Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » "Толқыннан" түлеп шыққан қаламгер

"Толқыннан" түлеп шыққан қаламгер

Тарихы терең Арал өңірінің сан ғасырлық бай, рухани және материалдық шежірелік жәдігерін, тарихын жинақтайтын екі орын болса, бірі – аудандық «Толқын» газеті, екіншісі – аудандық тарихи өлкетану мұражайы. Ал, осы екі маңызды орында ғұмырының бір бөлігі өткен азамат болса, ол әрине, туған өңіріміздің нағыз әмбебап шежірешісі болатындығы шындық.Адам баласының туған жері кіші Отаны. Кімкім де болса, өзінің ата-қоныс туған жерінің тарихын, өткен күндерінің шежіресін, аңыз-әпсаналарын, киелі жерлерін, жер-су атауларын, даңқты тұлғаларын білуге ұмтылады. Алайда, қағаз бен қаламмен кештеу табысқан қазақ халқының өткен тарихының көптеген парақтары ұмытылып, тарихта бедерленбей ақтаңдақ болып қалған. Ал сол өшкен тарихты қайта тірілтіп, өңір шежіресін қайта түзейтін жандар бар. Олар – қаламгерлер, өлкетанушылар. Өлкетанушылар жалпы әр саланың адамдары болса да, туған жерге деген ыстық сүйіспеншілігі оларды өзі өмір сүретін аймақтың, өңірдің, өлкенің, ауылдық ел көзінен таса болған, отаршылдық кезінде санадан өшірілген жайларын кейінгі ұрпаққа таныту үшін ерен еңбек етеді. Тарихшы ғалымдардың өзі кейде осындай мықты өлкетанушылардың деректеріне қызығушылық танытып жатады.
Арал өлкетанушы-қаламгерлерінің алдыңғы легінде келе жатқан жүйрік қалам иесі, белгілі журналист, музей саласының майталманы – Аманкелді Өткелбаев. Кәсіби журналист үшін жазатын тақырып көп қой. Әлекең өзінің оң жамбасына келетін зерттеу, іздену тақырыбы қылып ата-мекеннің айшықты тарихын, би-батырларын таңдап алған. Ұзақ жылдардан бері осы салада ізденіп, талай тарихи шежірелі кітаптарды ақтарып, құйма құлақ ескілердің сөзін тыңдап, біршама істер тындырды. Соның айғағындай болып 2010 жылы «Арал - тұнған сыр» атты кітабы жарық көрсе, 2016 жылы «Қолтаңбам қалар артымда» атты жинағы шықты.
«Арал - тұнған сыр» кітабында автор өзі туыпөскен айдынды Арал аймағының жер-су атауының шығу төркіні және осы өңірдегі ескерткіштер туралы ізденістерін жариялаған. Бұл тарихи-танымдық кітап бүгінде мектеп оқушылары, тарихшы ұстаздар үшін таптырмас құнды дүние болып отыр. Мектеп шәкірттері осы кітапта айтылған жер-су атаулары бойынша әрі қарай ізденіп, қаншама ғылыми жобалар қорғады. Бұл дарынды өлкетанушы еңбегінің ақталғаны деп ойлаймыз. Ал, «Қолтаңбам қалар артымда» атты жинағында қаламгер әр жылдары мерзімді баспасөзде жарық көрген мақалаларын топтастырған. Онда Арал өңірінен шыққан батырлар, жүйелі сөздің өрен жүйріктері - ақындар мен шайырлар, от тілді, аузы дуалы бишешендер, сонымен қатар арғы-бергі дәуірде ел халқына қалтықсыз еңбек еткен тау тұлғалы азаматтар жайлы деректі очерктері мен мақалаларынан оқырман көп деректер алады.
Аманкелдінің ел, шежіре тарихын өте жақсы білетіндігінен де болар, Арал аумағына табаны тиген, осы өңір туралы қалам тербеймін деген алыс-жақын шетел және отандық журналистер, зерттеуші-ғалымдар осы ағамызға бір соғып, сұхбат алмай кетпейді. Қайбір жылдары ол әлемге танымал «Рейтер», «Түрік әлемі», сондай-ақ «Қазақстан» телеарналарына Арал аймағының бүгінгісі мен кешегісі туралы деректерін мазмұнды әңгімелеп, өткен күннің тарихын таразылап талдап берген.
Қаламы жүйрік журналист, білім білігі терең ғылыми қызметкер Әлекеңнің жұрт білмейтін қыры көп. Халқымыз «Ер жігіт сегіз қырлы, бір сырлы болсын» демей ме. Ол осы аталы сөзге лайық жан. Ол туралы ақын Толыбай Абылаев: «Оның кешегі кезге дейін өлең жазатынын екінің бір біле бермейтін. Сөйтсек, Әлекеңнің қойын дәптеріндегі әсерлі жыр шумақтарын бір жиында тебіреніп-толғанып оқығанын көргенде өз құлағымызға өзіміз сенбегенбіз» дейді қаламдас әріптесі туралы шынайы толғанып. Шынымен де, Әлекеңнің поэзия әлеміне деген құштарлығы адам қызығарлықтай. Жүрек сезімін, көңіл күйінің толқындарын ақ қағазға кестелеп түсіріп отырыпты.
