Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мұғалім директор болғысы келмейді. Неге?

Мұғалім директор болғысы келмейді. Неге?

«Бұрындары бір жерде басшылық орын босай қалса, соны иемденіп қалуға тамыр-таныс жағалап, араға адам салып жүреді» дегенді жиі еститін едік. Қазіргі уақытта осы жағдай мүлдем өзгерген секілді. Бәлкім, жалақысы жартымсыздау болған соң ба екен, Ұлытау облысындағы білім саласына қатысты мекемелердің көпшілігіне басшы табу кәдімгідей қиын мәселеге айналып кетіпті.

Біздің бұған назар ауда­руы­мызға бір балабақшадағы орын алған, жалпақ жұртқа жария етпесе де болатындай жағдай себеп болды. Білім саласы басшыларының біріне хабарласып, «сол жағдайды балабақшаның ауласынан сыртқа шығармай-ақ қоюға болмады ма?» деп ой бөліскен едік. Сондағы естігеніміз: – Дұрыс айтасыз. Бәрі де меңгерушінің жоқтығынан. Басшы болса, керісіп қалған екіжақты тәртіпке шақырып, келістіріп те жіберген болар еді. Бұл балабақшада кейінгі екі жыл бойына меңгеруші жоқ. Уақытшаның аты – уақытша, ол өзі де беріле жұмыс істемейді, ұжымдағылар да оны тыңдай қоймайды, – деген жауап болды. Бұрын біле қоймайды екенбіз, облыстағы көптеген білім мекемелерінде шынымен де, басшы жоқ болып шықты.

– Бұл кейінгі кезде үлкен мәселе, шешуі қиын түйінге айналып кетті. Облыс бойынша 25 білім беру ұйы­мын­да басшының орны бос тұр. Айта­лық, облыстағы 9 балабақша­­ның, 9 мек­­тептің, 3 колледждің, 3 қосым­ша білім беру және 1 арнайы білім беру мекемесінің басшысы жоқ, – дейді Ұлытау облысы білім басқармасының басшысы С.Төлекова.

Басшылыққа бұрынғыдай жоға­ры­­­дан тікелей тағайындау деген жоқ, конкурс жарияланады, кім жеңіп шығады, сол тағайындалады. Қазіргі тәртіп осындай. Бұл жемқорлыққа жол бермеу, тамыр-таныстық арқылы қызмет иеленуді болдырмау мақсатымен енгізілген тәртіп екені түсінікті. Бірақ медальдің екінші жағы қандай? Облыстық білім басқармасының берген ақпаратына қарағанда Сәтбаев қаласындағы «Ертегі», «Қарлығаш», Жаңаарқа ауда­нындағы «Еркетай» бала­бақ­шаларының басшысы лауазымына 2022 жылдың қазан айынан бері
7 мәрте конкурс өткізілген екен. 7 мәрте! Бірақ бірде - бір рет үміткер болмаған. Жеті рет ешкім тілек білдірмегенде, алдағы уақытта да ешкім жұлқынып шыға қоймас? Бұлай ойлауымызға не себеп? Өйткені қазіргі уақытта білім саласы мекемесіне басшы болу соншалықты тиімді емес секілді. Басшы болған соң оған бар жауапкершілік жүктеледі. Оның негізгі жұмысы оқу-тәрбие үдерісіне араласудан гөрі шаруашылық, қаржы мәселесін шешуге кетеді. Сосын ол көбіне-көп сырт көздердің бақылауында жүреді. Ұжымдағы әріптестерінен бастап ата-аналар да, таусылып бітпейтін комиссиялар да басшының жүйкесін жұқартып жібереді. Сондағы алатын жалақысы егер біліктілік санаты болмаса, бар-жоғы 190-220 мың теңгенің о жақ, бұ жағында көрінеді. Әрине, осыдан кейін басшы болуға ұмтыла қою да қиын-ау...

