Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауыл мектебінің мақтанышы

Ауыл мектебінің мақтанышы

Ауыл мектебінің мақтанышына айналған №81 орта мектебінің педагог-психологы Әділбек Әуезханов "Қазақстан Республикасының құрметті азаматы" атанды.

Қарапайым ауыл мектебінің педагог-психологы Әділбек туралы өткен жылдарда да жазғанбыз. Өйткені өзінің ізденімпаздығы мен іскерлігі арқасында аудан, облыстың мектеп психологтарына өзінің оқ бойы озық екендігін көрсеткен мектеп психологы жайлы қалай мақтасақ та тұрарлық еді.
Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой: «Егер мұғалім іске және шәкіртке деген махаббатты бір-бірімен біріктіре білсе, ол кемеліне келген мұғалім» деген болатын. Сыр бойындағы Қызылжар елді мекенінде орналасқан №81 мектептің педагог-психологы Әуезханов Әділбек ұлы адам айтқандай, кемеліне келген мұғалім.
  Жүзінен иман нұры төгілген ұзын бойлы жігіт мектепте үнемі балалар арасынан көрінеді. Мектеп оқушылары арасында әр түрлі тренингтер ұйымдастырып, психологиялық сауалдар, психологиялық ойындар түрлерін жүргізсе, енді бірде мектеп қызметкерлері, ата-аналармен де бала тәрбиесі жөнінде әр түрлі шараларды өткізіп жүргенін көресің.
Бар өмірін мектеппен байланыстырған тынымсыз жас аудан көлеміндегі әріптестерінің алдыңғы шебінде екендігін өз ісімен дәлелдей білді. Соңғы үш жылдың өзінде Әділбек көптеген биік белесті бағындырды. Еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда екі апталық «Отбасы және тәрбие» институтында білімін шыңдап, республика көлеміндегі әріптестерімен тәжірибе алмасты. Осы курстың барысында оның «Отбасы –тәрбие бастауы» атты эссе жұмысы жоғары деңгейде бағаланып, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің Алғыс хатымен марапатталды. Курс соңынан еліміздің барлық өңірінен жиналған 500 психолог арасында үлкен сахна төрінен Қызылорда облысы атынан сөз сөйлеу мәртебесі Әділбекке бұйырды.
     Жастайынан әдебиетке жақын өскен оның сөз сөйлеу, поэзия оқу мәнерлері де өте ерекше.  Әріптестері таңғалатын тағы бір қасиеті – қандай да бір ұзақ-сонар баяндамаларды қағазға қарамай-ақ айта беретіндігі.
      Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің түлегі бүгінде мектептегі ұстаздар арасында өз орнын таба білген жан. Мектеп психологы таныс емес жандарға столға мелшиіп отыратын жеңіл мамандық көрінуі де мүмкін. Алайда біз Әділбектің әрбір ісінен бұл мамандықтың күрделілігі мен қиындығының мол екенін сеземіз.
Өзін сан қырынан көрсете білген ауыл мектебінің психологы өткен жылы республикалық «Даму» педагогикалық-психологиялық дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «XXI ғасырдың педагог-психологы» атты байқауда II дәрежелі дипломмен марапатталды. Аудандық, облыстық, республикалық «Жыл психологы» сайыстарының жеңімпазы. Республикалық «Шығармашылық психологы» сайысына қатысып, I орынды иеленіп, кеудесіне медаль да тағып қайтқан.
      Мектеп психологы Әділбек Әуезханов «болдым, толдым» деп ешқашан да жалқаулыққа салынған емес. Әріптестеріне осы тынымсыз ізденімпаздығы ұнайды. Республикамыздан шығатын «Қызықты психология» журналына  «Отбасы  – бақыт мекені», «Достық қымбат өмірде», «Бір күндік жарық» сынды ізденіске толы 30 шақты өзекті мақаласы жарық көрді. Сонымен бірге республикалық «Ұстаз еңбегі», «Мәңгілік елдің ұлы мұраты» атты ғылыми жинақ кітаптарына материалдары енген.
     "Ізденген жетер мұратқа" дегендей, Әділбектің мектеп мұғалімдері мен жасөспірімдерге арналған «Жасөспірімдердегі агрессия» атты авторлық бағдарлама кітабы көпшілік көңілінен шықты. Сөзімен де, ісімен де өз ісінің маманы атанған Әділбектің еңбегін сала басшылығы да дәріптеп келеді. Соның айғағындай, оның есімі Қазақстан Республикасы педагогтарының «Алтын есімдер» кітабына жазылды.
     Биылғы оқу жылында Әділбек «Үздік психолог – 2021» атты республикалық байқауға қатысып, I дәрежелі диплом және төсбелгімен марапатталды.
