Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оба – ауруы туралы не білеміз?

Оба – ауруы туралы не білеміз?

Оба – адамзатқа ертеден белгілі ең қауіпті жұқпалы ауру. Тарихта обаның үш үлкен пандемиясы белгілі. Біріншісі Египетте басталған «Юстиниан обасы» Жерорта теңізінің барлық дерлік елдерін қамтып, шамамен 50 жылға созылды. Барлығы 100 миллионға жуық адам қайтыс болды. Екінші пандемия — «Қара өлім» Азияда басталып, 1346-1348 жылдары Еуропада өршіп, 25 миллион адам оның құрбаны болды.
Обаның үшінші пандемиясы 1855 жылы Қытайдың Юньнань провинциясында басталып, нәтижесінде қайтыс болғандардың жалпы саны 12 миллионнан асқан.
Оба – өте ауыр ағыммен, қызбамен, лимфа түйіндерінің, өкпенің және басқа да ішкі ағзалардың зақымдануымен өтетін аса қауіпті, табиғи-ошақты, инфекциялық ауру. Аурудың қоздырғыштары – оба микробы.
Қазіргі таңда әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің, індеттің алдын алуда жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесіне байланысты адамдар арасында оба ауруымен аурушаңдық сирек кездеседі. Қызылорда облысының аумағы, оның ішінде Арал ауданы «Орта Азиялық табиғи шөлді оба ошағы» деп аталатын обаның табиғи ошағында орналасқан. Сондықтан, жыл сайын көктем, күз айларында Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясы аталған аумақтарда эпизоотологиялық зерттеулер жүргізіп, эпидемиологиялық көрсеткіштерге сәйкес алдын-алу шараларын жүзеге асырады.
Обаның табиғи ошағы – шегінде сырттан әкелінбей, белгісіз ұзақ уақыт бойы ауру қоздырғышының айналымы жүзеге асырылып келе жатқан жер бетінің учаскесі.
Бұл жерлерде оба қоздырғышын негізгі сақтаушы, инфекцияның көзі – жабайы кеміргіштер (үлкен құмтышқандар, саршұнақ, суыр, сұртышқан). Обаның табиғи ошақтарында бұл індеттке басқа да жануарлар шалдығады, мысалы: түлкілер, қасқырлар, күзендер, борсықтар мен қояндар кездесуі мүмкін. Үй жануарларының ішінде түйелер жиі ауырады.
Ал негізгі тасымалдаушы – қансорғыш жәндіктер (бүргелер, кенелер). Ауру кеміргіштің қанын сорған бүргеге обаның микробы жұғады. Мұндай бүрге сау кеміргішті шаққан кезде оған оба ауруын жұқтырады. Осындай жолмен оба індеті бір кеміргіштен, екіншісіне беріледі де, оның табиғатта сақталуына және таралуына себеп болады.
Адам оба ауруын табиғатта оба қоздырғышымен залалданған бүрге, кене шаққанда немесе ауру аң мен түйені сойғанда жұқтыруы мүмкін. Әсіресе кәсіптік маңызы бар кеміргіштер мен жыртқыштарды аулағанда, ауру жабайы жануарлардың терісін сыпырғанда, ауру түйені сойғанда және бөлшектегенде қауіпті.
Оба эпизоотиясының өтуі кезеңінде әрбір түйе ветеринариялық бақылауға жатады. Бұл уақытта диагнозы анықталмаған ауру түйелерді союға тыйым салынады. Дені сау түйелерді сою түйелерді он күн бақылағаннан кейін ветеринариялық дәрігердің рұқсатымен жүргізіледі. Ветеринарлық қызметкердің қарауынсыз ауру түйені сою үлкен қауіп төндіреді. Егер түйе обамен ауырған болса, оны союға қатысқан және жұқтырған етті алғандардың бәрі ауруды жұқтыруы мүмкін.
Адамда оба ауруы кенеттен басталады, бас ауруы, қалтырау пайда болады, температура күрт көтеріледі. Көбінесе шапта немесе қолтықта ауырсыну пайда болады. Кейбір жағдайларда бұл кеудедегі ауырсынумен, қатты жөтелмен және қанды қақырықпен бірге жүреді. Науқастың жағдайы тез нашарлайды және уақтылы медициналық көмексіз, әдетте өліммен аяқталады. Науқас адам айналасындағы адамдарға оба жұқтыру көзіне айналады.
Адамдар арасында оба ауруының пайда болуы мен таралуының алдын алуда халықтың өзінің қоғамдық және жеке алдын алу шараларына саналы көзқарасы үлкен рөл атқарады. Сондықтан обаның табиғи ошағында тұратын халықтың ауруды жұқтырмас үшін төмендегідей сақтық шараларын білуі маңызды:
Бірінші кезекте обаға қарсы вакцинация жасаудың қажет екендігін түсіну. Жыл сайын оба бойынша эндемиялық аумақта орналасқан елді мекендерде тұратын халықты жоспарлы вакцинациялау жүргізіледі.
- оба ошақтарында кәсіптік маңызы бар кеміргіштерді – суырларды, сұртышқандарды аулауға болмайтындығын;
- кеміргіштердің індеріне жақын орналасуға болмайды, өйткені обамен ауыратын жануарлардың қанын сорған бүргелер мен кенелер арқылы жұқтыру қаупі бар;
- сырттай қарағанда ауру жануарға ұқсайтын, яғни жүрісі баяу, әлсіз және т.б. белгілері бар жануарларды аулауға, оларға жақындауға болмайды;
- далада, кеміргіштер мен бүргелер мекендейтін жерлерде жұмыс істеу қажет болған жағдайда киім мен уақытша тұрғын үйлерді репелленттермен және инсектицидтермен өңдеу қажеттігін;
- үйге иттер мен мысықтардың әртүрлі кеміргіштерді әкелмеуін қамтамасыз ету қажет;
- түйе ауруының алғашқы белгілерінде бұл туралы ветеринариялық қызметкерлерге хабарлау қажет;
- ветеринариялық қызметкерлердің қорытындысынсыз түйелерді союға болмайтындығын;
- үйіңіздің іші мен айналасында тазалықты сақтап, үйлерде бүргелер, кеміргіштер болған жағдайда оларды жою шараларын ұйымдастыру қажеттігін;
- жоғары температура кенеттен пайда болған кезде, мойын, қолтық, шап аймағында ауырсыну пайда болған кезде медицина қызметкерлеріне шұғыл хабарлау қажет. Бұл ретте айналадағы адамдармен байланысты барынша шектеу керек. Кез келген препараттармен өз бетінше емдеуге қатаң тыйым салынады. Бұл диагноз қоюда қиындықтар туғызады.
Обаға қарсы күрес станциялары, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының, медициналық мекемелердің және ветеринар мамандарының халық арасында обамен сырқаттанушылықтың алдын алуға бағытталған нұсқауларын міндетті түрде орындауды қамтамасыз ету.
Өзімізді және жақындарымызды қауіпті дерттен қорғауда сақтық шараларын ұмытпайық.
Е.С.Мұстафаев,
«Арал теңізі обаға қарсы күрес станциясы» РММ-нің басшысы
18 мамыр 2024 ж. 428 0