Сафура Сейдуәліқызы бізге ауылдық жердегі бір педагогтің өзіне жолдаған хатын көрсетті. Ол жа­зуына қарағанда, мектептегі түйін­ді мәселелермен жете таныс кісіге ұқсайды. «Маған мектеп дирек­то­рының орнына жарияланған кон­курсқа түс деп жатыр. Конкурстан жеңіп шыға қойсам, алдағы оқу жылына дейінгі үш айдың ішінде мектепті қалай жөндеймін, жоқ мамандарды қайдан табамын, мектепте бала саны жылдан-жылға азайып барады, олардың орнын қайдан, қалай толтырамын? Жоқ баланы қайдан іздеймін? Мұның сыртында тексерулерге қалай төтеп беремін? Осыларды ойлағанда, қалай тәуекелге бара аламын? Бір жағы еңбек етіп жүрген мектебімнің басшысыз қалғаны жаныма батады, екінші жағынан, басшы болып тағайындалған соң, барлық мәселемен жалғыз өзім бетпе-бет қалып қоямын ғой», деген қорқынышын да жасырмапты. Негізі басшы болғысы келгенмен, кімді болса да осындай ойлар мазалайтын тәрізді. Бұл хаттың, әрине, өзіне жүктелетін жауап­кершілікті терең түсінгендіктен жазылғаны да байқалады.

– Ауылдағы мектептерге басшы табу тіпті күрделеніп барады. Әлгі хатта жазылғандай, ауылдан көшу жалғасып жатса да, ауылға көшу үрдісі байқалмайды. Сондықтан мектепке оқытатын бала табудың өзі – зор мәселе. Педагогтердің де отбасы, тұрмыс жағдайы бар. Олар бір мезгіл сабағын беріп, қалған уақытта ауласындағы бақшалығын, қорасындағы малының жай-күйін қарағанды жөн санайды. Директор болса күн ұзақ мектепте жүруге міндетті ғой. Жалақысы жөнінде әлгінде айттым. Басқа да мәселелер бар. Сондықтан ауыл мектептеріне педагогтер директор болуға келісім бергісі келмейді, – деп түсіндіреді мәселенің мәнін облыстық білім басқармасының басшысы.

Мектеп директорына қо­йы­латын біліктілік талапта­рын өзгерту қажеттігі де бай­қа­лады. Мысалы, лицей, гимназия, орта мектептің бір-бірінен айырмасы бар емес пе? Ендеше, неге олардың директоры болу үшін бірыңғай талап қойылуға тиіс? Сол сияқты ауыл мен қаладағы дирек­торларға да талап бірдей қойы­лады. Бұл өз кезегінде сол лауазымға де­ген ұмтылушылардың талабын тұ­сап, қадамын шектеп тастауы мүмкін.

Реформа керек. Жем­қор­лықпен күрес те қажет. Тамыр-та­ныстық арқы­лы қызмет үлестіру де­генге мүлде жол беруге болмайды. Бірақ бәрін «конкурс арқылы шешеміз» дегеннің де теріс жағы бар екені су бетіне қалқып шыққаннан кейін соны түзейтін жолдарын қарастыру керек. Бұл ретте көп нәрсе тиісті министрлікке байланысты екені айтпаса да түсінікті. Кейбір мекемелерде екі жылға тақау уақыттан бері басшы болмаса, мұндағы оқу-тәрбие жұмысы туралы жоғары леппен сөз қозғауға бола қоймайтын шығар? Жеті рет өткізілген конкурста анықталмаған басшы қашан, қалай тағайындалуы мүмкін? Осындай сұрақ көп. Ал ми­нистр­­лік неге самарқау? Бәлкім, үш мәрте конкурс өткізілген соң үміткер шықпаса, тікелей тағайындауға көшу керек пе екен? Әйтеуір, бір нәрсе анық, жас ұрпақтың оқу-тәрбиесімен айналысатын мекемелерін ұзақ уақыт бойы басшысыз қалдыратын тәртіп өзгеруге тиіс.

Ақпарат көзі: egemen.kz


Фото: ашық дереккөзден 

23 мамыр 2024 ж. 199 0