Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » «Алтын дәрігер» атанған абзал жан

«Алтын дәрігер» атанған абзал жан

Ол 37 жыл медицина саласымен біте қайнасып тіршілік етіп келеді. «Дәрігер болсам» деген балалық тілек оны медицина саласының білікті маманы етіп шыңдады. Сонау бала арманы оны алдаған жоқ. Жетістіктер биігінен көрініп, мамандығының құрметтісіне айналған жанды әріптестері де жоғары бағалайды. Біз 2023 жылы Ұлттық медицина ассоциациясының «Алтын дәрігер» атағын жеңіп алған Байтұрсынов атындағы ауылдық емханасының дәрігері Айнаш Мырзалиева туралы айтып отырмыз.
Айнаш Алшынбайқызы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітірген соң 1987 жылы жолдамамен Қазалы ауданының ауруханасында еңбек жолын бастайды. Кейін отбасын құрған соң туған жерге келіп еңбек ету бақыты бұйырады. Осылайша 1991 жылы аудандық ауруханада терапевт дәрігер болып жұмыс істейді. Кейін 1999 жылдан бастап Байтұрсынов атындағы ауылдық емханасына аймақтық дәрігер қызметіне тағайындалады.
– Бала кезімнен дәрігер болуды армандадым. Әрине, адам өмірін жауапкершілікке алу оңай емес. Дегенмен дертіне дауа, жанына шипа іздеген жандарға қол көмегімді жасап, олардың ауруынан айығып, қалыпты өміріне қайта оралуына қолдау көрсету мен үшін құрметтің ең биігі болды. Бастапқыда акушер-гинеколог болуды ойлағанмын. Кейін ойлана келе жалпы медицина, емдеу ісі мамандығын алдым. Жас маман болдық. Тәжірибе жинақтап шыңдала түстік. Еңбек жолында түрлі дертке шалдыққан адамдармен күн сайын жүздесіп, оларға дәрігерлік көмек көрсетіп келемін. Бұл менің ең бірінші маман ретіндегі парызым деп білемін. Дәрігер үшін біліктілік пен көркем мінезді болу аса маңызды. Себебі науқас алдымен дәрігердің қабағын бағады, – дейді 37 жыл өмірін аудан медицинасының дамуына арнаған дәрігер.
Оның жауапкершілікпен атқарған еңбегі елеусіз қалған жоқ. Кәсіби мерекелер қарсаңында аудан, облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталып келеді. 2014 жылы өзінің тәжірибелі маман екендігін дәлелдей алған Айнаш Алшынбайқызы «Үздік емхана дәрігері» аталымы бойынша облыс әкімінің 1 миллион теңге сыйақысын еншілеген. Қызылорда қаласының 100 жылдығы мерейтойына орай төсбелгімен марапатталған.
– Жетістіктер мереймізді өсіріп, мәртебемізді биіктететіні сөзсіз. Бірақ ешқашан «мен марапат алайын» деп сұранып көрген емеспін. «Сырт көз сыншы» дейді ғой. Басшылық, одан қалды қарапайым халық бағалап, лайық деп тауып ұсынып жатады. Мұндайда елдің құрметіне бөлену әрбір маман үшін ең бір жүрек тебірентерлік сәт деп ойлаймын. Бәрінен де дерт жанын жүдеткен жандардың батасын беріп, шын жүрегімен айтқан алғысын есту мен үшін бар марапат пен мақтаудан биік тұрады, – дейді дәрігер.
Жоғары санатты дәрігер өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан халқының денсаулығын сақтауға қосқан үлесі үшін Ұлттық медицина ассоциациясының «Алтын дәрігер» атағын жеңіп алды. Бұл – осы саладағы жоғары біліктілігімен кәсіби шеберлігін танытқан, жемісті еңбек етіп жүрген дәрігерлерге берілетін марапат.
Кейіпкеріміз еңбекте абыройлы, білікті маман болумен қатар отбасылық бақытқа кенеліп, ұл-қыз тәрбиелеп отырған отанасы. Жолдасы Бектібай да елге еңбегімен танылған азамат. Теміржол саласында ұзақ жылдар табанды еңбек етіп, бұл күні зейнет демалысына шыққан.
– Ұлым Нұрсұлтан медицина саласын таңдады. Қазір аудандық емханада хирург болып еңбек етуде. Ал қыздарымыз Гауһар мн Раушан мұғалімдік мамандықты меншіктеді. Біз балаларымыздың мамандық таңдауда өз еріктеріне қалдырдық. Жүректері қалаған мамандықты таңдағаны дұрыс деп ойлаймын. Негізінде адам өзі шын қалап алған мамандықы меңгергенде ғана жетістікке де, табысқа да жете алады, – дейді Айнаш Алшынбайқызы.
Дәрігерлік – жауапты мамандық. Мұнда адам тағдыры тұрғандықтан еш қателесуге болмайды. Бұл ретте дәрігерлер үнемі білімін жетілдіріп, ізденіс үстінде болып, өз саласында ем жүргізудің барлық тәсілдерін жетік меңгеруі тиіс. Осы тұста біздің кейіпкеріміз саналы ғұмырын ауданның денсаулық сақтау саласының дамуына арнап, барлық үдерістен шыға білген жан деп айтуға болатындай.

Н.МАРАТҚЫЗЫ

16 сәуір 2024 ж. 330 0