Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім саласына баянды бағдар

Білім саласына баянды бағдар

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде елдегі әр сала бойынша тың бастамалар ұсынды. Соның ішінде білім саласына ерекше назар аударып, оны дамытудың, сапалы білімді қолжетімді етудің жолдарына тоқталды.
Президент: "Сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету маңызды екені сөзсіз. Бұл – бүкіл қоғам дамуының ең маңызды факторы. Мектептерді материалдық ресурстармен қалай қамтамасыз етсек те, жақсы мұғалімдерсіз білім сапасын арттыру мүмкін емес. Ұлы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, мұғалім – мектептің жүрегі, – деген болатын.  Сонымен бірге алдағы кезеңде білім саласына тың өзгерістер енгізу арқылы жаңғырту мәселесін көтеріп, білім грантын екі есеге арттыру, мұғалім кадрларын әзірлеу бағытында арнайы бағдарлама дайындау керектігін баса айтты. Әр елдің әлеуметтік- экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші – білімді де білікті маман даярлауда. Осы орайда Қ.Тоқаевтың шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының, соның ішінде Қазақстанға аса қажетті тех­ни­калық бағыттағы оқу орын­дарының филиалдарын ашу туралы айтқаны – жастардың шетел аспай-ақ, өз елімізде сапалы білім алуы­на  мүмкіндік беретін жағымды жаңалық.
Расында, мұғалімнің қажымай-талмай  еңбек етіп, оқушыларға сапалы білім беруіне әлеуметтік жағдай деңгейі де себеп болады. Сол үшін заманауи білім алған жас маманның ауылға барып еңбек етуге қызығушылығын арттыру үшін қабылданатын бағдарламада мұғалім мәртебесі мен мүддесін қорғайтын өзекті мәселелер қамтылса, нұр үстіне нұр болар еді.
Қазіргі заман – білімділердің заманы. Ахмет Байтұрсынов: «Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақ», – деп, сапалы білім берудің түп негізі ұстаздың білімділігіне байланысты екенін айтқан болатын. Еліміздің болашағы жас ұрпақтың қолында десек, шәкірттерге жан-жақты әрі сапалы білім берудің бірден-бір жолы оқытудың жаңаша әдістерін іздестіру ұстаз шеберлігіне байланысты екендігі сөзсіз. Ғұлама ғалым Әл-Фараби: “Жас жеткіншектеріңізді көрсетіңіз, мен сіздердің болашақтарыңызды айтып берейін” деп қалай тауып айтқан.  
 Болашаққа үлкен үмітпен, жарқын сеніммен қараған Президенттің барлық салаға, соның ішінде білім саласына байланысты ұтымды шешімі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруде, тәуелсіздігіміз бен бірлігімізді нығайтуда нақты қадамдарды айқын саралап, дара жол көрсетіп берді деп ойлаймын.

С. МАХСҰТҚЫЗЫ,
№283 орта мектеп мұғалімі
25 қаңтар 2022 ж. 287 0