналары мен аударымдарын 6 682 431 адам төлеген.

Қанша адам МӘМС сомасын пайдаланып үлгерді, ал қаншасы әлі пайдаланбады?

МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар медициналық көрсеткіштері болса, еш шектеусіз медициналық қызмет түрлерін ала алады.

"Дегенмен айта кету керек, адамның төлеген жарна көлемі де маңызды емес. Мысалы, дербес төлеушілер ай сайын 4250 теңге төлеп сақтандырылған болса, қосымша қаржы төлемей керек ем-домын ала алады. Бір азаматқа бірнеше миллион теңгенің операциясы қажет болса, ол керек анализдерді тапсырып, тексерулерден өтіп әрі ота жасатқан соң, қажет болса оңалтудан өте алады", - делінген ресми жауапта.

Қай өңірде МӘМС-ті белсенді пайдаланып жатыр?

Қор мәліметіне сүйенсек, жыл сайын МӘМС жүйесінің игілігін көріп келе жатқан азаматтардың саны артып келеді. Әр өңірдің сақтандырылған азаматтары медициналық көрсеткіштері болса, толық көлемде медициналық қызмет түрлерін алуға құқылы.

Адамдар МӘМС-ті көбіне қандай қызмет алу үшін пайдаланады?

Медициналық сақтандыру қорының ресми жауабында консультациялық диагностикалық қызметтер сұранысқа ие екені атап өтілген. Оған қоса, жоғары технологиялық медициналық қызметтерді де көң пайдаланады. Оған бұрын-соңды елімізде жасалмаған операциялар да кіретін көрінеді. Дегенмен адамдар денсаулық жағдайына қарай кез келген қажет қызмет түрлерін ала алатынын ұмытпаған жөн.

Жеңілдігі бар адамдарға МӘМС сомасын есептеу қалай жүзеге асады?

Жарна төлеушілердің бірнеше санаты бар екенін ескеру керек. Олардың ішінде мемлекет тарапынан сақтандырылатын 15 жеңілдік санаты бар. Жеңілдік санатына кіретін халықтың жалпы саны 11 миллионнан асады. Олар:

18 жасқа дейінгі балалар;
зейнеткерлер;
ҰОС ардагерлері;
барлық топтағы мүгедектер;
"Алтын алқа", "Күміс алқамен" марапатталған көпбалалы аналар;
жұмыс істемейтін жүкті әйелдер;
декретте отырған аналар;
мүгедек бала күтіміне байланысты жұмыс істемейтін азаматтар;
күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер және т.б.
Айта кетейік, бұған дейін биыл МӘМС үшін кім қанша төлеуі керек екені хабарланған болатын.

Фото: sputnik.kz
03 сәуір 2024 ж. 229 0