Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордалық құтқарушылар Орал қаласындағы саяжай тұрғындарын көшіріп жатыр

Қызылордалық құтқарушылар Орал қаласындағы саяжай тұрғындарын көшіріп жатыр

Батыс Қазақстанға Қызылорда облысынан көмекке келген құтқарушылар бірнеше күн бойы Орал қаласындағы саяжай аумақтарынан адамдарды эвакуациялап жатыр.

Қызылорда облыстық ТЖ департаменті төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Бейбітхан Спанов мәлім еткендей, қызылордалық құтқарушылар алдымен 31 наурыз күні Ақтөбе облысына барған еді.

Бейбітхан Оразайұлының сөзіне қарағанда, 35 қызметкер 3 техника, 10 су соратын мотопомпа, 2 моторлы қайығымен Әйтеке би ауданы Әйке елді мекенінде 7 сәуірге дейін тұрғындарды эвакуациялаумен қатар мониторинг жұмыстарын жүргізді.

«Орталық штабтың тапсырмасына сәйкес 7 сәуірде Қостанай қаласына келдік. Онда мотопомпалармен 31 мыңнан астам текше метр су сорылып, басқа да іс-шараларымызды аяқтағаннан кейін министрліктің тапсырмасымен 14 сәуірде Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласына ат басын тіредік. Күні бүгінге дейін 100-ге жуық адам эвакуацияланып, үй жануарлары қауіпсіз жерлерге шығарылды. Қазіргі таңда 68 қызметкер 6 техника, 20 мотопомпа, 6 қайықпен Жайық өзені жайылмаларында орналасқан 1, 2 және 3-саяжай алаптарында осындай жұмыстарды атқарып жатыр», - деді Kazinform тілшісіне Б. Спанов.

БҚО ТЖ департаменті осындай қысылтаяң кезде көмекке келіп, батысқазақстандық құтқарушылармен бірге тізе қосып, уақытпен санаспай, қызу жұмыстанып жатқан қызылордалық әріптестеріне алғысын айтты.

Қызылорда облыстық ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Айгүл Нұрманованың нақтылауынша, Орал қаласына барлығы екі топ барды. Б. Спанов — 2-топтың басшысы. Үшінші топ 6 техникамен бүгін кешке жетеді.

«Жалпы, Қызылорда облысы ТЖД қызметкерлері 26 наурыздан бері су басқан аумақтарда, Қостанай, Ақтөбеде еңбек етті. Қазіргі кезде қызметтерін Орал қаласында жалғастыруда», - деді А. Нұрманова.



Орал қаласы Зачаган кентіндегі Коминтерн ауылы Жайық өзенінің жағалауында орналасқаны белгілі.

Қаланың қауіпті тұстарының бірі саналатын Коминтернде бөгетті бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Қызылордалық құтқарушылар Оралда жан-тәнімен беріле жұмыстанып жатыр. Бізге жандары ашып, құтқаруда. Жігіттердің бәрі де қайырымды жандар екен. Шын жүректен ризашылығымды білдіремін», - деді Коминтерн ауылының тұрғыны Надежда Молоткова.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын су тасқынына байланысты БҚО-да апаттық-құтқару жұмыстарына 8 200-ден астам адам жұмылдырылғанын жазған едік.

Сондай-ақ Оралдың қауіпті тұстарында 27 шақырымға жуық бөгет биіктетіліп жатыр.

Батыс Қазақстанда тасқыннан жапа шеккен 863 отбасы әлеуметтік көмек алды.

Ақпарат көзі: kaz.inform.kz
Фото: kaz.inform.kz
19 сәуір 2024 ж. 227 0