Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Айқын бағыт алысқа апарады

Айқын бағыт алысқа апарады

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты – «Іскер азамат – ел тірегі» деп аталады. Сол себепті қазіргі таңда түлектерге кәсіби бағдар ұсынып, кеңес айту үлкен маңызға ие. Кәсіби бағдар беру – шешімі табылуға тиісті өте күрделі кешенді мәселе. Әрбір мектеп түлегі алдында болашақ мамандықты таңдау міндеті тұр. Әлем нарығы көптеген мүмкіндік ұсынып отыр. Осы ретте арнайы дайындықсыз таңдау жасау қиын. Кәсіби бағдар берудің негізгі мақсаты жас ұрпақты саналы түрде мамандық таңдауға дайындау, үйрету екендігі белгілі. Кәсіптік бағыт беруде оқушылардың кәсіптік қызығушылығы мен жоспарын қалыптастыру ең бірінші міндет болып саналады. Сондықтан біз үшін балалардың дұрыс бағытта таңдау жасап, мамандық таңдауы маңызды.
Ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауында білім саласын дамытуға ерекше басымдық берілгенін, оның ішінде мұғалім мәртебесін арттыру мәселесі кеңінен талқыланып, қолға алынған бастамалар қоғам тарапынан қолдау тауып келеді. Соған байланысты  үстіміздегі жылғы наурызда облыстық білім басқармасының басшысы  Ақзира Қасымова бүгінгі нарық талабы техникалық және кәсіптік білімі бар кадрлар даярлау мәселесіне деген көзқарасты түбегейлі өзгерткенін атап өтіп, бұл бағытта бірқатар жобалардың тиімділігіне қарай жұмыс қажеттігін алға тартқан болатын. Соған сәйкес колледжде «Кәсіптік білім беру жүйесін дамыту үшін білім берудің мазмұнын жаңғырту, құрылымын өзгерту және оқу орындарының материалдық-техникалық базаларын жабдықтау қолға алынды.
Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыру, студент жастарды жатақханамен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырған болатын. Соған байланысты елімізде жатақхана тапшылығын шешу мақсатында жан-жақты жұмыстар қолға алынды. Айтар болсақ, мекеме осы мақсатта колледждің әлеуметтік серіктесі «Арал құрылысы» ЖШС-ның басшысы М.Құлмырзаевпен келісімге отырып, колледж беткейіне жақын орналасқан ғимараты жөндеуден өткізілді. Қазіргі уақытта 75 орындық жатақхана алдағы оқу жылына студенттер игілігіне пайдалануға берілуге әзір тұр.
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес «Жас маман» жобасы аясында қолға алынған «Жас маман» бағдарламасы бойынша еліміздегі колледждердің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Бұл заманға сай білікті маман әзірлеу мақсатында қолға алынған үлкен іс болды. Ондағы негізгі мақсат – еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлау, орта білім алған мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру. Оның ішінде материалдық-техникалық базасын жаңғырту және оны жетілдіру, кадр даярлаудағы халықаралық стандарттарды енгізу жұмыстары бар. Соған орай биыл Арал көпсалалы колледжі «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету және жөндеу» және «Ауыл шаруашылығы техникаларына техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандықтары бойынша «Жас маман» жобасына қатысып, бірінші орынға ие болды.
 Алдағы уақытта оқушылардың білім алуына ықпал жасауда мекемеге құрал-жабдықтарды алынып, маман даярлауда көптеген жұмыстар атқарылуда. Үкімет тапсырмасы бойынша биылғы жылы колледжге оқуға қабылдау 25 маусымнан бастау алып, талапкерлердің өз құжаттарын «Электронды үкімет» веб-порталы немесе колледжге келіп тікелей тапсыра алатын жағдайлар жасалмақ. Мектеп бітіретін 9-11 сынып оқушыларын «қандай мамандықты таңдаймын» немесе «таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін» деген ойлар мазалайтыны анық. Бұл әрине үлкен өмірге қадам басардағы ең жауапты сәттердің бірі. Себебі осы бағыт бағдар адам ғұмырының алдағы болашағына өз әсерін тигізеді. Соған сәйкес биыл талапкерлерге өз қалауымен түрлі мамандықты таңдауға мүмкіндіктері бар.
Мұхан ЕЛЕНОВ,
Арал көпсалалы колледжінің өндірістік оқыту шебері
22 маусым 2021 ж. 489 0