     Қарапайым ауыл мектебі мұғалімінің бұл жеңісі «ауыл мектептеріндегі білім сапасы төмен» деген қалалықтардың бос уәжіне нүкте қойғандай. Ауыл мектебін аспандатып жүрген Әділбек мұнымен әсте тынбақ емес. Соның куәсіндей, №81 мектептің педагог-психологы Әділбек  Әуезханов жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен "Қазақстан Республикасының құрметті азаматы" сайысына шақырылған. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай өткізілген эссе жұмысы жоғары деңгейде бағаланып, сайыс шарты бойынша өткізілген «Менің сүйікті мамандығым және инновациялық әдіс-тәсілдер жұмысы» атты презентациясы «үздік» деп танылып, I дәрежелі дипломмен марапатталды. Сайыс қорытындысында Әділбек Әуезхановқа "Қазақстан Республикасының құрметті азаматы" деген төсбелгі мен куәлік табыс етілді.
    Теледидардан Астанадағы Әділбекті асыға күткен ауылдастары бөріктерін аспанға атқандай болды. Қызылжар елді мекенінде ұзақ жыл бойы су тасушы машинаның жүргізушісі болған Әуезхан Есенбаев ағамыздың шаңырағында игі тілекпен келушілерге жайылған дастарқан бұл күні күн ұзаққа жиылмағандай. Өмір бойы қара жұмыстан көз ашпаған әке жүзі қуаныштан бал-бұл жанады. Қуанбағанда ше?! Әрбір әке баласының білім шыңына жеткенін қалайды.Олардың бар бақыты мен байлығы да осы балалары емес пе?!
    Қырықтан енді ғана, асқан қарапайым ауыл мектебінің психологы "Қазақстанның құрметті азаматы" атанды. Бұл атақ оған оңайлықпен келген жоқ. Бұған тек білімділер мен іскерлігі жоғары деңгейдегілер ғана маңдай терін төгіп, өз мамандығының жолында аянбай еңбек еткендер ғана жете алады.
    Ауыл мектебінің мақтанышына айналған Әділбекті әріптестері құшақ жая күтті. Астана әсерін ұжымдастарымен бөліскен Әділбек:
– Әр сайысқа барған сайын жұмыс істеуге деген қызығушылығым арта түседі. Астана тағы да биіктерге шақырғандай. Еткен еңбегің еленіп жатса, адамның бойында жаңа іске деген құлшынысың артады екен, – дейді.
    Осы сапарында "Қазақстан Республикасының құрметті азаматы" деген жинақ кітабына да еніпті. Бәрінен бұрын қазақтың тұңғыш ғарышкер ұшқышы, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіровпен бірге марапатталушылар жиналысында қатар отырғаны, тұлғалы азаматпен бірге суретке түсудің өзі ұстаз үшін үлкен мәртебе емес пе?! Алған марапатына Тоқтар Әубәкіровтің өзі игі тілегін білдіріпті. Онысы балалар үшін де үлкен тәрбие. Атақтылармен суретке түсу балғын жүректер үшін де арман.
– О-о, біздің ағай Тоқтар Әубәкіровпен бірге суретке түсіпті,  – дейді жүздеріне мақтаныш сезімдері ұялап. Ал Әділбек болса оларға Астананың әдемі ғимараттарын, сосын өркениет инновация-ғылыми зерттеу орталығының ұйымдастыруымен Тұңғыш Президент Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ұлттық музейін аралатқанын әдемілеп тұрып айтып берді.
    Біз №81 орта мектебінің педагог-психологы Әділбек Әуезхановқа осынау жетістіктерінің сыры неде екенін білмек оймен сауал тастағанымызда, қашанда биязы мінезінен танбайтын ол:
– Жалғыз шауып ешқашанда бәйге алмайсың. Сол себепті де мектебімізде үлкен шығармашылық орта қалыптасқан. Кейінгі келген жалынды жастарымыз, талай сайыстың биік белесінен көрініп жүрген үлкендеріміз бар.  Әсіресе қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ш.Нұрғожаев, орыс тілі пәнінің мұғалімі Б.Елюбаева, география пәнінің мұғалімі С.Ақбергенова секілді ағай,  апайларымыз барда жұмыс та белсенді. Менің шығармашылық биіктерден көрінуіме ұйымшыл ұжымның әсері бар, – дейді ризашылық сезіммен.
   Астана сапарынан оралған Әділбек Әуезханов жақында тағы бір қуанышты хабардың иесі болды. Оның есімі Қазақстан Білім саласының «Озаттар» энциклопедиясына еніпті.
    Дүйім жұртты аузына қаратып, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы атанған №81 орта мектебінің педагог-психологы, міне, осындай үнемі ізденіс үстіндегі жан. Бала жанының бағбаны атанған шығармашыл ұстазға біз де әлі талай биіктерге өрлей беруіне тілектестігімізді білдірдік.
Жақсыбай МУСАЕВ,
Қызылжар елді мекені
12 ақпан 2022 ж. 669 0