Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Алғыс арқалаған абзал жан

Алғыс арқалаған абзал жан

ЕЛ ІШІ – АЛТЫН ҚАЗЫНА. АЛТЫН ҚАЗЫНАНЫҢ БІРІ – КӨПТІ КӨРГЕН, КӨЗІ АШЫҚ, КӨКІРЕГІ ОЯУ ҚАРТТАР. ОЛАР ЕЛІМІЗДЕГІ, ҚОҒАМДАҒЫ, АЙНАЛАМЫЗДАҒЫ БАРША ЖАЙЛАРҒА, ТҮРЛІ ЖАҢАЛЫҚТАРҒА ЖІТІ НАЗАР АУДАРЫП ОТЫРАДЫ. ОҢТАЙЫ КЕЛІП СҰРАЙ ҚАЛСАҢ, ӨТКЕН ТАЛАЙ ШЕЖІРЕ ТАРИХТЫ ҚАЗБАЛАП АЙТЫП БЕРЕДІ. МІНЕ, ОСЫНДАЙ ҚАЗЫНАЛЫ ҚАРТТЫҢ БІРІ – ЕРБОЛАТ НАЖЫМАШҰЛЫ.
Қарапайым ғана жұмыс істеп, ұрпақ өрбітіп, солардың қызығына тоғая қарап, шүкіршілік айтып отырады. Иә, қарапайым дегенімізбен, қарабайыр дей алмайсың. Олай дейтінім, Ерболат ақсақал еңбек зейнетіне шыққан соң, қолына қалам алып, өзінің кіндік кескен туған жері туралы «Көкаралда өткен өмір» деген кітап жазып, кейінгі ұрпаққа табыстаған. Туған жердің тарихын мен айтпасам кім айтады деген ұстанымды ұстап, бір қыдыру шаруа бітірген. Оның бер жағында күнделікті баспасөзді қадағалай оқып, соның ішінде сүйікті басылымы «Арал әлемі» газетіне шұқшия қарап, өңірдің бүкіл мәдени, рухани жаңалығын біліп отырады. Денсаулығы мәнтті бола қоймаса да, қолына түскен жаңа кітаптарды қалт жібермей сүзіп шығады.
Ерболат ақсақал жақында: «Менің бір дәрігер қызым бар, біраз жылдардан бері денсаулық саласында абыройлы қызмет етіп келеді. Аты Гүлдариха. Осы Гүлдариха қызымның есімі биылғы жылы Қазақстанның «Алтын кітабына» енгізілді» деп қуанышымен бөлісті. Әрбір жаңалыққа елең ете қалатын дағдылы әдетімізбен ол туралы сұрастыра бастадық. Туған жердің бір түлегінің денсаулық саласының білікті маман ретінде еленуі – біздер үшін мақтаныш болатындай реті бар. Анау-мынау емес, өз кәсібінің бір танымал саңлағы ретінде Қазақстанның «Алтын кітабына» енуі тегіннен-тегін болмас. Бізді қызықтырған осынау кітапты да тауып алып, ол туралы деректермен жете танысып шықтық. Және бір білгеніміз, бүгінгі ақ халатты абзал жанның Көкарал өңірінде өмір сүрген үлкен атасы Қоспай ишан кезінде Алланың мейірімі түсіп, түнде ұйқыдан оянса, сәлдесінің ішінен бүктеулі қағаз көреді. Аңтаң болған ол қағазды білімдар молдаларға көрсетсе, арапша жазылған ерекше шатырхат екен. Онда көркем жазумен кестеленіп оның болашақта қасиетті адам болатын-дығы, оған Алланың мейірім-шапағаты түскендігі, сондықтан да өзінің киелі қасиетімен елхалықты емдейтіндігі айтылады. Содан бастап Қоспай ел арасындағы дін ғұламаларынан білім алып, кейін өзінің туған ауылына мешіт салдырып, осы маңда мұсылманша бала оқытып, емшілік қасиетімен дараланған екен.
