Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Марапат төрінен көрінген дәрігер

Марапат төрінен көрінген дәрігер

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Қазақстан халқына Жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында өткізілген «Қазақстанның құрметті азаматы» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды. Ерекше сый-құрметке ие болғандар арасында білім және ғылым, медицина, спорт және мәдениет, мемлекеттік қызмет, заң, қорғаныс істері саласының мамандары да болды.Құрмет марапатының иегерлері арасында жеңімпаз атанған жерлесіміз, білікті дәрігер Асылхан Нұрхожаев Астана қаласында өткен салтанатты рәсім кезінде көп жылдар бойы медицина саласында жемісті еңбек еткені және қоғамға сіңірген айрықша еңбегі үшін аталмыш төсбелгімен және І дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ дәрігер есімі «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» энциклопедиясына енгізілді.
Асылхан Нұрхожаев 40 жылдан астам медицина саласында жұмыс істеп келеді. Ол 1968 жылы қаладағы №13 Т.Г.Шевченко атындағы орта мектепті бітірген соң, Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, 1975 жылы "емдеу ісі" мамандығы бойынша тәмамдаған. Сол жылы Қызылорда облыстық ауруханасында интернатурасынан өтіп, еңбек жолын 1976 жылдың тамыз айында аудандық ауруханаға хирург-травматолог болып қызмет етуден бастады.
1984-1988 жылдары Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы, Базой елді мекенінде ауылдық аурухананың бас дәрігері, кейін Арал аудандық аурухананың травматология бөлімшесінде травматолог маманы қызметін атқарды. Әр жылдарда аудандық денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіподақ комитетінің төрағасы, аудандық аурухана бас дәрігерінің емхана жөніндегі орынбасары, "Абай" жанұялық-дәрігерлік емханасының аға дәрігері, Арал аудандық туберкулезге қарсы диспансерінің бас дәрігері қызметтерін абыройлы атқарды. 2015 жылдан бастап бүгінге дейін "Арал ауданаралық ауруханасы" ШЖҚ КМК-да төтенше жағдай және апаттар медицинасының маман дәрігері қызметін мінсіз атқарып келеді.
Ол аудан көлемінде туберкеулез дертінің азайып, негізгі індеттік көрсеткіштің төмендеуіне өзіндік үлесін қосты. Кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында травматология және туберкулез саласы бойынша әр жылдары Запорожье, Харьков, Курган және Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда қалаларында дәріс алып, білімін шыңдаған болатын. Сонымен қатар денсаулық сақтау қоғамының жоғарғы мектебінің екі дүркін сертификатын да иеленген тәжірибелі маман. Еңбек еткен жылдары А.Нұрхожаев білікті, ізденімпаз дәрігер, қабілетті ұйымдастырушы ретінде танылып, ел алғысына бөленген.
Абыройлы еңбегі үшін облыстық, аудандық денсаулық сақтау әкімшілігінің және кәсіподақ ұйымының, аудан әкімінің, "Нұр Отан" партиясының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына да ие болды. 2003-2007 жылдары аудандық мәслихаттың депутаты атанды. "Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі" белгісімен, "Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл" мерекелік және "Еңбек ардагері" медальдарымен марапатталған.
Бүгінде адал еңбегінің арқасында елдің алғысына бөленген абзал азамат берекелі де бақытты отбасының басшысы. А.Нұрхожаев өмірлік серігі, дәрігер Розамен бірге ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүю бақытына ие болып отыр. Балалары жоғары оқу орнын бітіріп, түрлі мамандық иесі атанған.
«Еңбексүйгіш елдің еңсесі биік» дейді халық даналығы. Кейіпкеріміз Асылхан Нұрхожаев адал еңбегімен мәртебесі өсті. Сырқат жанның дертіне дауа, еміне шипа таба білген жан бүкіл саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтап, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арнаған. Еңбекқор әрі ізденгіш, абырой-беделі артқан дәрігердің бақыты да, мұраты да осы болса керек. Мамандығын мақтаныш еткен жан үшін бұдан артық бақыт жоқ шығар, сірә!
Осылайша еліміздің дамуына өзіндік үлесін қосқан, "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан" азаматтардың қатарында аралдық дәрігер Асылхан Нұрхожаевтың мерейі үстем болды. Бұл осынау марапат төрінен көрінген дәрігердің денсаулық сақтау жүйесіне, жалпы медицина ісіне қосқан үлесіне берілген жоғары баға деп білдік.
К. МАХСҰТ
31 желтоқсан 2022 ж. 967 0