Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ынтымақты елде күн шуақты болады

Ынтымақты елде күн шуақты болады

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясын өткізді. Онда Мемлекет басшысы су тасқынынан зардап шеккендерге жан-жақты қолдау көрсетілетінін және Президент ретінде алдында тұрған маңызды міндет екенін айтты.
«Халқымыз өте ауыр сынаққа тап болды. Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды.
Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді.
Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ.
Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды.
Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын», – деді Қ.Тоқаев.
Иә, бұл ризашылық тектен-тек айтылып жатқан жоқ. Еліміздің су басқан аумақтарында құзырлы органдар тәулік бойы міндеттерін орындап жатыр. Бір ғана мысал, Орал қаласынан келген шәкірттерге осындай қиын сәтте аралдықтар да барынша көмек көрсетілді. Аудандық білім бөлімінің басшылығының қолдауымен оқушылар Қамбаштағы сауықтыру орталығына орналастырылды. Оларға аудан мектептерінен арнайы дайын¬далған мұғалімдер сабақ беруде.
Қайырымдылықпен айналысу көпшіліктің қолынан келе бермейді. Бірақ "елдің баласы" атанып жүрген, жас та болса үлгілі істерімен, қайырымдылыққа құштарлығымен аудан арасында танымал ауданымыздан шыққан Берікбол Берікұлының атын ерекше атап өтуге болады. Оның әрдайым қиын сәтте аудан халқымен бірге жұмыс жасауы көпшіліктің көңіліне қуаныш ұялатты.
Ел ынтымағы мен бірлігінің маңызы арта түскенін байқауға болады. Біздің күшіміз – ынтымақта. Еліміздің әлеуметтік саясаты осы құндылыққа негізделген. Мемлекет те, қоғам да көмекке шын мұқтаж адамдарды қолдауға қашанда дайын. Біздің еріктілеріміздің ерен еңбегі – жанашыр болудың шынайы үлгісі. Олар кез келген сәтте өзгелерге риясыз көңілмен көмектесуге ұмтылады. Ынтымағымыз арта түскен сайын ауданымыздың да абыройы артып күніміз шуақты болады.
Елге жасалып жатқан қамқорлығымыз – тілеулес болудың айқын көрінісі. Халқымыздың қанына сіңген жанашырлық, қамқорлық, бауырмалдық сияқты асыл қасиеттер біздің ұлттық ерекшелігіміз болып қала береді.
С. ӨКСІКБАЕВА,
№262 мектеп-гимназиясының мұғалімі




25 сәуір 2024 ж. 293 0