Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жаңа өмір сыйлаған медбике

Жаңа өмір сыйлаған медбике

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздай қалса, ең алдымен медицина саласының мамандарының қызметіне жүгінеміз. Жаныңды қинаған дертіңді шипалы емімен жазып жіберетін ақ халатты жандардың қоғамда алатын орны бөлек. Абзал жандардың мерейін өсіре түскен күн - 12 мамыр – әлем бойынша медбикелер күні. Осы орайда біз аудандық перзентхананың акушері Лида Үмбетованы бүгінгі мақалаға арқау етпекпіз.

Ол 12 жылдан бері аталған мекемеде абыройлы қызмет етіп келеді. Негізі Лида Арал ауданы, Қамыстыбас ауылында 1989 жылы дүниеге келген. Әкесі Балпаш теміржолшы, ал анасы Орал қарапайым шаруа адамы болған. Лида отбасындағы бес перзенттің ең кішісі. Ол мектепті бітірген соң анасы Оралдың ақылымен акушерлік мамандықты меңгеруге бел байлайды. Осы мақсатпен Ақтөбе қаласындағы медициналық арнаулы білім ордасына оқуға түседі. Оқу бітіріп келген соң 2011 жылы Қамбаш ауылдық емханасына жұмысқа орналасады.
– Ауылда алғашқы еңбек жолымның баспалдағын бастап, бір жыл жұмыс істедім. 2012 жылдан бастап перзентхана бөліміне жұмысқа орналастым. Мұнда жаңа өмір есігі ашылып, аналар ұрпақ әкелу алдындағы қиындықтарды бастан кешіргенде көмек көрсетеміз. Жаңадан өмірге келген шақалақтың саулығы үшін бар күшіңді салу керек болған сәтте алғашқыда тосылып, қобалжығаным бар. Не дегенмен бір емес, екі адамның өмірі үшін жауапты екеніңді сезіну жауапкершілік жүгін арттыра түсетіндей. Уақыт өте келе басында үрке қарайтын жағдайлар менің жұмыс барысында ұдайы кездесіп тұратын өтпелі жағдаяттар ретінде санама сіңе бастады, – деп Лида өзінің алғашқы сезімдерін ортаға салды.
Ол күнделікті өмірге ұрпақ әкелу алдында толғақ бебеулеткен әйелдер мен жас босанған аналардың бастан кешетін түрлі қиын да қызықты оқиғасымен біте қайнасып еңбек етіп келеді. Және ол өзінен тәжірибелі ұжымдастарынан жақсы үлгі алып, 12 жылда өзі де шыңдалған маман болып шықты. Ұрпақ жалғастығын жасаушы аналардың денсаулығы үшін де алаңдайтынын білдірген Лида оларға баланы жоспарлы түрде өмірге әкелу керектігін кеңес етіп айтады.
– Ана мен бала өмірі – біздің еліміз үшін ең маңызды саналатын құндылықтардың бірі. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін ең алдымен ананың денсаулығы жақсы болуы керек. Әйел өз денсаулығын қалыпқа келтіріп алған соң ғана келесі жүктілікті жоспарлағаны дұрыс. Себебі 9 ай жүктілік кезінде олар бойындағы бар нәрін балаға береді. Ал ағза қайта қалыпқа келуі үшін кемінде екі жыл уақыт керек. Қазір әйелдердің екі жүктілік мерзімінің аралығы бір жылға да жетпей жатады. Бұл әйелді әлсіреуге алып келетінін жұмыс тәжірибемнен жақсы білемін. Соның салдарынан әйелдерде түсік, шала туу, жүктілік кезінде қан кету, баланың әлсіз немесе кемтар болып өмірге келуі сынды жағдайлар орын алып жатады. Біз әйелдерге медициналық көмек ғана емес, түрлі жағдайларға тап болған кезде психологиялық тұрғыдан да жәрдем береміз, - дейді Лида Балпашқызы.
«Дені сау анадан, дені сау бала өмірге келеді» деген сөзді қадап айтқан Лида өзі де жолдасы Алматпен өмірге 4 бала әкеліп, жарасымды шаңырақтың үлгісін көрсетіп отырған көпбалалы жас отбасы. Өзінің анасының жол сілтеуімен таңдаған мамандығынан абырой биігіне көтеріліп отырған кейіпкеріміз ана құрсағындағы сәбидің «шыр» етіп дүние есігін ашар сәтте әйелге қолдау көрсетуді шексіз бақытқа балайды. Ол өз мамандығын сүйеді және жоғары бағалайды.
Н.БАҚЫРАН
11 мамыр 2024 ж. 259 0