Иә, осылайша адамдарды түрлі аурулардан айықтырып, заманның бір атақты емшісіне айналады. Қанша уақыт өтсе де Қоспай ишанның есімі кейінгі ұрпақ жадында сақталып, ұмытылған емес.
Біздің кейіпкеріміздің дәрігерлік саласын таңдауына осы қасиетті атасының емшілік істері мен халыққа тигізген шапағаты туралы көп естіген әңгімелерінің септігі тигені анық.
Гүлдариха Арал қаласындағы №199 мектепті бітірген соң, Қармақшы аудандық ауруханада ота жасау бөлімінде кіші аяжан болып еңбек жолын бастады. Ауруханадағы қым-қуыт тіршілікті, науқас үшін жан ұшырған сәттерді, дәрігерлердің өмір үшін ажалмен арпалысы оған қатты әсер етті. Сөйтіп осы бір саланы қалаған Гүлдариха Қарағанды медициналық академиясының емдеу факультетіне түсіп, жақсы оқып бітіріп шығады.
1998-2000 жылдары жас маман Жаңақорған аудандық емханада терапевтдәрігер болып жұмыс жасайды. 2002- 2003 жылдары Жосалы кентіндегі Обаға қарсы күресу бөлімшесінде дәрігербактериолог, 2003 жылы Арал қаласындағы А.Байтұрсынов атындағы емханада аймақтық дәрігер, 2004 жылы Қызылорда қаласындағы 6-емхананың «Коммунизм» филиалында аймақтық терапевт, 2009-2016 жылдары Қармақшы аудандық емханада аймақтық терапевт, кейін профилактикалық бөлімшеде бөлім меңгерушісі, 2016- 2018 жылдары Қызылорда облыстық онкология орталығында қызметтерін атқарған. Осы жылдары ол дәрігер ретінде мықты маман болып қалыптасты.
Белгілі дәрігер Гүлдариха Ерболатқызы Қызылорда қаласының «Жанар» медицина орталығында УДЗ, терапевт мамандығы бойынша жұмыс жасаған. Қазір «Азиямед» атты өз клиникасын ашқан. Жақсы дәрігер әрқашан науқастардың жанында. Солардың алған емінің шипалы болуына барынша күш салады. Қалыпты өмірге оралуына қызмет етеді.
Міне, осындай ұстанымдарды ұстанған Гүлдариха адал еңбегінің арқасында 2013 жылы «Ең үздік денсаулық сақтау саласының қызметкері» аталымымен ма-рапатталған. 2017 жылы Денсаулық сақтау саласына зор үлес қосқаны үшін облыстық денсаулық сақтау департаментінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Міне, қарапайым ғана дәрігер, елжұрттың денсаулығының жанашыры болып жүрген ақ халатты абзал жан Гүлдариха Ерболатқызы еңбегі еленіп, Қазақстанның «Алтын кітабына» еніп отыр. «Шеше көрген тон пішер» дегендей, қызы Ақбота да осы дәрігерлік мамандықты қалап отыр.
Қазіргі таңда танымал дәрігер Гүлдариха Еуропалық радиологтар қоғамының мүшесі, І дәрежелі УДЗ және терапевт дәрігері.
Дәрігер – ол абыройлы, мықты, керемет мамандық.Ең бастысы, батылдықты, мықтылық¬ты, жауапкершілікті талап ететін мамандық. Орыстың атақты жазушысы А.Чехов: «Дәрігер болу – ерлік, ол үшін жанқиярлық, жан тазалығы және ой тазалығы қажет» - деген екен. Міне, осындай талап үдесінен шығып жүрген Гүлдариха Ерболатқызы адал еңбегінің арқасында осылайша ел құрметіне бөленіп жүр. Е.АБДУЛЛА
08 қараша 2022 ж. 1 047 0