Бүгінде өңірімізге аты белгілі болып отырған ардагер қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аманкелді Өткелбаев 1946 жылы Арал қаласында теміржолшы Жаңбыр қарттың жанұясында дүниеге келген. Жастайынан жазуға құштар болып, жергілікті газеттерге алғашқы туындыларын жариялап жүрді. Осы талабы ақыры оны баспасөзге алып келді.
Ағамыз еңбек жолын 1965 жылы аудандық «Толқын» газетінде фототілші болудан бастаған. Газет ішін еңбек озаттарының, белгілі азаматтардың, болған оқиғалар сәттерінен түсірген суреттерімен толтыра жүріп, осы басылымда қызмет істеген қабырғалы қаламгерлер Мәлік Сәрсенов, Шәкірат Дәрмағамбетұлы, Сағынжан Ермағанбетов, Кеңес Өмірзақов, Омар Әбдуәлиев, Ыбырай Әлжанов, Шөмішбай Сариев, Өмірбек Төлепов, Оңдасын Бектұрғановтармен қоян-қолтық араласып, жазу өнеріне машықтана түсті. Солардың ықпалы болар, әскер қатарында азаматтық борышын өтеп келгеннен соң, Алматы қаласындағы С.Киров атындағы Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін өндірістен қол үзбей жүріп бітіріп алды. Қоғамдық белсенділік бойында ерте қалыптасқан Әлекең біраз жылдар «Приарал» кеңшарының жастар комитетінің хатшысы қызметін абыроймен атқарды, тәжірибе жинады. Ел-халықтың тұрмыс-тіршілігімен жете танысты. Дегенмен қайда жүрсе де қолынан қаламы түспейтін Әлекең 1977 жылы «Толқын» газетіне қайтып оралып, әдеби қызметкер болып орналасты. Ауданның жаңалықтарын жазуда ұшқырлық танытып, көзге түсті. Содан да болар туған жерімізде алғаш радио хабарларын тарату студиясы ұйымдастырылғанда тілшілікке тағайындалды. Ол кезде радио информация бөлімі газеттің жанында болатын. Сол бөлімде журналистік қызметін жалғастырды. Кейін аудандық «Қазақ тілі» қоғамы жанындағы «Асыл мұра» газетінің жауапты хатшысы, әдеби қызметкер болып, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, дарынды ақын Мешітбай Құттықов редакторлық еткен басылымның мазмұнды шығуына көп үлес қосты. Бұл газет тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұрын айтылмай келген ақтаңдақтарды ашуда, ел ішіндегі аңыз-әңгімелерді, ауыз әдебиетінің түрлерін жариялауда үлкен еңбек етсе, соған Әлекең бір адамдай атсалысты.
Тәжірибелі журналист 1992 жылы Арал аудандық тарихи өлкетану музейіне ғылыми қызметкер болып орналасты. Музей ауданымыздың өткен тарихының айнасы іспетті емес пе. Оның құнды жәдігерлермен толығуына бар күш-жігерін салды. Және әрбір жәдігердің сипаттамасын жазып, халық назарына ұсынып отырды. Және де өткен күндер тарихын жүйелеуді осы қызметінде жүріп жолға қоя білді. Туған жердің тарихын жақсы білетін абыз ақсақалдардан өткен күндердің әңгімелерін жазып алудан еш ерінген емес. Бүгінде сол әңгімелерді, тарихи жайларды мақала қылып жазып, жергілікті басылымдар арқылы үнемі оқырмандарға ұсынып келеді. Соның жемісі болар 2013 жылы «Құрылтай» апталық газетінің халықтық марапаты «Үздік шығармашылық иесі» аталымына ие болды.
Жиырма жылға жуық ауданның тарихи өлкетану музейінде ғылыми қызметкер болып еңбек еткен Аманкелді Өткелбаев 2009 жылы зейнеткерлікке шықты. Оның қаламнан туындаған оқырман қауымға ой салатын мақалалары «Жас Алаш» «Ақмешіт апталығы» «Құрылтай» «Арал әлемі» сынды газеттермен «Мәдениет және тұрмыс» журналында жарық көргенін атап өткеніміз жөн. Өзі зейнетке шықса да, қаламы зейнетке шықпаған Аманкелді ағамыздың әлі де жазары көр деп ойлаймыз. Оқу мен ізденуден жалықпаған қарт бүгінде 75 деген мерейлі жасқа келді.
Бүкіл ғұмырын ауданның өткені мен бүгінін түгендеуге арнаған кәсіби шығармашылық иесінің қолынан әлі де қаламы түспей келеді. Оқырмандарының еңбекқор қаламгер ағадан күтері көп. Бүкіл саналы ғұмырын туған жерінің өткені мен бүгінгісін түгендеуге, жинақтауға, оқырмандарға таныстыруға арнап келе жатқан журналист ағаның халқына берері әлі де көп деп ойлаймыз.
Ерғали Абдулла,
Абай ЕЛЕШ
13 қараша 2021 ж. 1 449 0