Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Туляремия қоздырғышынан сақтаныңыз

Туляремия қоздырғышынан сақтаныңыз

Туляремия  -  бактериалды, зоонозды, табиғи ошақты, қоздырғышы әр түрлі жолдармен берілетін, лимфа түйіндерінің, терінің, басқа ағзалардың зақымдануымен, ауыр интоксикациямен сипатталатын жұқпалы ауру. Аурудың қоздырғышы франсиселла бактериясы, қоршаған ортада ұзақ сақталады, суда 4 градуста 1 ай, 0 градуста астықта 6 ай, туляремиядан өлген жануардың терісінде 1 ай сақталады. Жоғары температура, қолданыстағы залаалсыздандыру ерітінділері, физикалық факторлар қоздырғышты тез жояды.             Инфекция көзі  жабайы кеміргіштер, қояндар, ондатралар, құстар, иттер. Иксод кенелері қоздырғышты өмір бойына тасымалдайды. Қоздырғыштың табиғаттағы негізгі резервуары  кеміргіштер болып табылады. Ауру адам айналасына қауіпсіз.
           Қоздырғыш жануарлар арасында да ауру жануарлардан адамға да әр түрлі механизмдермен, жолдармен беріледі. Жиі таралу жолы   кене немесе басқа қансорғыш жәндіктердің шағуы арқылы жұғады. Кеміргіштердің нәжісімен, зәрімен ластанған су, тағамдар арқылы ауру нәжіс-ауыз механизмі арқылы жұғуы мүмкін. Бағалы терісі бар кеміргіштердің терісін сылу барысында немесе қояндардың  етін тағамға қолдану үшін сою кезінде жанасу механизмі арқылы ауру жұғады. Кеміргіштер мал азығына дайындалған  жем-шөптерді жайлаған кезде сол шөптерді жинау, тазарту , тасымалдау барысында ауа-шаң жолымен ауру жұғуы мүмкін.
          Туляремия қоздырғышы адам ағзасына тері жамылғысы, асқазан-ішек , тыныс алу жүйелерінің кілегей қабаты арқылы енеді. Қоздырғыштың ену орнында дақ, күлбіреуік, бөртпе, жара түріндегі орын дамуы мүмкін. Аурудың жасырын өту мерзімі 1 тәуліктен 21 тәулікке дейін, орташа 3-7 күн.
Ауру дене қызуының 40 градуске дейін көтерілуімен, әлсіздікпен, қалтыраумен, бас ауруымен, жүрек айнуымен, құсумен жедел түрде басталады. Ауру аурухана жағдайында кешенді ем жасау арқылы емделеді.
           Аурудың  алдын алу шаралары ауру көзін жоюға, аурудың таралу механизмін үзуге бағытталған.
         Кеміргіштерді жою мақсатында дератизациялау жұмыстары жүргізіледі. Су көздері мен су қоймаларын, жем-шөп пен мал өнімдерін кеміргіштерден қорғау шаралары жасалады.
          Кене және басқа да қан сорғыш жәндіктерді жою үшін дезинсекциялау шараларын жүргізу, олардан қорғану үшін репеленттер қолдану, қорғаныс киімдерін кию қажет.
          Ашық , қадағалаусыз су көздеріне шомылуға тиым салу, ауыз суды тек қайнатып ішу, бағалы терісі бар аңдардың терісін алған соң қолды дезинфекциялау, сабынды сумен жуу - аурудың алдын алу жолдарының бірі.
           Туляремия ауруына қарсы вакцинациялау эпидемиологиялық көрсеткіштерге сәйкес қауіпті топтағы адамдарға егіледі, яғни туляремия ауруынан қолайсыз елді мекендердің тұрғындары, астық, жеміс-жидек қоймаларының жұмысшылары, бағалы терісі бар аңдарды өсіретін шаруашылықтардың жұмысшылары жоспарлы түрде егіледі. Егілгендерде 20-30 күннен кейін 5 жылға жететін белсенді иммуниттет қалыптасады.

Арал аудандық санитариялық-
эпидемиологиялық бақылау
басқармасының бөлім басшысы:                              О.Мошанов
            
 
07 қыркүйек 2022 ж. 490 0