Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауданда балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысы

Ауданда балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысы

Жаз мезгілі, әсіресе, балалардың асыға күтетін мерейлі маусымы. Күнделікті сабақтар артта қалып, осы уақытты балғындар барынша қызықты әрі көңілді өткізуді армандайды. Жаз маусымы басталысымен оқушы қауымның арманына арқау Қамыстыбас елді мекенінде орналасқан Қамбаш олимпиадалық және қосымша білім беру орталығы» жұмысын биылғы жылдың 1 маусымынан бастау жоспарлануда. Аталған жазғы демалыс орнының жұмысы оқушылардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы ұйымдастыруға және денсаулықтарын нығайтуға бағытталған.
Биылғы жылдың жазғы сауықтыру маусымында 7 ауысымда «Қамбаш» олимпиадалық және қосымша білім беру орталығына Арал ауданынының балаларына жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен - 703 бала, кәсіподақ ұйымынан 100 бала сауықтырылып, демалдырылу жоспарлануда.
Қамбаш олимпиадалық және қосымша білім беру орталығы 120 балаға есептелінген. Орталық 6 блоктан тұрады. Жатын орны, асхана, әдістемелік сауықтыру-шынықтыру орталығы, бассейн, медициналық пункт, стоматологиялық кабинет, мәжіліс залы, интернет залы, тренажер залы, фитнес залы, жаттықтырушы бөлмесі, құрғақ бу камерасы, бильярд бөлмесі, кір жуу орындары , асхана қаралған. Жатын орындары ағаш керуеттерімен, төсектік әбзелдермен, еден төсеніштері, киім шкафтарымен, тумбочкалармен , желдету қондырғыларымен толық жабдықталған. Асханада желдету жүйесімен және қажетті технологиялық құрал-жабдықтармен, тез бұзылатын азық-түліктер сақтайтын тоңазытқыштармен, ыдыстар жуатын бөлмеде 3 ұяшықты ванналар салқын, ыстық сумен қамтамасыз етілген.
Маусымның әр күнінде мерекелік және балалар денсаулығын жақсарту бағытындағы іс-шаралар, спорттық жарыстар мен ойындар ұйымдастырылып, өткізіледі. Лагерьде балалар демалысының басы-қасында жүрген мұғалімдер, тәрбиешілер әр балаға ерекше ықылас бөліп, олардың сабақ барысында ашылмаған жаңа қырынан танылуына, мұғаліммен, оқушылармен достар боп сырласуына қажетті барлық жағдайлар жасалған. Мәселен, әр топта ойын-сауықпен қатар әр-түрлі спорттық ойындар, психологиялық тренингтер, дәрігер тарапынан медициналық таза ауада өткізілетін гимнастикалық жаттығулар, экскурсия мен серуендер жүргізіледі. Жаз бойына тұрақты түрде 10 үйірме жұмыс жасайды. Балалардың достық қарым-қатынасы, азаматтық сезімдерінің қалыптасуы үшін лагерьде жорықтар, көңілді кештер өткізу көзделген. Орталыққа келген оқушылардың денсаулығын орталық дәрігерлері күнделікті тексеріп, олармен сауықтыру іс-шараларын жүргізеді. Балалардың сапалы тамақтануы да назардан тыс қалмай, тағам мәзірі түрлендірілген, витаминделген, минералды кешенмен байытылған тағамдармен қамтылған. Тағам қауіпсіздігі әр ауысым сайын ҚРДСМ СЭБК «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының Арал аудандық бөлімшесінің зертханасымен тексеріліп тұрады. Дезинфекция, дезинсекция және дератизациялық іс-шаралары әр ауысым сайын «Ұлттық сараптама орталығы» Қызылорда облыстық филиалының Арал аудандық бөлімшесімен жүргізіледі. Маусым басталар алдында Қырым-Конго геморрагиялық қызбасының алдын алу мақсатында «Қамбаш» олимпиадалық және қосымша білім беру орталығын кенелерге қарсы 300 метр радиуста дезинсекция жұмыстары жүргізіледі. Орталықта жағажай көлеңкелері-5, демалыс беседкалары-5, велосипедтер-10, роликті-20 конькилері бар. Газондалған алаңдар, биіктікке секіру, бадминтон алаңдары, спорттық құрал-жабдықтар орнату, сахна, ангар, 8 күннен қорғайтын көлеңке жаппа, катер, интерактивті тақта-5 қаралған. Лагерь балалары Қамбаш көлінде шомылады. Сауықтыру шаралары күнмен, сумен, таза ауамен жүргізіледі. Көл жиегінде күннен қорғайтын 6 жиналмалы жаппалары, 2 биоәжетханасы бар. Жағажай жиегіне таза құм төгілген, жағалаудың жиегі мен суға түсетін бөліктерінің түбі үшкір, малта тастардан, шалаңнан, балдыр шөптерден тазартылған, жағалаудағы құмның беткі қабатына механикалық қопсыту жүргізілген. Балалар шомылатын уақытта суға кетпеу үшін қорғанатын құрылғылары өздерімен бірге апарылады.
Балалардың жүрегіне ізгілік пен қуаныш сыйлай ашылған жазғы Қамбаш олимпиадалық және қосымша білім беру орталығында демалушылар бос уақыттарын мағыналы өткізіп қана қоймай, белгілі бір бағытта білімдері мен қабілеттерін жетілдіріп қайтары сөзсіз.
Сонымен қатар аудан көлемінде орналасқан 44 мектеп жанынан ашылатын күндізгі лагерлерде жалпыға бірдей міндетті оқу қоры есебінен ата ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған , әлеуметтік көмек алатын отбасынан ІІ ауысымға 2477 бала ыстық тамақпен қамтылатын болса, ыстық тамақсыз үйірмелерге 5879 бала қамтылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар ыстық тамақсыз Арал аудандық оқушылар үйінің жанынан, Өнер мектебі жанынан , мектеп жанына шатырлы (этно) лагерлер ашылу жоспарланған. Мектептердің спорт залдары мен мектеп ауласындығы спорттық ойын алаңдарында балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына толықтай мүмкіндіктер жасалынып, арнайы жауапты мамандар бекітілген.
Балалардың жақсы көңіл-күймен, зор қызығушылықпен, ұйымдасқан түрде жазғы сауықтыру мауысымдарын жақсы аяқтауына тілектеспіз.
А.САТЕКЕЕВА,
басқарма басшысы


Сурет: www.forumdaily.com
22 мамыр 2024 ж. 273 0