Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мықты мемлекет тұғыры

Мықты мемлекет тұғыры

Кез келген ұлттың ең басты тұғыры, ең басты іргетасы – отбасы. «Отан отбасынан басталады» деген сөздің де төркіні осы. Ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұтастай алғанда ұлт болмысын сақтайтын ең басты «қойма», оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп, уақыт пен кеңістіктен аман сақтап, келешекке аманаттап тапсыратын әлеуметтік орта да –отбасы. Олай болса, отбасы – біздің бүгініміз бен болашағымыздың бүтіндігінің кепілі.
Қазақ отбасы құндылығына ертеден-ақ ерекше мән берген. «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі», «ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер», «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сияқты мақал-мәтелдер соның айғағы. Яғни ұлтты өзгеден ерекшелеп, оның болмысын сақтауында отбасы рөлі бірінші орында екенінің дәлелі. Біздің де бүгінгі тақырыбымызға арқау болатын аудандағы Аманөткел елдімекенінің мерейлі, жарасымды жанұясы Шымановтар отбасы болмақ.
Бүгінде Аманөткел ауылында мерейлі отбасы ретінде танылып, көпшіліктің көзайымына айналған отбасының ардақтысы Көбеген Шыманов ауылға белгілі ұста, суретші. Он қолынан өнер тамған іскер аға ауылдық мәдениет үйінде суретші, музыкалық мектепте қызметкер болып жұмыс істеді. Кейіннен ауыл ішінде жеке ұсталық кәсіп ашып, жақын ауыл-аймақ халқына да танылды. Бүгінде зейнет жасындағы Көбеген Шыманов 1981 жылы Мереке Шымановамен отау құрып, отбасылық өмірде 4 бала, 15 немере сүйіп отырған бақытты жан.
– Өзім 21 жасымда осындай үлкен, текті әулеттің келіні атандым. Өзім де осы ауылданмын. Жолдасым екеуміз бір-бірімізді жақсы танып өстік. Ол кезде марқұм ата-енем бар еді. Атам ауылға белгілі қазыналы қарт, ағаш ұстасы болса, енем алғаш рет «Батыр Ана» төсбелгісін алған алтын құрсақты ана болды. Жарым Көбеген 13 ағайынды. Мен алғаш босаға аттағанда үлкен қайынағам-абысындарым да бар, ең кіші қайынінім 1-сынып оқушысы болған. Бүгінде бәрі бір-бір отбасының отағасы. Өзім де 7 құрсақ көтеріп, 4 баланың анасымын. Олардан тараған немерелеріміздің қызығын көріп отырған жандармыз, – дейді Мереке Төлеуқызы.
Иә, жас та болса әулеттің қарашаңырағында қалып, ата-ененің тәлімін көрген Мереке апа бүгінде ардақты әже. Балалары мен немерелерінің жеткен жетістіктеріне бірге қуанып, қызықтаған олардың балалары да өмірден өз орнын тапқан азаматтар.
Балаларының үлкені Бақытбек Шыманов Аманөткел ауылындағы белгілі халық театрының суретшісі және жанынан құрылған «Алдаспан» әзіл-сықақ отауының белді актері. Бүгінде көптеген қалаларға барып, өз өнерлерін көрсетіп жүр. Одан кейінгі Нұрбек Шыманов та жоғарғы оқу орнын бітірген мұғалім. Ауылдағы №73 орта мектебінде көркем еңбек пәнінен сабақ береді. Үшінші баласы Бауыржан Шыманов ата кәсібін жалғастырған ұста. Бүгінде Ақтөбе облысында ұсталық цех ашып, бірнеше жанды жұмыспен қамтып отыр. Баланың кенжесі Нұрболат Шыманов информатика пәнінің мұғалімі. Қазіргі таңда Қызылорда қаласында абыройлы еңбек етуде. Немерелерінің үлкені Шынар-ай Шыманова да ата жолын қуып, суретшілік өнерімен Қызылорда облысында білім алуда.
Қазір ауылдағы сыйлы отбасының бірі болған Шымановтар әулеті өткен жылы «15 Мамыр – Отбасы күні» мерекесіне орай, ауылдық мәдениет үйі ұйымдастырған «Қазына» кездесу кешінің қонағы болып, өмірін өнермен ұштастырып, рухани-мәдени дәстүрді сақтаушы, кемел ұрпақтың тәрбиешісі болғаны үшін марапат төрінен көрінген еді.
Иә, отбасы – жеке құндылықтарды қалыптастырудың қайнар көзі, тәрбиенің бастауы. Әр үйде балалар санасына ұлттық құндылықтарға деген көзқарастарды, салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды, даналық сөздерді, тәрбиенің жоғарғы үлгілерін сіңіретін де отбасы. Осы негізде құндылықтар негіздерін ұмыт қалдырмай, жаңғыртып, рухани болмысымызды жоғалтпай жүрген мерейлі отбасылар көп болсын демекпіз.
Г.САҚТАПОВА
20 мамыр 2024 ж. 208 0